Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
«Айтайын, айт дегенде жарапазан!..» - АРҚА АЖАРЫ

«Айтайын, айт дегенде жарапазан!..»

 Жарапазан немесе жарамазан – қазақ даласында ислам діні берік орын тепкеннен кейін пайда болған тұрмыс-салт жырларының бір түрі. Ол ел арасында ораза ұсталатын Рамазан айында айтылады.    Жарапазанның негізгі мақсаты – ораза айында ел көңілін көтере жүріп, ислам дінін насихаттау, жұртты шариғатқа, иманға ұйыту, береке-бірлікке, ізгілікке шақырудан туған. Оған, әсіресе, жастар мен балалар белсенді ат салыса жүріп, өздері де үлгі-өнеге алған. Кеңестік дәуірдегі шектеулердің салдарынан ұмытыла бастаған жарапазан ислам дінінің жандануына байланысты қайтадан салтқа еніп келеді.

 Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасының ұйғарымымен Рамазан айы кезінде жарапазан айту дәстүрі жаңғыра бастады. Көкшетау қаласында Ақмола облысының бас имамы Қуаныш қажы Жұмабайұлының басшылығымен жарапазан айтылып, ол жұртшылықтың қызығушылығын тудырып, риза етті.

Көкшетау қаласының Абылай хан алаңына жиналған халықтың алдында Ақмола облысының бас имамы Қуаныш қажы Жұмабайұлы сөз сөйлеп, ең  әуелі барша мұсылман қауымын Рамазан айымен құттықтап, ізгі тілегін арнады.

–Біз жарапазан айтудың эстафетасын Абай облысынан қабылдап отырмыз. Енді осы жарапазан айтудың эстафетасын Павлодар облысына жолдаймыз. Жарапазан айту біздің ұлттық салтымыз бен дәстүрімізде ежелден болғандығын тарихшыларымыз жоққа шығармайды. Жалпы жарапазан халықты жақсылыққа, бірлікке, имандылыққа шақыратын өсиет пен тәрбие жыры.

Ұлттық киімдерімен жарасқан  өнерпаз топ жарапазан айтып, бұдан да басқа әсерлі әндер орындап, халықтың көңілін көтере білді. Ата-бабаларымыздың салтымен жаңғырған Абылай алаңына бүгінгінің қазақ батырлары, қолдарына қыран бүркіттерін қондырған саятшылар мен тазылары мен төбеттерін ерткен аңшылар ерекше бір рух бергендей еді.

Бір келген он екі айда ораза иман!

Ассалаумағаликум, дәуіт ғалам,

Ағаға осы үйдегі бердік сәлем.

Ағаға осы үйдегі берсек сәлем,

Сәлемді қабыл көрсін хақ Тағалам,–

деп жарапазанды әсерлі бір шабытпен айтқандар легі Көкшетау қаласының көшелерімен әуелетіп бара жатты. Тап бір қазақтың сәні мен салтанаты жарасқан көші кетіп бара жатқандай әсер етті.

Жарапазаншылар сол бетпен «РИО» ойын-сауық орталығына келгенде, халық нөпірі молайып кетті. Жиналғандар алдында Ақмола облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Алмас Аянұлы Алин құттықтау сөз сөйледі.

–Қасиетті Рамазан айы құтты болсын! Бүгінгі жарапазан айту шарасы біздің еліміздің ынтымағы мен бірлігін арттыруға ықпал жасарына сенімдімін. Қазіргі уақытта ел бірлігін сақтау біздің елдігімізге сын екендігін ұмытпайық. Жаңа Қазақстанды құру жолындағы Президентіміз жүргізіп отырған реформалардың ойдағыдай жүзеге асырылуына атсалысу біздің әрқайсымыздың азаматтық парызымыз болуы керек.

Бұл сауда орнында да жарапазан айтылып, ән шырқалып, күй тартылды. Балаларға сыйлықтар үлестірілді. Жарапазан айтушылар Көкшетау қаласының өзге де сауда орындарына барды, қала көшелерімен жүріп өтті. Атап айтқанда, «РИО» сауда орнынан бөлек «Рубин» сауда орны мен Көкшетаудағы орталық базар алаңдарында да жарапазаншылар керуені салтанатпен жүріп өтті.

Жарапазан айту шарасын ұйымдастыруға және  осы шараның сәнді де салтанатты жағдайда өтуіне Ақмола облысының бас имамы Қуаныш Жұмабайұлы және Құдайберлі Мырзабек басқаратын Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейі, Саян Мұхамедияров жетекшілік ететін Біржан сал колледжі, елге танымал өнерпаздар Қалдыбек Абдураев, пен Төлеген Аманов,  Руслан Қойшыбаев жетекшілік ететін «Оқжетпес»  фольклорлық ансамблі және Жанатқазы Дәмелғазы жетекшілік ететін «Асыл мұра» тобының өнерпаздары Мейрамбек Мұқатай, Аслан Мұхамедияр, Азамат Қадыл, Абылай Иманбай зор үлестерін қосты.

Халқымыздың жаңғыра түскен жарапазан айту шарасы Бурабайдағы Абылай хан алаңында жалғасып, қашанғы бір салт-дәстүріміздің бәсі биіктеп бара жатты.

 Жабал ЕРҒАЛИЕВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар