Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Қазақтың бір Атымтай жомарты - АРҚА АЖАРЫ

Қазақтың бір Атымтай жомарты

Кір жуып, кіндік кескен топырағының жайын ойлап, жанашыр болып жүретін азаматтардың оң ісі жалпақ жұртқа өнеге.

Сонау екі мыңыншы жылдың көктемі еді. Кешкілік телеарнадан ауыл жайлы хабар көріп отырған. Берекесі қашқан жер екен.Төрт құбыласы тегіс қаусап жатыр. Бір кезде ауыл іргесіндегі зиратты көрсеткен. Атжалман қаптап кетіпті. Иманы қасым болды. Жалма-жан сөндіре салған.

Іле қалың ой қаумалады. Өз ауылының жай-күйі қалай екен? Облыс орталығының іргесінде болғандықтан ба, әлде пешенесіне біткен перзенттік махаббаты ма, қолы қалт еткенде жиі барып тұратын. Қат-қабат тіршіліктің ақбас толқындары әлдеқайда ала қашып, асығыс барып, асығыс қайтады. Осы жолы қайран да қайран ауыл жайы көкірегін тұз құйғандай ашытып, мұң торламасы бар ма? Жаңа көрген, ет жүрегін елжіреткен ауыл бейнесі бір ауылдың ғана емес, бар өңірдің өңі тәрізді болып кілкілдеп көз алдында тұрып алды.

Таң ата атқа қонған. Кешегі көрініс, телеарнадан берілген бейопа тіршілік мұнда да сайрап жатыр. Қыстан шыққан ауыл қотаны адам көргісіз. Қораның іргесіне, шарбақтың жанына төге салған малдың қиы, есік көзіндегі күл, сабанның қалдығы, шөптің қырқындысы. Аяқ басып болмайды. Жан адаммен тілдескен жоқ. Ешкімге ақыл айтпады да. Алғашқы бетте ет жақын ағайын-туысын, өкшесін басып келе жатқан інілерін жинап алып, жөн сілтемек болған. Бірақ, сүйектен өтер сөз айтқанымен, санаға жете қоюы неғайбыл. Ат басын қайтадан қалаға бұрған. Қыруар техника жалдады. Артатынын да, таситынан да.

Сол күні жүзден астам отбасы тұратын Қызылтаң ауылында қыруар жұмыс атқарылды. Әлденеше жыл бойы тау-тау болып жиналып қалған қоқыс таусылар емес. Бірақ, қуатты техника мен қажырлы еңбек қандай қиындықты болсын жапырып жібереді емес пе? Оның үстіне әлгі шалт қимылға елім деген ет жүректің лүпілі қосылса, алапат күшке айналары бар. Міне, содан бері облыс орталығында тұратын, жалпақ жұртқа жомарттығымен белгілі тіс дәрігері, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау саласының үздігі Сағындық Кенжетаев осы шаруаны бұлжымас дәстүрге айналдырған. Биыл да көгілдір Көкшенің дидарына көгілжім бояу жағып, көктем келгелі ауыл тазалауға апаратын қажетті техникамен келісуде. Жалғыз өз ауылы ғана емес, қатарлас қонған Ортақ, Трофимовка  тәрізді елді мекендерді де жиырма үш жыл бойы тазалайды.

Сағындық Кенжетайұлының осы бір азаматтық шаруасын көптен естіп жүретін едік. Бірақ, өзі мен солай жасап жатырмын деп тіс жарып айта бермейді. Бүгінгі мақаланы жазбақ ниет танытқанымызда да, ат-тонын ала қашты.

–Мақтанудың еш реті жоқ, –  дейді кейіпкеріміз, – қол ұшын берсем, өз ауылым, ата-бабамның мекені.

–Өнегелі істі айтсақ, сізге қажеті болмас, өзгелер үшін әдемі мысал ғой, – дейміз біз, –Алаштың қолынан іс келетін әр азаматы өз ауылын абаттандырып жатса, бар еліміздің бейнесі жақсарып кетпес пе еді?!.

Біздің уәжге тоқтағандай. Сәлден соң икемге келді. Таратып айта бастады. Облыс орталығының іргесіндегі Уәлиханның мазарын көтеруге себепші болғандардың бірі. Негізгі еңбек әрине, төре тұқымы, ел ағасы, марқұм Сансызбай Мұқитановтікі. Ал, Сағындық Кенжетайұлы ағаның ниетін қолдағандардың бірі.

Әнебір жылдары Көкшетау қаласының тап іргесіндегі Қазақстан ауылында ұлт жанашыры, белгілі геолог, ғалым, марқұм Айтқажы Қазбеков ағамыз бен ол кісінің жұбайы Шәми апамыз Ұлы Отан соғысынан оралмаған майдангерлердің аруағына бағыштап ас береді. Ауыл қотанында қан майданда опат болған ел азаматтарының есімдері жазылған обелиск орнатылады. Боздақтарға арналып құран оқылған соң тіршіліктің ұзын-сонар әңгімесі басталмай ма? Сол әңгіменің бірінде ауыл ақсақалы Есләм Иманқұлов Ивановка селосының маңындағы «Хан сүйегі» деп аталатын төбедегі Уәли ханның мүрдесі жатыр деген деректі айтады. Ақсақалдың айтуына қарағанда төре тұқымы жерленген бұл зиратта отыздан астам адам мәңгілік дамыл тапқанға ұқсайды. Есләм ақсақал айтқан екен:

–Бала кезімізде ауыл ақсақалдары бұл төбенің басында төрелер жерленген деп айтатын. Кейін ойнап жүргенімізде төбенің етегінен адамның жілігін тауып алғанымыз да бар. Елдің үлкендері құран оқып, кешірім сұрап, қайта көмген еді. Сол уақытта жұрт бұл жерді хан зираты деп атайтын. Ал, сүйектің сыртқа шығу себебі, адамдардың ашкөздігінен болуы мүмкін. Хан тұқымы өмірден озған мәйіттерді жерлегенде өздерімен бірге тұтынған бұйымдарын, асыл заттарын бірге көмеді деген аңыз желдей қаулап тұратын. Оңай олжа іздеген келімсектер көне қорымды ақтарып, осындай заттар іздесе керек. Әйтпесе, аруақ құдайға шет болатын мұсылман жоқ қой.

Қаншама уақыт жатқаннан кейін тастың бетін мүк пен қына басыпты. Кейін ол тас Көкшетау қаласына жеткізілді. Тастағы жазуды қазақтың үлкен оқымыстыларының бірі Сейтен Сауытбеков оқып, анықтаған. Онда былай деп жазылыпты: «Алладан басқа құдай жоқ, Мұхаммед оның елшісі, әрбір жан өлім дәмін татады. Құпия Ұлы да Ұлағатты Алладан, сыпайылық та Алла Тағаладан. Қазақшасы: 1782 жылы өз ықтиярымен, ел-жұртымен, Русия мемлекеті патшасының қарары /мен/ Орта жүздің ханы  /сайланған/ Уәли хан Абылай хан ұлы 1738 жылы туып, 1820 жылы фәниден бақиға көшті. 86 жасында. Жазу қырғыз-қазақ сұлтаны Сұлтан-Ғазы Уәли хан /ұрпағы/ /бұйрығымен/ жазылды».

Сансызбай аға қанша ықыласты болса да, жалғыз өзіне қиын. Арада біраз уақыт өткен, бірде Сағындық Кенжетайұлы ағасына қалжыңдап:

–Аға, арғы атаң Абылай көрген түс шындық екен ғой?! – дейді.

Сансызбай аға інісінің сөз астарын  түсінген.  Сөйтіп, әлгі сөз түрткі болып Көкшетаудың бас көтерер бір топ азаматтары күмбезін күн сүйген айшықты мазар тұрғызды. Аруақ разы болуы үшін. Кейінгіге белгі. Ұрпаққа аманат. Қалай болған күнде де қасиетті хан аруағы есімін қастерлейтін қалың қазағына разы!

–Қиын кез еді ғой. Құрылыс материалдары қасқалдақтың қанындай қат, табылғанның өзінде қымбат, – дейді Сағындық Кенжетайұлы, – біреу қой, біреу тай берді. Сол дүниенің басын құрап, өзім  де қаражат қосып, елдің басын біріктірдік. Сансызбай  сұлтанның арманы орындалды. Ағамыз осы шаруаның басы-қасында жүрді. Негізгі еңбек сол кісінікі.

Әйгілі Тоқтамыс ханның ұрпақтары Қызылтаң ауылында тұрады екен. Атымтай жомарт атанған Сағындық ағамыз ескерткіш орнатуға мұрындық болыпты. Ұлы Отан соғысы кезінде шоқ жұлдыздай шағын ауылдан майдан даласына аттанған есіл ерлердің аруағын құрметтеп, өз қаражатына ескерткіш тұрғызған. Майданда опат болғандармен бірге қан-қасаптан аман келіп, туған жерден топырақ бұйырған ағалардың аты да ескерткіштің екінші бетінде таңбаланған. Сол ескерткіш орнатылған 2005 жылы ауылдағы бес Ұлы Отан соғысының ардагеріне қомақты қаржы беріп, сый-сияпат жасаған. Облыс орталығындағы Науан хазірет мешітіне жиһаз сатып әперген. Көкшетаудың төңірегіндегі бірнеше ауылдың мешітіне қамқорлық қолын созған.

Рухани әлемді нұрландыруға да хал-қадірінше көмектесуде. Қазақтың белгілі жазушысы, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Сәкен сері Жүнісовке бес жігіт бірігіп, автокөлік мінгізген. Дәл осындай сый-сияпатты белгілі онколог дәрігер Өмірбек Бәйкеновке де жасаған. Белгілі ақын, жазушы Төлеген Қажыбаевтың шығармашылығына шынайы қамқорлық жасап, қолдау көрсеткен. Кейінгі жастар да дәл осындай мейірім шуағына бөленіп жүр. Ел жайы есінен шықпайтын Сағындық Кенжетайұлының қайырымдылығы бұл ғана емес.

Бірде Зеренді ауданында тұратын жас жігіт Түркияға білім сапарына бармақшы болып қаражаттан қысылғанда қалтасынан суырып алып бере салыпты. Көкшетаулық жастардың бірінің бар шығынын көтеріп Мәскеудегі оқуына жөнелткен. Мұндай шаруа аз емес. Екшеп айтсақ, мәндісі де көп. Былтыр көкшетаулық қауым бірлігін көрсетіп бәтуалы іс істеді. Ел ардағы Еркін Әуелбековке Көкшетау қаласының орталығында еңселі ескерткіш орнатылды. Кәтепті қара нарға жүк болар осы шаруаның бел ортасында Сағындық Кенжетаев та жүрді. Ескерткіш жайы талқыға түскен жиында бір миллион теңгесін қосты.

Бар шаруаны жіпке тізгендей етіп айтып шығудың өзі бір жыр. Біз есінде қалғанын ғана екшедік. Кейінгі елім деген жастарға өнеге болуы үшін.

Байқал БАЙӘДІЛОВ.

Көкшетау қаласы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар