Еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша 544 адамды оқыту жоспарлануда

Өңірлік коммуникациялар қызметінде Ақмола облысының жұмыспен қамтуды және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Абжатов ағымдағы жылғы қысқа мерзімдік кәсіптік оқыту жөнінде брифинг өткізді.

  Өткен жылдың қорытындысы бойынша «Кәсіпқойлық даму» ұлттық жобасы аясындағы оқуға 555 адам жолданған еді.  511 адам білім алған. Оның ішінде 492-сі немесе 96,3 пайызы жұмысқа орналастырылды.

−Бұл мақсатқа бюджеттен 105 миллион теңге бөлінді. Өткен жылы еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша 179 аспаз, 60 ауыл шаруашылығы өндірісінің машинистері, 30 тігінші, 28 қазандық операторлары, 27 электр газ дәнекерлеуші және 21 мектепке дейінгі білім беру мекемелерінің тәрбиешілері оқытудан өтті. 2022 жылы қысқа мерзімді оқытудың құны білім беру ұйымы үшін және жұмыс берушінің жұмыс орнында бір білім алушыға айына 46 мың теңгеге дейін, кәсіпорындарда және дербес оқу орталықтарында 1 білім алушыға қысқа мерзімді кәсіптік оқытудың бағасы 53 мың теңгеге дейін. Үстіміздегі жылы бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен 153 миллион теңге бағытталды. Ағымдағы жылы еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша 544 адамды оқыту жоспарлануда. Сондай-ақ, қысқа мерзімді кәсіптің құны өңірлік комиссияның шешімі бойынша білім беру ұйымы үшін және жұмыс берушінің жұмыс орнында бір білім алушыға айына 64 мың теңге, кәсіпорындарда және дербес оқу орталықтарында бір білім алушыға айына 65 мың теңгені құрады,−деді Ерлан Абжатов.

Бұдан басқа, білім беру ұйымдарында және дербес орталықтарда білім алушылар үшін 21787 теңге мөлшерінде шәкіртақы көзделді. Жол жүру ақысына төрт айлық есептік көрсеткіш немесе 13800 теңге, тұру үшін 17 250-ден 34500 теңге, медициналық тексеруге 6900 теңге, егер жұмыс берушіде жұмыс орнында оқу болса, онда тек 20 айлық есептік көрсеткіш немесе 69 мың теңге мөлшерінде жалақы төленеді.

−Бүгінгі таңда қысқа мерзімді кәсіптік оқыту шеңберінде ауыл шаруашылығы өндірісінің тракторшы машинисі, аспаздар, маникюр шеберлері, газ-электр дәнекерлеушілер және тағы басқа мамандықтары бойынша 84 адам білім алуда. Біз қысқа мерзімді оқыту бойынша «Кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған» ұлттық жобасын жариялау жөніндегі жұмысты бұқаралық ақпарат құралдары арқылы, Фейсбук, Инстаграм беттерінде, жұмыспен қамту орталықтарымен, ауылдық елді мекендердің әкімдіктерімен халыққа жеткіземіз,−деді Ерлан Абжатов.

Іс-шара  соңында спикер мамандық сатып алғысы келетін және ол бойынша жұмысқа орналасқысы келетін облысымыздың жұмыссыз тұрғындарын хабардар ету мақсатында олардың өзінің тұрғылықты жері бойынша жұмыспен қамту орталықтарына жүгініп, өтініш беру арқылы тегін оқи алатынын жеткізді.

Ілияс ӘУБӘКІРОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар