«Сәлем!» Көкшетаудағы Халықаралық театр фестивалі шынайы өнер мерекесі болды

Көкшетауда ағымдағы жылдың 27-31 наурыз аралығында Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаевтың қолдауымен Халықаралық театр фестивалі болып өтті.  Ш.Құсайынов атындағы қазақ музыкалық-драма театрында мемлекет және қоғам қайраткері Темірбек Жүргеновтің 125 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған «Сәлем!» халықаралық комедиялық қойылымдар байқауының жабылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Алтынай Әміренова қатысып, үздік өнерпаздарды марапаттады.

Салтанатты шарада өнер додасында бой көрсеткен театр ұжымдары әртүрлі аталымдар бойынша марапатталып, ақшалай сертификаттарға ие болды. Сахна саңлақтары көрермендерін, көрермен әртістерін қимай қоштасты. Театр әртістері көкшелік көрерменнің ыстық ықыласына алғыс білдірді.

27-31 наурыз аралығында өткен театр фестивалінде 9 аталым бойынша Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, театрлары  өзара бақ сынасты. Кербез Көкшені керемет әсерге бөлеген театр мерекесі тағылымды да тартымды қойылымдарымен есте қалды. Сахнада өрелі өнер көрсете білген театр ұжымдарының қойған қойылымдарының да тақырыбы сан алуан. Театр ұжымдары көрерменімен бірнеше тілде тілдесті, шер тарқатты, ақыл қосты, ой бөлісті, сырласты. Өзара шығармашылық ынтымақтастыққа негіз болған фетиваль ежелден ынтымағы жарасқан көршілес елдердің мәдениеті мен өнерінің өрісін кеңейтіп, рухани бірлігін нығайтуға үлкен үлес қосты.

Театр өнеріндегі комедия жанрын дәріптеу, жұртшылық назарын қазіргі заманғы комедия жанрына және жаңа театрлық үдеріске аудару мақсатында ұйымдастырылған өнер фестивалінде Өзбекстан Республикасының мемлекеттік әскери «Тұран театры», Т.Абдумомунов атындағы Қырғыз ұлттық академиялық драма театры,  Әзірбайжан Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театры, Б.Римова  атындағы Талдықорған драма театры, Шымкент қалалық әзіл-сықақ және сатира театры, Райымбек Сейтметов атындағы Түркістан қаласының сазды-драма театры, І.Омаров атындағы Қостанай облыстық қазақ драма театры, Ж.Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыкалық-драма театры, Астана қаласының Жастар театры және Ш.Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ  музыкалық-драма театрының ұжымдары өнер көрсетті.

Кеш соңында  өнер  ұжымдары әртүрлі аталымдар бойынша марапатталып, ұйымдастыру алқасының арнайы дипомы және ақшалай сертификаттарына ие болды. Тарқатып айтар болсақ, «Үздік дебют» номинациясымен  Астана қаласы әкімдігінің «Жастар театры» «Пранк-Махаббат» комедиясындағы  Қымбат рөлі үшін – Ләззат Қуанышова марапатталды.

«Үздік сценография» аталымына  Өзбекстан Республикасының мемлекеттік әскери «Тұран» театры ие болса, «Үздік актерлік ансамбль» номинациясымен Ілияс Омаров атындағы Қостанай облыстық қазақ драма театры марапатталды. «Үздік эпизодтық роль» номинациясына Токтоболот Абдумомынов атындағы Қырғыз Мемлекеттік академиялық театры «Алда жаш жубайлар, ай» комедиясындағы Лазат Элеси рөлі үшін  Арген Карагулов ие болды. «Үздік музыкалық безендіру» номинациясымен «Шымкент қалалық әзіл-сықақ және сатира театры» марапатталды.

«Үздік әйел бейнесі» номинациясымен Райымбек Сейтметов атындағы  Түркістан қаласының сазды-драма  театры «Турандот ханшайым» комедиясындағы Турандот  рөлі үшін Гүлзада Айтбаева марапатталды. «Үздік режиссерлік шешім» номинациясымен Ж.Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыкалық-драма театры марапатталды.  «Үздік ер адам бейнесі» номинациясымен Бикен Римова атындағы Талдықорған драма театры «Қазақы комедия» комедиясы үшін марапатталды. «Үздік комедиялық қойылым» номинациясымен «Әзірбайжан Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театры  «Чарли Чаплин» трагикомедиясы үшін үздік деп танылды.

Сонымен қатар, Ұлы Отан соғысының ардагері, жазушы-журналист Әскен Нәбиевтің атындағы арнайы жүлде Астана қаласының жастар театрының режиссері Дәурен Серғазинге, Ж.Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыкалық-драма театрына, Ілияс Омаров атындағы Қостанай облыстық қазақ драма театрына арнайы сыйлық және ақшалай сертификаттар табыс етілді.

 «Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар