Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Жер шоқтығы Көкшетау мен жер жәннаты Жетісу бір-бірімен жарасымды екен-ау! - АРҚА АЖАРЫ

Жер шоқтығы Көкшетау мен жер жәннаты Жетісу бір-бірімен жарасымды екен-ау!

Көкшетау. 29 наурыз 2023 жыл. Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейінде Бикен Римова атындағы Талдықорған драма театры Қазақстан Республикасының халық әртісі, Қырғызстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Бикен Римованың 100 жылдық мерейтойына арналған «Өнермен өрілген ғұмыр» атты арнайы көрмесі ашылды.

Көкшеліктер  бұл көрмені аса зор қызығушылықпен тамашалап жатыр.

Атақты Бикен Римованың бұл көрмесі Астана қаласындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде және Алматы қаласындағы Алматы Метрополитені Мәскеу бекетінде сәтті өткен болса, енді міне жер шоқтығы Көкшетауда!

Әбден орынды! Жетісулықтар осы көрмені Көкшеге әкеліп, өздерінің елдіктері мен жөн-жоба білетіндіктерін жасады.

Көрменің ашылу салтанатында сөйлеген сөзімде: «Ата салтымен қуалап  айтар болсақ, ең әуелі Бикен Римова апамыз Көкшеге келін!– дедім. –Көзі тірісінде жарықтық Бикен апамыз «Шахаң» деп шаң жуытпай, асқақтатып, ардақтай білген жұбайы Шахаң, Шахмет  Құсайынов Көкшенің бел баласы еді!

Екі жарасым бар осы көрмеде! Бірі ел мен жердің жарасымы, ол – жер шоқтығы Көкшетау мен жер жәннаты Жетісу! Екінші жарасым – өнер мен мәдениет жарасымы! Көкшетауда Шахмет Құсайынов атындағы қазақ музыкалық-драма театры, Талдықорғанда Бикен Римова атындағы қазақ драма театры бар!

Осы бір қос жарасымдылықтың мәні мен маңызын тереңдетіп және де тарихи маңызын арттыра түскен бүгінгі байланыс, яғни, бүгінгі көрме жалғыз Көкшетау мен Жетісудың ғана емес, барлық қазақ елінің  сүйіншілер қуанышы!

Көрмеге қойылған Бикен Римованың өзі қолданған жеке заттары, марапаттары, әр рөлде киген көйлектері мен түсірілген фотосуреттері зор әсер қалдырады. Өзінің өмірдегі де, өнердегі де ғұмырында 200-ден астам әйел образын сомдаған  сахна саңлағы Бикен Римованың мәңгілік ғұмыры бүгінгі осы көрмеде жалғасып жатыр еді. Ол ғұмыр өлмейтін ғұмыр, мәңгі жасайтын ғұмыр!

Сол өз ғұмырында сомдап кеткен 200-ден астам әйелдердің ғұмырлы тағдырларындағы Бикен Римова – Еңлік… Бикен Римова – Мәржан… Бикен Римова – Жер Ана… Бикен Римова – Майра… Бикен Римова – Қорлан…

Бұлар қазақ барда мәңгі жасайтын және де ешқашан өлмейтін кейіпкерлер! Олай болса Бикен Римова да  дәл осылардай мәңгілік Адам, мәңгілік кейіпкер!

Көкшедегі көрмеде Талдықорған театрына 2000 жылы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 31 тамыздағы қаулысымен Бикен Римованың аты берілгендігі және де бұл қаулығы қол қойған сол кездегі Үкімет басшысы, қазіргі Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың театрда арнайы болған сәтін куәландыратын құжаттар мен фотосурет  алдында көрмеге келушілер аялдап тұрып алғаны бар!

Тағы бір әсерлі және ұлағатты жай театр ұжымы өздерінің өнер ордасында қызмет еткен өнер адамдары жайлы кітаптар шығарып, өз мұраларын байыта да білген екен. Бұл кез-келген театр және кез-келген өнер ордалары үшін ғибрат алар жай!

Көрменің ашылу салтанатында Бикен Римова атындағы Талдықорған драма театрының директоры Жуасбек Ерлік Тілеуқұлұлы, ТҮРКСОЙ ұйымына мүше елдердің мемлекеттік театрлары басшылары кеңесінің үйлестірушісі, Әзірбайжандағы өкілі Эльчин Гафарлы, халық әртісі, театр және кино актеры, театр педагогы Тілектес Мейрамов та сөз сөйлеп, көрменің алқызыл лентасын қидық!

Жер шоқтығы Көкшетау мен жер жәннаты Жетісудың осы бір жарасымдылығы жалғасын таба берсе екен!

Жер шоқтығы Көкшетаудағы Шахмет Құсайынов атындағы және жер жәннаты Жетісудағы  Бикен Римова атындағы осы қос театрлардың жұптары жазылмаса екен! Алма кезек барыс келіс жалғасып, қос театрдың сахнадағы мерекелері тарқамаса екен!

                                                               Жабал ЕРҒАЛИЕВ,
жазушы-драматург,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
Сенаторлар кеңесінің мүшесі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар