Жауапты науқанға тиянақты дайындық бар

Астықты өңірде қарбаласы мол, жауапкершілігі жоғары көктемгі егіске тыңғылықты дайындық бар деп айтуға болады. Тұқым қоры жеткілікті. Көктемгі дала жұмыстарына қажетті техника дайындықтан өткізілуде.

Үстіміздегі жылы облыс 5,2 миллион гектар алқапқа дәнді дақылдар тұқымын сіңірмек. Өткен жылмен салыстырғанда, егістік көлемі 54,3 мың гектарға ұлғайып отыр. Бидайдың өзі ғана 4,1 миллион гектар алқапқа егіледі. Демек, ел ырыздығы бұрынғы жылдармен салыстырғанда әлдеқайда молая түсуі әбден мүмкін. Астықпен бірге майлы дақылдар алқаптары да назар аударарлықтай. Ал, көпшілік екінші нан деп атайтын картопқа өңірде қай кезде де сұраныс жоғары. Олай болатын себебі, біздің өңір Астананы азық-түлікпен қамту белдеуіне жатады. Сондықтан, тұтынушылар жыл өткен сайын көбейіп келеді. Халықтың бау-бақшасындағы көлеммен қосып есептегенде үстіміздегі жылы 15,2 мың гектар жерге картоп дақылы отырғызылады деп межеленуде. Ал, көкөніс көлемі 2,5 мың гектарға тең. Өткен жылмен салыстырғанда, 0,7 мың гектар өсім бар. Демек, өңір тұрғындары көкөніссіз болмайды. Осындай талпыныстың арқасында дастархан мәзірі артып, береке үйіріле береді деген үміт бар.

Ел үміті ақталуы үшін тыңғылықты дайындықтың керек екендігі белгілі. Бұл орайда, «не ексең, соны орасың» дегендей мол өнім  алудың алғышарты сапалы тұқым екендігі белгілі. Бұл тарапта өңір диқандары үшін бөгесін болар қиындық жоқ деуге болады. Қоймадағы 533 мың тонна тұқым барлық шаруашылыққа жетеді. Сондай-ақ, майлы дақылдар мен мал азығының, картоптың тұқымы 100 пайыз жеткілікті. Диқандар үшін өзекті мәселенің бірі – минералды тыңайтқыш. Жер қаншалықты жомарт болғанымен, қорегін уақытылы үстемелей толықтырып отырған ләзім. Күні бүгінге дейін өңірде 110 мың тонна минералды тыңайтқыш дайындалды. Бұл орайда, жергілікті бюджеттен де көмек көрсетілуде. Сөзімізді нақтылай кетсек, минералды тыңайтқыштарды жеңілдетілген бағдарлама бойынша алу үшін 3,2 миллиард теңге қаражат қарастырып отырылғанын айтсақ та жеткілікті.

Жауапты кезеңде уақытты өткізіп алмай, дәнді дер кезінде сіңіріп үлгерген өте маңызды. Ал, ол жұмыс ең алдымен ауыл шаруашылығы техникаларының дайындығына байланысты. Халық қашанда «көктемнің бір күні жылға азық» дейтіні де сондықтан. Үстіміздегі жылы көктемгі дала жұмыстарына 15,1 мың трактор, 16,6 мың сеялка, 1,5 мың жоғары өнімді егіс кешендері қатыстырылады деп жоспарлануда. Күні бүгінге дейін жоғарыда аталған техниканың 70 пайызы дайындалды. Қазіргі уақытта қалған техниканы қосалқы бөлшектермен қамтамасыз етіп, әзірлік сапына қою бағытында қауырт жұмыс жүргізіліп жатыр. Сәл таратып айтатын болсақ, трактордың және топырақ өңдейтін құрылғылардың 97 пайызы дайын.

Өңірдегі ауыл шаруашылығы құрылымдары машина-трактор паркін жаңартуға мейлінше мән беруде. Үстіміздегі жылдың қаңтар-ақпан айларында ауыл шаруашылығы құрылымдары жалпы құны 8,6 миллиард теңге болатын 208 техника сатып алды. Оның 48 данасы трактор болатын болса, 15-і егіс кешені. Міне, осындай жаңарған, өнімді де өнікті әрі сапалы жұмыс істейтін  техникаларды мүлтіксіз пайдалана отырып, көктемгі егіс науқанын уақытында аяқтауға мол мүмкіндік бар. Сөз арасында соңғы жылдары ауыл шаруашылығының материалдық базасы нығайып келе жатқандығын айта кетуге болар. Мәселен, 2022 жылы жалпы құны 73,9 миллиард теңге тұратын 1909 дана ауыл шаруашылығы техникасы алынды.  Шынтуайтында бұл үлкен күш. Өтпелі кезеңде ауыл шаруашылығы қожырап қалатын болса, осындай техникаға қол жетпеді. Бүгінгі күні бұл тараптағы жұмыс мемлекеттің тікелей қамқорлығының арқасында көп-көрім жақсарып қалды. Машина-трактор паркінің жаңғыртылуының арқасында көктемгі және күзгі дала жұмыстарын дер шағында толық әрі сапалы атқаруға барлық жағдай туғызылып отыр.

Соңғы жылдары жанар-жағар майдың жетімсіздігі туралы өкпе-реніш сирек айтылады. Тығырықтан шығуға тағы да мемлекет тарапынан көрсетілетін қамқорлық, ауыл шаруашылығын қолдау бағытындағы бағдарлама септігін тигізіп отыр. 2023 жылы Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі өңірдің ауыл шаруашылығы құрылымдарына 74,3 мың тонна кепілдендірілген дизель отынын бөлу туралы тапсырма берді. Қазір қажетті жанар-жағар май өңірге жеткізілуде. Павлодар мұнай-химия зауытынан 52,1 мың тонна, Шымкент мұнай зауытынан 22,2 мың тонна жанар-жағар май бөлініп отыр. Дизель отынының бір тоннасы 222 мың теңге тұрады. Орталықтандырылған операторлар бұл бағыттағы жұмысты ширата түсуде.

Сөз арасында облыстың ауыл шаруашылығы құрылымдарын субсидиялау жайын айта кетсек артықтығы болмас. Мемлекет ауыл шаруашылығы саласын жандандыруға көп көңіл бөліп отыр. Егер осы сала серпін алса, онда ауылдар да еңсе көтерер еді. Үстіміздегі жылы өңірдегі ауыл шаруашылығы құрылымдарына бөлінетін субсидия көлемі 45,6 миллиард теңгеге жетті. Оның 12,9 миллиарды өсімдік шаруашылығына бағытталып отыр.

Көктемгі дала жұмыстарын қаржыландыру үшін «Кең дала» бағдарламасы бойынша үлкен жұмыс жүргізілуде. Бүгінгі күнге дейін ауыл шаруашылығы құрылымдарының 214 өтінімі қанағаттандырылып, 14,7 миллиард теңге қаражат бөлінді. Бұл қаражат диқандар үшін өте қажет еді және ол күні бұрын қолдарына тисе, тіпті жақсы. Әйтпесе, жауапты науқанға жан-жақты дайындалуға уақыт тапшы. Алдағы уақытта да ауыл шаруашылығы құрылымдары қажетті қаржыдан тапшылық көрмейді.

Диқандарды қаржыландыру әлі де жалғасын табуда. Биылғы көктемгі дала жұмыстары кезінде бөгесін болар қиындық жоқ деуге болады. Оның барлығы ұзақ жылғы тәжірибеге сүйене отырып, егжей-тегжейлі дайындық жасау. Дәл осы арада диқандардың да еңбегін айта кетуіміз керек. Уақытпен санаспай, бойларындағы бар қажыр-қайратын жұмсап жұмыс істейтін дала еңбеккерлері сын сағатта сынақтан сүрінбейді. Егер ақық дән иен далада тербеліп, сәнін келтіріп тұрса, ырыздық үшін жасалған ұлы жорықтың басында қажыр-қайраты мол диқандардың еңбегі десек, ешбір артықтығы жоқ.

Серік БАЛЖАНОВ,
облыстық ауыл шаруашылығы және
жер қатынастары басқармасының басшысы.         

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар