Шеберлік сыныптарын өткізді

   Өткен сейсенбі Ақмола облыстық көпбейінді ауруханасында Қазақстан Республикасының Президенті Іс Басқармасының Медициналық орталығының жетекші мамандары пациенттерге кеңес беріп, шеберлік сыныптарын өткізіп, тәжірибелерімен бөлісті.

  Облыс орталығына Астана қаласының медициналық орталығы ауруханасының және Алматы қаласының орталық клиникалық ауруханасының жетекші онкологтар, нейрохирургтар, кардиохирургтар, травматологтар, сондай-ақ, невропатолог және реаниматолог, пульмонолог, аритмолог сияқты жетекші мамандары келді. Олар үш күн бойы  18 жастан асқан тұрғындарды қабылдап, практикалық және консультациялық көмек көрсетіп, жаңа емдеу технологияларымен тәжірибе бөліседі.  Медицина саласында өзекті мәселелерді талқылап, күрделі операциялар жасайды. Ақмола облысының дәрігерлері үшін Қазақстан Республикасының Президенті Іс Басқармасының Медициналық орталығының мамандары жаңа медициналық әдістемелер мен технологиялар бойынша шеберлік сабақтарын өткізеді. Осыған байланысты ақмолалық дәрігерлер өздерінің біліктілік дағдыларын арттыра алады.

Облыстық көпбейінді аурухананың басшысы Нұрлан Жаровтың айтуынша, медициналық орталығының өкілдері түрлі өзекті тақырыптарда лекциялар да оқиды. Ал, практикалық бөлімде хирургиялық жолмен нейрохирургия, кардиохирургия, онкология  ауруларын емдеуге қатысады.

−Делегация мүшелері біздің дәрігерлерге медициналық жаңа әдістемелер мен технологиялар бойынша шеберлік сабақтарын өткізіп, оны операция барысында да көрсетеді. Бұл денсаулық сақтау жүйесін дамытуға игі ықпал етіп, отандық медицинаның сапасын арттырады,−деді ол.

Сондай-ақ, іс-шараның ғылыми бөлімінде танымал невролог Гүлнара Исақанова неврология тақырыбында баяндама жасады. Өзінің 22 жылдық еңбек жолындағы жүйке жүйесі ауруларының таралуы, оларды емдеу, қалпына келтіру шаралары бойынша дәрігерлермен тәжірибе алмасты.

−Бүгін шеберлік сабағын мигрен ауруы туралы өткіземіз. Ол бас ауруының ең көп таралған түрі. Бұл жерде ауруды  қандай тәсілдермен емдеуге болатыны туралы тәжірибемізбен бөлісеміз. Науқастарды дәлелді медицина әдістерімен емдеу бүгінгі іс-шараның басты мақсаты  болып табылады. Мұның бәрі өңірлік медицинаның дамуына зор үлес қосады деп ойлаймын, −деді астаналық дәрігер.

Медициналық орталықтың бұл бастамасы өңірдегі дәрігерлерді оқытып, олардың біліктілігін арттыру, өңірлік денсаулық сақтау жүйесін дамытуға көмектесіп қана қоймай, отандық медицинаның сапасын және халық үшін жоғары мамандандырылған көмектің қолжетімділігін жақсартады. Бұл форматтағы іс-шаралар алдағы уақытта еліміздің басқа да облыстарында жалғасады.

Ілияс ӘУБӘКІРОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар