Астаналық балабақша өкілдері  тәжірибе алмасты

2023 жылғы 28 наурызда Қазақстан Республикасы Президенті Іс Басқармасының Медициналық орталығының Ақмола облысындағы күндері аясында осы басқармаға қарасты Астана қаласындағы «Қарлығаш» балабақшасының өкілдері делегация құрамында Көкшетау қаласының мектепке дейінгі ұйымдарын аралады.

Осы арада, «Қарлығаш» балабақшасы туралы толығырақ айта кетсек,  еліміздің алдыңғы қатарлы мектепке дейінгі ұйымдарының бірі, 750 орындық үш жеке балабақшадан тұрады. Бүгінгі таңда балабақша Қазақстандағы мектеп жасына дейінгі балаларды дамытудың білім беру қызметтерін көрсететін инновациялық балабақша болып табылады.

Балабақшаның жоғары білікті педагогтары озық педагогикалық тәжірибені зерделеу, оны жалпыға тарату мақсатында бірқатар әдістемелік құралдарды әзірледі. «Қарлығаш» балабақшасы педагогикалық тәжірибені бөлісу бойынша имидждік іс-шараларды ұйымдастыруда үлкен тәжірибеге ие. Балабақша педагогтары тарапынан өңірлік, республикалық және халықаралық форматтағы бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылды.

«Қарлығаш» балабақшасы алдыңғы қатарлы білім беру ұйымымен ынтымақтаса жұмыс істейді, олардың арасында Астана қаласындағы «Өрлеу «БАҰО» АҚ, «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы, ҚР Білім Министрлігінің «Балаларды ерте дамыту институты», Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия университеті, «Балалық шақ университеті» қоры, Мәскеу қаласындағы адамның үйлесімді дамуының ұлттық институты, БҰҰ Балалар Қоры (ЮНИСЕФ), тағы басқалары бар.

«Қарлығаш» балабақшасының өкілдері «Нұр бала» бөбекжай-бақшасының жұмысымен танысып, балалардың белсенді іс-қимыл орталықтары, «SAND ART» кабинеті, мобильді кітапхана, «Ұлттық мұра – қазына» орталығы және психолог кабинетінде болды. Сондай-ақ, мектепке даярлық тобындағы «Болжау ағашы» технологиясын қолдана отырып, ұйымдастырылған шеберлік сыныбына қатысты.

Келесі объект – «Алтын бала» балабақшасында мұражай, STEAM кабинеті, кітапхананы аралап, сөйлеу қабілеті бұзылған балаларға арналған топтардағы логопед, дефектолог, психолог сияқты педагогтардың жұмысымен танысты. Ал «Zerek» бөбекжай-бақшасына сапар барысында интерактивті құмсалғыш, робототехника кабинеті, интерактивті альпинизм бөлмесі, сенсорлық бөлме, «STEM» зертханасында болып, «Интеллектум – балабақша» іскерлік ойынына қатысты.

Экскурсия аяқталғаннан кейін Көкшетау қалалық білім бөлімінде жергілікті мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының педагогтарының және  «Қарлығаш» балабақшасы өкілдерінің қатысуымен дөңгелек үстел өтті. Отырыс барысында Ақмола облысы білім басқармасының мектепке дейінгі және жалпы орта білім беру бөлімінің бас маманы Андрей Майбах кездесудің өңірдегі мектепке дейінгі ұйымдардың педагогтеріне тәжірибе алмасу тұрғысындағы маңыздылығына тоқталды.

Дөңгелек үстел аясында ҚР Президенті Іс Басқармасы Медициналық орталығының «Қарлығаш» балабақшасының директоры Бейбітгүл Казакпаева «Желілік балабақша моделі» тақырыбындағы тұсаукесер рәсімін ұсынып, балабақшаның атқаратын қызметі мен оқытудың инновациялық әдістеріне жан-жақты тоқталып, атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтты.

«Қарлығаш» балабақшасының №2 нысанының меңгерушісі Раушан Қожахметова «МДҰ-да білім беру сапасын бағалау үшін Есегѕ-3 шкаласын қолдану» тақырыбында семинар-тренинг өткізіп, әдістемені қолданудағы балабақшаның тәжірибесімен бөлісті. «Қарлығаш» балабақшасының №1 нысанының әдіскері Нұржан Набатова өз кезегінде «Балабақшадағы Naushop» тақырыбында семинар өткізіп, мектеп жасына дейінгі балалармен жұмыста оқытудың интерактивті әдістерін қолдану барысы туралы айтып берді.

Кездесу соңында Көкшетау қаласының мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының педагогтары шараның кәсіби тәжірибе алмасудағы қажеттілігіне тоқталып, өз ой-пікірлерін ортаға салды.

Жалпы, Көкшетау қаласының мектепке дейінгі ұйымдарымен кездесу барысында «Қарлығаш» балабақшасының заманауи қызметтерді көрсететін республика бойынша мектепке дейінгі білім беру мекемелерінің көшбасшысы ретінде өз тәжірибесін өңірлердің мектепке дейінгі ұйымдарына таратуға дайын екендігі атап өтілді.

Өңірлердің мектепке дейінгі ұйымдарымен кездесудің басты мақсаты – «Қарлығаш» балабақшасында қолданылатын инновациялық әдістемелерді таныстыру, озық педагогикалық тәжірибемен бөлісу болып табылады.

«Қарлығаш» балабақшасы ағымдағы жылы осы форматтағы іс-шаралар тізбегін Қазақстан Республикасы Президентінің Іс Басқармасы Медициналық орталығының күндері шеңберінде еліміздің өзге де өңірлерінде өткізуді жоспарлап отыр.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар