Жол үстіндегі қонақасы

Біздің бұрынғы Көкшетау облысының жақсы-жайсаңдарының біразымен сырлас та, сыйлас та болуды жазды тағдыр маған. Біразы туралы кезінде газет бетінде суреттемелер де, очерктер де жаздық. Жазғанымыз еңбегі, қол жеткізген табыстары жайлы болды. Алайда сол жақсы-жайсаңдардың біразының әңгімелері, айтқандары қойын дәптерімде қалыпты…

Уақыт ұзаған сайын солардың сол әңгімелері арқылы жақсының жақсылығын таниды екенсің. Бұрынғының адамдары шіркін, қалай еңбекқор, қалай арлы,қалай адамдық қасиеттері жоғары болған еді деп ойлайсың.

Сонымен Сатан Нұрмағановтың бір әңгімесін бастайын. Сатан Нұрмағанов бұрынғы Көкшетау облысының бұрынғы Еңбекшілдер (қазіргі Біржан сал) ауданының бұрынғы «Восточный» совхозының мал бақташысы еді.  1971 жылы Социалистік Еңбек Ері атанды. Совет Одағы Коммунистік партиясының1971 жылдың 30 наурызы мен 9 сәуірі аралығында өткенXXIV съезінің делегаты да болды.

Есімі де, ісі де Қазақстанға кеңінен мәлім әйгілі мал өсірушінің тәжірибесін газет беттерінде жіті наcихаттап отыратынбыз. Сондай бір сапарымның  барысы Көкшетау облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Еркін Әуелбековтің Торғай облысына ауысып жатқан тұсына сай келді.

Сатан ағаның мал қорасындағы бар жұмысымен танысқан соң, үйіне келіп, дәм ішіп, біраз әңгіменің басын қайырдық.

–Айналайын… Еркін қарғамды Торғайға ауысты дегенді радиодан естіп, көзімнен жасымның ыршып түскенін де байқамай қалдым,–деді жарықтық Сатан аға күрсініп.–Басқа жерге қиятын жан емес еді ғой!..

Марқұм Сатан аға әр сөзін осы «айналайынмен» бастайтын жаны мейірімді адам еді. Ол сәл-пәл уақыт үнсіз қалды да, «менің Мәскеуге съезге барғанымды білесің ғой,–деді.

–Әрине,– дедім. Ол кезде облыстан баратын съезд делегаттарын қойып, Мәскеудің Кремлінде отырған Саяси кеңес мүшелерінің аты-жөндерін түгел жатқа да білетінбіз.

–Мәскеуге, съезге баратын әр  облысқа бір-бірден арнайы поезд вагондары  бөлінеді екен. Солтүстік Қазақстан, біздің Көкшетау, Целиноград (Ақмола)  және Қарағанды облыстарының съезд делегаттарының сол арнайы вагондары бір составқа тіркеледі екен де, сол вагондар Мәскеудің Қазан вокзалында ағытылып, осы арада тұрады екен. Хош, сонымен Көкшетауға келіп, осындағы вокзал басынан Мәскеуге жүріп кеттік қой…

Өз әңгімесін одан әрі Сатан ағам Мәскеуден қайтар сапарынан ұзақ сыр шертуге арнады. Компартияның кезекті съезі ойдағыдай аяқталып, қанаттанған съезд делегаттары ел-елдеріне қайтуқамына кірісіп, Мәскеудің Қазан вокзалында тұрған өз вагондарына жайғасады.

Жол ұзақ. Мәскеуден қайтар жолда ең әуелі поезд Қарағандыға тоқтайды екен.Қалыптасқан дәстүр бойынша кеш қарая бір поездың әр вагонында жайғасқан Солтүстік Қазақстан мен Көкшетау, Целиноград  облыстарының делегаттарын әуелі Қарағанды облысының бірінші хатшысы бастап, қонақ қылады. Бұдан кейінгі кезек Целиноградтікі, одан кейінгі дастархан жаю кезегі Көкшетаудікі!

–Қыстың іші болған соң семіз жылқының екі-үш табақтай етін, сүрі де бар, жақсылап үйітілген  басымен  жарты қойдың етін мүшесімен елден ала шығып, өз вагонымыздағы ресторанның мұздатқышына салып қойған едім. Мұны өзімнен басқа ешкім де білмейтін. Және де сол ресторанның аспазшыларына ақыларын беріп, күні бұрын өзім айтамын, сол кезде осы еттерді асып, дайындап қоярсыздар деп келісіп те қойған едім,–деп марқұм Сатан аға әңгіменің көрігін қыздыра түсті.

Қарағандылықтардың бұйырған дәмін татып, енді Целиноград облысының шақыруы бойынша  қонаққа барар алдында Сатан аға ресторанға барып, етті аса беруді тапсырып,   ара-арасында шығып кетіп өзі де  тексеріп келіп жүріпті.

Обалдары нешік аспазшылар етті былқылдатып пісіріп, дайындап қойғанына көзі жетіп, көңілі орнына түскен Сатан аға дым білмегендей болып қонақ болып отыра қалады.

Бір поездағы үш облыстың бірінші хатшылары бастаған съезд делегаттары қарағандылықтардың жайған дастарханына риза болып тарқасады. Еркін Нұржанұлы белгілі бір уақытты айтып, дастархан басындағылардың барлығын қонаққа шақырады. Әуелі сол ресторанның тіске басар тағамымен көкшетаулықтардың қабылдауларына риза болып, қонақтардың көңілдерін жайлана бастаған тұста, Сатан аға  орнынан тұрып, «Еркін айналайын! Қонақасын  әкелтейін бе?» деп құлағына сыбырлайды.

Жарықтық Ерекең жарқ ете түсіп, «ас бар ма еді?» деп Сатанға таңырқай қараса керек.

Сәкең лып етіп, шығып кетіп, вагон-ресторанда табақталып жасалып тұрған етті алып келіп, қонақтардың алдына тартқан кезде, дастархан басындағылар гуілдеп кетіпті. Өйткені жол үстінде, поезда көкшетаулықтар табақтап,бар мүшесімен ет тартады деп ешкім де ойламаса керек.

–Еркін айналайын қанаттанып кетті ғой! Әй, Сәке-ай… бұл жақсылығыңды  қайтара алар ма екенмін?!,–деп жарықтық Еркін Нұржанұлы шынайы пейілімен Сатан Нұрмағановқа аса риза болып, одан әрі бірінші хатшы дастарханды сәнді етіп жүргізіп алып кетсе керек.

Көкшетаулықтардың жол үстіндегі қонақасы мен көңіл ниеттеріне риза болған түстіктің басшысы, яғни, Солтүстік Қазақстан облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Василий Петрович Демиденко поезд Целиноградтан шығысымен:

–«Так» … Еркін Нұржанұлы! Мен Сізді және өзге де көкшетаулықтарды бос жібере алмаймын. Көкшетаудан түспейсіздер! Көкшетаудың вокзалынан  қарсы алып тұрған адамдарыңыздың қайтарып жіберіңіздер! Осы отырған барлығымыз Петропавлдан бірақ түсеміз. Бүгін менің қонағым боласыздар! Біз өз машиналарымызбен сіздерді келесі күні шекараға дейін өзіміз апарып саламыз. Сол шекарадан ертең тоссын!,–деп қолқа салып, Еркін Нұржанұлын көндірсе керек.

Компартия съезінің жұмысының аралығындағы үзілісте Сатан аға өздері орналасқан  «Россия» деген қонақүйдің алдында тұрғанында, машинадан түсіп жатқан Еркін Әуелбековті көреді. Еркін аға бұрылып келіп:

–Сәке, жай тұрсыз ба?,–дейді.

–Машина шақыртып едім, соны тосып тұрмын! Елде мініп жүрген  «Волгама» бір сайман керек еді, дүкендерден  соны қарап  келмекшімін!

–Жақсы,–деп Еркін Нұржанұлы қонақ үйге кіріп бара жатты.

Хош сонымен, Еркін Әуелбеков бастаған көкшетаулық съезд делегаттары Петропавлға өтіп кетеді де, қызылжарлықтардың сый-құрметін көріп, аса риза болып,елге қайтады. Солтүстік Қазақстан облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Василий Петрович Демиденко бастап, көкшетаулық қонақтарын шекараға дейін өз машиналарымен шығарып салады.

Көңілдері жайланған екі жақ бір-бірімен жылы қоштасып жатады. Көкшетаулық съезд делегаттарын қарсы алушылардың арасында Еркін Әуелбековтің көмекшісі Ерсайын Шотпайұлы Кәршалов та бар еді.

Сол арада Еркін Нұржанұлы өз көмекшісіне: «Бүгіннен бастап, мына Сәкеңнің «Волгасын»  «Облсельхозтехникаға» бекітіп қоярсың! Бұдан былай Сәкең машинасына сайман іздеп сандалмасын!» деп өзіне тән нақтылықпен тапсырма беріпті.

–Айналайын, Еркінім-ай!..

Сатан ағаның қос жанарынан қос тамшы жас ыршып кетті…

Жабал ЕРҒАЛИЕВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар