«Дәрігер жетіспейді» деп қашанғы шарасыздық таныта береміз…

Бейопа тірліктің бес күндік жалған екенін денсаулығың сыр берген сәтте ұғына түсесің. Байлықтың да, мансаптың да, қызық пен қуаныштың да сәні мен салтанаты қажет емес  мұндайда. Ауру азабын тартып, құр сүлдерің қалғанда  қызылды-жасылды әлемнің өзі сүреңсіз кейіпке еніп, көңілді мұз етері бар. Жиған-тергеніңді денсаулығың үшін тәрк етуге бар боласың. Тәрк етер жиғаның бар болса, әрине. Айлығың шайлығыңнан аса алмай, нарық қысқан заманда жиған-тергені, артылғаны бар адам қарапайым халықтың арасында некен-саяқ болар-ау!

Әупірімдеп қаражат тауып, ақылы емханаға барғанның өзінде толық емдеу курсынан өтіп, емделіп шығу оңай емес. Себебі, жекеменшік емханаларда дәрігердің ақыл-кеңесінің өзі арзан тұрмайтыны анық. Белгілі бір маманға қаралып консультациялық кеңес алу үшін 5-7 мыңның көлемінде қаражат төлеу керек. Бұл бір шыққанның ақысы. Ал, толық тексерістен өту бұдан да қымбат.  Бір сөзбен айтқанда, зейнеткерлер мен қарапайым халықтың қалтасына шақ келмейтінқызмет. Ал енді, дертіңе дауа, ем іздеп, емханаға бара қалсаң, қажетті маман іздеп сабылатының тағы бар.

Дәрігерлік кадрлардың тапшылығын төмендету мақсатында жыл сайын арнайы грант бөлінеді. Жергілікті жерлерде медицина қызметкерлеріне берілетін баспана мәселесі де біртіндеп шешілуде.  Бірақ, соған қарамастан, бәрібір неліктен маман тапшы?Өзге өңірді айтпағанда, өзіміздің Ақмола облысында 234 дәрігер жетіспейді.  Оның 151-і қалалық жерде болса, 83-і ауылдық жерде. Оның ішінде 35 жалпы практикалық дәрігер, 23 анестезиолог, 18 педиатр, 13 терапевт, 14 акушер-гениколог, 9 офтальмолог, 8 неонатолог, 10 оториноларинголог және тағы басқа мамандар тапшы. Балалар невропатологы, балалар офтальмологы осы облыс орталығы Көкшетау қаласында неше жылдан бері әлі шешімін таба алмай жүрген көкейтесті сұрақтардың бірі.

–Дәрігерлік кадрлардың тапшылығын төмендету мақсатында жыл сайын резидентурада оқуға35 грант, «Жалпы медицина» мамандығы бойынша оқуға 50грант бөлінеді, орта буын медицина қызметкерлері үшін жергілікті бюджет есебінен 190 грант бөлінеді.Орта буын мамандарын даярлауды және қайта даярлауды Көкшетау жоғары медициналық колледжі 8 мамандық (яғни, емдеу ісі, акушерлік іс, мейірбике, гигиена және эпидемиология, стоматология, ортопедиялық стоматология, зертханалық диагностика, фармация мамандықтары) бойынша жүргізеді. Мұндағы оқу корпусының қуаты1145адамға лайықталып салынған, қазіргі уақытта колледжде1237 адам білім алуда. 2022 жылы 217 студент бітірді (бюджет бойынша 137,келісім-шарт бойынша 80),  олардың 88 пайызы, яғни, 190 түлек жұмысқа орналасты. 2023 жылы 380студент (бюджет 191, келсімшарт 189) колледж табалдырығынан медицина маманы болып шығады деп күтілуде.

2018 жылдан бастап Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінде медицина факультеті ашылды, онда 740 адам оқиды, оның ішінде әкімнің гранты есебінен 200 адам білім алып жүр. Бұл мақсатқа жыл сайын 50грант бөлінеді.Сондай-ақ, облыс әкімінің атаулы стипендиялары шеңберінде республиканың әртүрлі жоғары оқу орындарында 72 ұл-қыз оқиды. Бұл үшін52 миллион теңге қаражат бөлінген, – дейді Ақмола облыстық денсаулық сақтау басқармасының адам ресурстарын басқару қызметінің бас маманы Динара Баймағанбетова.

Таяуда өңірлік коммуникациялар қызметінде Ақмола облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Тохтар Қоңырбаев баспасөз мәслихатын өткізді. Әңгіме білікті кадрлар мәселесі тақырыбында өрбіді.

–Медициналық кадрларды ынталандыру мақсатында бірқатар жүйелі шаралар қабылдануда. Тұрғын үй беру,пәтер жалдауға жәрдемдесу, балабақшаларда орын бөлу, жұбайын немесе зайыбын жұмысқа орналастыру арқылы дәрігерлерге әлеуметтік қолдау көрсетіледі. 2022 жылы өңірге 88 маман келді. Олардың 56-сы ауыл, 32-сі қалаға тұрақтаған.  Ең көп сұранысқа ие 27 жас маманға 50 миллион теңге сомасына көтермеақы төленді. Оның ішінде қалалық жерге келген 18 дәрігерге 27 миллион теңге, ауылдық жерге келген 9 дәрігерге 23 миллион теңге төленді. Олардың ішінде 10 жалпы практика дәрігері, 4 отоларинголог, 2  провизор, фармацевт, акушер-гинеколог, 1  анестезиолог, пульмонолог, эпидемиолог, психиатр, уролог-андролог, хирург және сәулелік диагностика дәрігері бар.2023 жылға облыстық бюджеттен жаңадан келген дәрігерлерге көтермеақы төлеуге 120 миллион теңге қарастырылған.

Сонымен қатар, «Дипломмен – ауылға!» 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде 75 медицина қызметкеріне жалпы сомасы 22,9 миллион теңге көтерме ақы төленді,яғни, бұләрқайсысына орта есеппен 300 мың теңгеден келеді, 54 медицина қызметкері 242,9 миллион теңгеге тұрғын үй сатып алуға несие алды, бұл да әрқайсысына орта есеппен 4,5 миллион теңгеден келеді.Қабылданған шаралардың нәтижесінде соңғы жылдары дәрігерлік кадрлардың тапшылығы екі есеге төмендеді. Мысалы, 2019 жылы 437 дәрігер тапшы болса, 2020 жылы 382 маман жетіспеді, ал, 2021 жылы бұл көрсеткіш 244 адамды құраса, 2022 жылы  234 адам маманға зәруміз, – деді басқарма басшысының орынбасары.

Яғни, дәрігер мамандардың тапшылығын жою мақсатында бірқадау жұмыстар қолға алынған. Біртіндеп мәселе шешіліп келеді деуге негіз бар. Бірақ,басқарма басшысы орынбасарының алға тартқан деректеріне ден қоятын болсақ, басында қарқынды қолға алынған жұмыс соңғы жылдары сылбыр жүзеге асып жатқан сыңайлы.2021 жылы 244 дәрігер қат болса, 2022 жылы 234 дәрігер жетіспейді екен. Көрсеткіш сол орында. Сонда бір жылдың яғни, 2021-2022 жылдың ішінде көрсеткіш он адаммен ғана алға ілгерілеген бе? Түсініксіз жәйт… Айт-айтпа, әлі де болса, өңіріміз дәрігер мамандарға сусап отырғаны анық. Сөзіміз дәйексіз болмасын, мәселен, бір ғана Зеренді ауданының 13 ауылында дәрігер жоқ!

Басқармадағы мамандар өңірімізде дәрігерлердің тапшылығын Ақмола облысының Елордаға жақын орналасқандығымен сабақтастырады.Динара Баймағанбетованың бізге жазбаша жолдаған хатында біз қойған сұраққа төмендегідей жауап жолдапты.«Облыста медициналық бейіндегі мамандарды тарту мен бекітудің негізгі проблемаларының бірі –Елордаға жақын орналасуы және кадрлардың жеке медициналық ұйымдарға кетуі болып табылады. Медициналық жоғары оқу орындарының түлектерін бөлу кезеңінде мамандардың басым бөлігі дамыған инфрақұрылым мен болашақ жұмыс орындарын таңдаудың баламалы нұсқалары себебінен Астана қаласы мен үлкен қалаларға артықшылық береді» дейді ол. Бұдан басқа біздегі деректерде Ақмола облысының нақты қай өңірлерінде дәрігер тапшы екендігі көрсетілген. Мәселен, Астрахан ауданына қарасты Шілікті, Ягодное, Ақбейіт, Бұлақты, Степное, Қаракөл ауылдарының медициналық пункттерінде фельдшер жоқ.Ерейментау ауданына қарасты Олжабай батыр дәрігерлік амбулаториясында, Сілеті дәрігерлік амбулаториясында дәрігер жоқ.

Ал, мына Көкшетаудан қол созым жерде орналасқан Зеренді ауданына қарасты 13 ауылда дәрігер маман жоқ дегенге сенесіз бе? Көкшетаудың маңында тұрып, дәрігер маман таба алмай отырғанда шалғайдағы ауыл тұрғынының жағдайы қандай деген ой келеді. Сөзіміз айғақсыз болмасын,  Зерендінің Айдабол, Троицкое, Ершовка, Бірлестік, Красный Кордон, Айдарлы, Көктерек, Бұлақ, Баратай, Игілік, Кіші-Түкті, Дороговка, Қошқарбай ауылдарында дәрігер жоқ. Дәрігері жоқ амбулаториялар мен пункттер бос тұр. Табиғаты тамылжыған зерлі Зерендінің аймағында жұмыс істеуге дәрігер мамандар құлықсыз болса, шалғай ауылдардың жағдайы тіпті қиын. Бұл мәселе қашан шешімін табады?

Ауыл халқы шынымен де дәрігердің болмауынан көптеген қиындықтарға тап болуда.  Созылмалы ауру болса  аудан орталығына жол түскенде барып, қажетті ем-домыңды аласың. Ал, Алла бетін аулақ қылсын, дегенмен, жаман айтпай жақсы жоқ дегендей, шұғыл дәрігер қажет болғанда дәрігері жоқ ауыл халқы шыбын жанын шүберекке түйіп отырғаннан басқа амал бар ма? Ауылға дәрігер келсе, нұр үстіне нұр болар еді дейді ауыл тұрғындары бірауыздан.

Қазіргі таңда ауыл тұрмысы біршама жақсара түскен. Бәрінің емес, әрине. Құлдырап жатқан елді мекендер де баршылық. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша медицина қызметкерлерінің жалақысы кезең-кезеңімен артып келеді. Мәселенки, 2023 жылы дәрігерлердің жалақысын 30 пайызға, орта медицина қызметкерлерінің жалақысын 20 пайызға, кіші персоналдың жалақысын 18 пайызға арттыру жоспарлануда.Сонымен қатар, медицина кадрларын ынталандыру үшін бірқатар жүйелі шаралар қабылдануда. Айталық,  қызметтік пәтерлер беру, жалдау төлемдерін бірлесіп төлеу, балабақшаларда орын бөлу жолымен дәрігерлерге әлеуметтік қолдау көрсетіледі, жас мамандарға (дәрігерлерге) көтерме төлемдер ұлғайтылды. Сондай-ақ, аудандық және облыстық маңызы бар қалалар үшін 1,5 миллион теңгеге дейін, ауылдық жерлерде 2,5 миллион теңгеге дейін  көтермеақы алуға болады. Мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қамқорлықтың жемісін көріп отырған мамандар да баршылық.

–Ақкөл, Аршалы, Шортанды, Егіндікөл, Атбасар және Жақсы аудандарында 24 жас маманға жатақхана мен пәтер берілді. Біржан сал ауданында екі жас маманға баспана берілді. Аршалы ауданында жаңадан келген дәрігерлерге тұрғын үйді жалға алуға 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде әлеуметтік көмек көрсетілді. Зеренді ауданында екі жас маманға жатақхана бөлінді, – дейді басқарма мамандары.

Қазақ ежелден денсаулықты басты байлыққа балағаны рас. Анығы – адам ғұмырын сақтап қалу мәселесінде ешбір қиындық, ешбір салғырттық болмауы керек. Денсаулық сақтау саласын әлі күнге маман кадрлармен толық қамтамасыз ете алмай отырғанымыз да бізде істен сөз көптігінің бір дәлелі ме дейсің…

Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар