Бір тал кессең, он тал ек. Бұл – Наурыздың қағидасы!

 Наурыз – жыл басы, Ұлыстың ұлы күні. Күн мен түннің теңелетін, жер арқасы кеңіп, тіршілік әлемі қайта түлейтін табиғат мерекесі. Ағаш отырғызу әрқашан жаңа бастауды білдіреді және бұл мәні ерекше. Себебі, жас көшет – бұл жаңа өмір!

Ағаш отырғызу да бір ілім. «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген қағидағаларға сүйенген ата-бабаларымыздың Наурыз мейрамын, ең алдымен ағаш отырғызудан бастағаны осыдан-ақ көрінеді. Ырымдап, жеті тал егеді. «Ғұрпың-ғұмырың» дейді ғой дана қазақ. Бұл – Наурызда жасалатын ғұрып.

«Бір тал кессең, он тал ек» қағидасын мықтап ұстанған халқымыз үшін тал егу – маңызды істердің бірі. Қазақ әуел бастан Наурыз мере­кесіне ерекше даярланған. Көктем келіп, күн қыза бастағаннан-ақ ауланы, тоғайлар маңын тазалап, ағаштардың түбін әктеп, күтім жасаған. Наурыз – мезгілдің, жылдың жаңа­ра­ты­н уақыты ғана емес, адамның да жандү­ние­сін тазартатын, не тындырдым деп өткен жылға қайырыла қарайтын тұс. Барша жұртты жұ­мылдыратын тал егу жұмысы арқылы балалардың табиғат-анаға, барша жаратылысқа деген ықыласын оятып, адам бала­сының табиғатпен үйлесімді түрде дамиты­нын ұғындыру парыз.

Ағаш отырғызуды арнайы мерекеге айналдыру әлемнің көптеген елдерінде кездесетін үрдіс. Мәселен, Италияда 1923 жылдан бастап 21 наурызда жаңару және табиғат мерекесі өтеді. Қытайда 1981 жылдың 12 наурызынан бастап 11 жастан 60 жас аралықтағы азаматтар 3-5 түп ағаш егуге міндетті. Америка Құрама Штаттарындағы барлық өңірлерінде 1872 жылдан бері ағаш егу дәстүрлі мерекеге айналған. Тайваньда 1927 жылдан бастап ағаш егуді ата-салт санайды. Вьетнамда 50 жыл қатарынан бұқаралық ақпарат құралдары халықты жыл сайын ағаш егуге шақырады. Оңтүстік Корея мемлекетінде сәуір айының 5-і өкімет тарапынан заңдастырылған дәстүрлі түрде ағаш егу мерекесі болып бекітілген. Ал, бізге жаңадан мереке ойлап табудың қажеті жоқ. Тарихы сонау мыңжылдықтардың қойнауынан бастау алатын Наурыздағы игі дәстүрімізді сақтап, соны әрі қарай жалғастыра білсек болғаны.

Жер тоңы жібіп, алғашқы көк дүркіреп шыға бастаған кезде шыбық қадап, тал отырғызу – міндетті қызмет әрі сауапты іс. Өйткені, жерге шаншылған әрбір тал күтімі жақсы болса, күні ертең жапырағы дараққа айналып, жазда сая, қыста қамсау болады. Әрі экологиялық ахуалды жақсартып, қоңыржай климат қалыптастыруға әсерін тигізеді. Жалпы, егілген ағаштың, өскен өсімдіктің әуе алабына тигізер пайдасы зор. Жасыл желектің әсерінен ауа тазарып, қолайлы микроклимат қалыптасады және шу деңгейі төмендейді.

Жыл сайын бұл бағытта алға қойылған жоспарға сәйкес жүйелі жұмыс атқарылып жатыр.Туған қаламыздың таза, жасыл болуы үшін, біздің міндетіміз жасыл қорды үнемі толықтыра отырып, бар ағаштарымызды сақтап қалу, сондықтан, ағаш отырғызу мәселесіне бар байыптылықпен қарау маңызды. Әсіресе, Көкшетау сияқты көк желегі жайнағанкөрікті, күн санап өсіп келе жатқан, индустриалды дамуға бет алған қалада экологиялық ахуал қашан да өзекті.
Бұл бағытта «Бұқпа» орман шаруашылығы мекемесі ұзақ жылдан бері ағаш отырғызу, күтіп-баптау жұмысымен тұрақты түрде айналысып келеді. Оған қоса, жаңа аудандастырылған сорттарға айрықша назар аударуда.

2022 жылы көктемде 1 миллион 664 мың дана көшет орман екпелерi 286,0 гектар көлемiнде отырғызылды.

1752 килограмм тұқым жиналды. Оның iшiнде қарағайдың 174, қайыңның 281, жиденің 997, үйеңкiнің 275 және шегipшiннің 25 килограмм тұқымы бар.

Олар күзде орман питомнигiне себiледi. Орман питомнигiнде 2022 жылы 1411,0 мың дана көшет өcipiлдi. Оны өздерінің орман екпелеріне пайдаланды.

Көктем шығысымен аумақты көкжелекке айналдыруға көңіл бөліп, мекемелерге, мектептерге, аумақтарға жас көшеттер таратылады. Бұл игі іс биылда жалғасын таппақ.

Ағаш отырғызу әрқашан жақсы әсер әкеледі. Бір жағынан , бұл қаланы көгалдандыру, екінші жағынан, біз ұзақ жылдарға өзіміздің «отбасылық» тұмарымызды салу мүмкіндігі. Сондай-ақ, біздің қаламыз, тұрғылықты жеріміз таза және көркем, бастысы тұруға қолайлы болғанын қалаймыз.

Туған жерге, өз қаламызға жанашырлықпен қарап, қамқорлық таныту – перзенттік парызымыз. Ал, Наурызда осы парызды өтеуге мүмкіндік мол. Егер әрбір азамат өз үйінің іргесіне, ауласына немесе көшенің бойына көшет отырғызса, биылғы Наурыз да атаусыз қалмас еді.

 Болат СҰЛТАНОВ,
«Бұқпа» орман шаруашылығы мемлекеттік
мекемесі директорының орынбасары, Еңбек сіңірген орман өсіруші.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар