– Ақмола облысында халықаралық және республикалық жарыстарда жоғары нәтижелерге қол жеткізген үздік спортшылар мен жаттықтырушылар Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы жүлдемен және ақшалай сыйлықпен марапатталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Облыстық Дене шынықтыру және спорт басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, Ақмола облысы өзінің спорттық тарихымен және даңқты спортшыларымен танымал. Өңірде елеулі нәтижелер мен жоғары жетістіктерге қол жеткізген атақты чемпиондар мен рекордшылар тәрбиеленіп шықты. «Ақмола облысының спорт тарландары» облыстық спорт форумында ең үздік спортшылар мен жаттықтырушылар, облыстық спорт мекемелерінің басшылары және спорт журналистері өткен жылдың қорытындысы бойынша Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы жүлдемен марапатталды.
Шара басталмас бұрын жиналғандар өңір спортшыларының жетістіктері паш етілген көрмені тамашалады. Сонымен қатар әлемдік, халықаралық және республиалық жарыстарда жеңіс тұғырына көтеріліп, еліміздің көк туын желбіреткен ақмолалықтар туралы бейнефильм тамашалады.
Жыл қорытындысы бойынша «2022 жылдың ең үздік спортшысы» аталымына әйелдер арасындағы бокстан әлем чемпионатының күміс жүлдегері Карина Ибрагимова, ал «2022 жылдың үздік жаттықтырушысы» аталымына бокстан ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Александр Высоцкий лайық деп танылды.
Жеңімпаздарды Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев құттықтап, марапаттады.
«Жыл сайын жоғары көрсеткіштерге қол жеткізген спорт саласының өкілдерін Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы сыйлықпен марапаттау дәстүрге айналып отыр. Барлық спорттық жетістіктер қоғамдық ұйымдардың, жаттықтырушылар мен спортшылардың ерен еңбегі», – деп атап өтті аймақ басшысы.
Айта кетсек, Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы жүлде мен ақшалай сыйлықтар халықаралық және республикалық жарыстарда жеңімпаз атанған 30-дан астам спортшы мен спорт тақырыбын жазатын БАҚ өкілдеріне тапсырылды.
Айта кетейік, бұған дейін Ақмола облысында «Бала ақын – жас дарын» оқушылар айтысының жүлдегерлері марапатталған болатын.