Болашақ бүгіннен басталады

Ертеңгі күні ел тұтқасын ұстайтын жастардың заман ағымына сай сапалы білімді, қоғамның қай саласында болсын жан-жақты болуы маңызды. 2020 жылдың қараша айында Ақмола облысы білім басқармасы жанындағы «Bolashaq saraiy» мекемесі оқушылар мен студенттер үшін өз есігін ашқан болатын.

Қосымша білім беру ордасы аз уақыттың ішінде тамыры тереңге бойлайтын тарихтың негізін қалап үлгерді. Білім мекемесінің негізгі мақсаты – саналы, білімді, көзі ашық ұрпақ тәрбиелеп, еліміздің беделін асқақтататын ұлт қалыптастыру! Үш жылдың ішінде өңірдегі білім мен тәрбиенің ошағына айналған «Bolashaq Saraiy» қазіргі таңда спорт, медиа, шығармашылық, ғылыми-интеллектуалдық, ІТ бағыттары бойынша 3000-нан астам бала 120 түрлі үйірмеде өз таңдаулары арқылы білім-қабілеттері мен саламатты өмір салтын жетілдіруде.

Шығармашылық бағытта оқушылар мен студенттер «Гүлдер», «Болашақ», «Тұмар», «Diamond» топтарында би өнерін, «Үлгілі вокал» үйірмелерінде ән айтуды, «Фантазия» және «Экспрессия» топтарында сурет салуды, «Фом-флористика», «Золотая нить» сәндік-қолданбалы өнер үйірмелерінде түрлі бұйымдарды жасауды, «Үкілі домбыра», «Жетіген», «Қыл-қобыз», «Саз сырнай» үйірмелерінде аспаптарда ойнауды, «Маска» үйірмесінде сахна өнерін меңгеруді, «Мобилография» үйірмесінде фото мен бейнебаяндар түсіруді, «Жүргізушілер клубында» көлік жүргізуді үйренеді.

Ғылыми-интеллектуалды бағытта «Жас ғалым», «Жас натуралист», «Химияның шағын академиясы», «Green industry», «Eco – water», «Planta Tech» және тағы басқа үйірмелерде биотехнология, экология, қоршаған ортаны қорғауға байланысты тақырыптар зерттеліп, заманауи зертханада, Германия, Швеция елдерінен әкелінген құрылғыларда теорияны тәжірибе жүзінде сынап көруге мүмкіндік береді.

Қазіргі цифрлық дәуір кезеңінде, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар мен инженерлік техникалық бағытта болашақ мамандарды даярлау жүзеге асырылып, «Cybertron», «Lego Mindstorms», «Lego Club», «Lego WeDo», «Tesla club», «Lego kids», «Lego junior» үйірмелерінде робототехника, «New generation», «Радиотехниктер клубы», «STEАM», «STEAM IOT» үйірмелерінде энергетика, электроника, автоматизациялау, «3D прототиптеу студиясы» үйірмесінде 3D модельдерді жасау, шығару және өңдеуді, «Графикалық дизайн», «Компьютерлік дизайн», «WEB дизайн», «Иллюстратор» үйірмелерінде графикалық суреттерді салу, анимацияларды жасау, «Python», «Java Script», «Алгоритмдер», «Киберқауіпсіздік негіздері» үйірмелерінде бағдарламалау тілдері, киберқауіпсіздік негіздері үйретіледі.

Өзектілігімен ерекше медиа бағыттағы «Журналистика негіздері» үйірмесінде жас журналистер, «Көшбасшылар мектебінде» жас көшбасшылар, «Пікірсайыс» үйірмесінде сөз шеберлері, «Ақмолатану», «Мәдени-танымдық туризм» үйірмелерінде өлкетанушылар білім алып, болашақ фототілшілер мен бейнеоператорлар өз қабілеттерін «Фотон» үйірмесінде жетілдіре алады.

Дені сау ұрпақ қалыптастыру үшін керемет спорттық алаң ұйымдастырылып, спорт бағытының негізгі түрлері үйретіледі. Оқушылар доп ойындарымен, күрес түрлерімен, каратэ, дзюдо, теннис, шахмат, қазақтың ұлттық ойындары асық, тоғызқұмалақ, қазақша күреспен айналысып, суда жүзу үйірмесіне баруға мүмкіншіліктері бар.

Сонымен қатар, ерекше білімді қажет ететін балалар үшін психологиялық- педагогикалық қызмет көрсетіледі. Мұнда 118 бала білім алады. Балалар өздерін еркін сезініп, толыққанды білім алуға барлық жағдай қарастырылған және ерекше балалармен логопед, дефектолог, психолог, арт-терапевт мамандары қызмет атқарады.

Жыл сайын білім ордасын таңдап, өз қызығушылықтарын қанағаттандыру мақсатында үйірмеге қатысатын балалар саны көбеюде. «Воlashaq saraiy» талантты да дарынды балаларды тәрбиелеуде облысымызға  айтарлықтай үлес қосуда. Мақтануға тұрарлықтай жетістіктері де  мол. Атап айтып кетер болсақ, «Шебер қолдар» үйірмесінің оқушысы Темір Инаят «Алтын қазына» атты облыстық конкурстан бірінші орынды иеленді. Ши тоқу техникасымен жасалған «Қобыз үні» аталатын туындысымен тамсандырған жас жеңімпаз республикалық конкурсқа жолдама алды. «Өнерлінің қолы алтын» демекші, дара талантымен алда талай белестерді бағындырып, еліміздің қолөнерін әлемге танытарына сенеміз.

Румыния мемлекетінде өткен асық ату, бес асық жарысынан «Асық ату» үйірмесінің тәрбиеленушісі Айлана Думан бірінші орынды иеленіп, Әлем кубогын жеңіп алды. Аталмыш жарысқа Қырғызстан, Түркия, Чехия, Молдова, Болгария мемлекеттерінен 32 спортшы қатысты. Еліміздің атын әлемге танытып жүрген жастарымыздың жетістіктері өте көп. «Боламын деген баланың бетін қақпа, белін бу» демекші мол мүмкіншілік сыйлайтын мекен – «Bolashaq saraiy».

Ғылыми-зияткерлік, ІТ бағыттары бойынша да көптеген жетістіктер бар. Инновациялық идеялардың облыстық байқауында Андрей Буторин бірінші орын, Қарағанды қаласында өткен «Roboland 2022» халықаралық робототехника жарысында Арман Мақышев, Андрей Буторин жеңімпаз атанды.  Оқушылар мен студенттер және жас ғалымдар арасында «Aqmola POWER» инновациялық идеялар мен жобалардың аймақтық байқауында Әли Рүстемұлы, Талғат Мақсат, Қайрат Ерасыл өздерінің тың идеяларымен алдыңғы қатарға шығып, бірінші орын алды. Дүбірлі додаларда өздерінің алғырлықтарымен алға суырылып, оза шабатын оқушылардың әр жеңісі – тәлімгерлер мен жетекшілерінің жемісі.

«Воlashaq saraiy»-ның басшысы Айнагүл Қыдырбайқызының айтуына қарағанда, үш жылдың ішінде осындай белесті бағындыру біріктірілген күштің арқасы.

–Ел болашағы – білімді жастар. Әрбір мемлекеттің болашағы мектебінде шыңдалады. Мекемемізде әр оқушының білім-қабілеттері мен талантын шыңдауға үлкен мән беріледі. Боламын деген баланы қолдап, жол көрсетіп, мүмкіндік сыйлау, «Воlashaq saraiy»-ның басты мақсаты. Біз бірігіп асулар мен шыңдарды бағындыратынымыз сөзсіз, – дейді ол.

Заманауи техникамен жабдықталған ғимаратта тың идеяларды жүзеге асыруга мүмкіндік мол. Эко жобалар шеберханасының жетекшісі, техника ғылымдарының магистрі Тимур Камалов әлеуметтік маңызы зор, ерекше балаларды қоғамға бейімдеуге және оларды толыққанды өмірін ұйымдастыру мақсатында қайта өңделген пластиктен балаға қол протезін жасады. Әрине, бұл жобаға «Recycling club» үйірмесінің білім алушылары да ат салысты.

«Білімді болу деген сөз – белгісіз нәрсені ашу, қабілетіне ие болу деген сөз» деп әлемнің екінші ұстазы Әбу Насыр Әл Фараби айтқанындай, біздің білім беру қызметкерлерінің негізгі мақсаты дайын білімді меңгерген жай оқушыларды оқытып қоймай, өмірге бейім, өз айналасында белгісіз қалған әр жағдайдан жаңалық ашуға жаны құмар жаңашыл жан-жақты, дамыған тұлғаларды қалыптастыру. Балалардың білімі мен жыл бойы жеткен жетістіктерін бағалап, жылды қорытындылайтын және алға жігерлендіретін ерекше іс-шара ол «Болашақ премиясы». Бір жылда жетекшілерімен бірге атқарған жұмыстарының жемісін ақтап, бағаланады. Ерекшеліктеріне қарай әр баланың дарынын бағалайтын дәстүрлі шараны бес бағыттың білім алушылары тағаттана күтеді.

«Воlashaq saraiy» қызметкерлері арасында да спорт бөлімінің дәстүрге айналған. Жал сайын Наурыз мерекесіне орай «Bolashaq барысы» атты қазақ күресі ұйымдастырылады. Жетістікке толы жылдың тағы бір жемісі оқушылардың Caravan of Knowledge қорының steam teen Research республикалық гранттық бағдарламасына қатысып, өз жетекшілерімен бірлесіп жасаған жобаларымен бұл байқауда 5 грант ұтып алды. ІТ және ғылыми-интеллектуалды бағытының білім алушылары өз жобаларымен додаға түсіп, қорғап шықты. Жасаған жобаларын жүзеге асыру жолында 125 мың теңге ақшалай грант иегерлері атанды. Шығармашылық бөлімінің «Воlashaq» би үйірмесінің оқушыларының ерекше жетістігі Өзбекстанда өткен «Nauryz fest» халықаралық конкурсында Гран-Приге ие болды.

Әр оқу жылы дәстүрлі шара – шығармашылық бөлімінің оқушылары ұйымдастырған есеп беру концертімен қорытындыланады. Барлық ата-аналар мен жыл бойы қызмет жасаған ұстаздардың құрметіне өз балаларының жетістігі мен еңбектерінің жемісін көруден асқан қуаныш жоғы сөзсіз.

Байқал БАЙӘДІЛОВ.

Көкшетау қаласы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар