Еліне адал қызмет жасаған азамат

Адам баласы ес білгеннен бастап зейнетке жеткенге дейін әр түрлі өмір белестерінен өтеді. Өмір жолында неше түрлі қиыншылықтарды, қуаныштарды бастан кешіресің. Зейнетке шыққаннан кейін осылардың бәрін есіңе алып,  халқыма, отбасыма, туыстарыма, жора-жолдастарыма қандай жақсылық жасадым деп ой елегінен өткізесің.Менің кейіпкерім Аманжол Нұрмұхамбетұлы Жазин де дәл осындай күйді басынан кешірген шығар. Ол кісінің өмірбаянын қарап отырсаңыз елу жылға жуық еңбек жолында еліне адал еңбек еткендігі тайға таңба басқандай көрініп тұр. Он төрт жасында мамандық алу үшін темір жол техникумына оқуға түседі. Оқу орнын бітірген соң Ерейментау локомотив депосында тепловоз машинисінің көмекшісі болып еңбек жолын бастайды. Содан кейін училищеде мастер, ұстаз қызметтерін атқарады. Әр қарай энергетика саласына жұмысқа ауысып, инженер, бас инженер, шеф-инженер лауазымдарында қызмет істейді. Кешегі кеңестік дәуірде коммунистік партия кадрлар дайындауға жіті қарайтын. Дайындықтан өткен, білімді, басқару қызметіне ыңғайы бар жастарды комсомол, партия жұмыстарына шақыратын.

–Бұрынғы қызметінде жалақым өте жақсы болса да, одан жалақысы әжептәуір төмен Целиноград қалалық партия комитетіне нұсқаушы болып ауыстым. Одан кейін менің қабілетімді байқады-ау деймін мені облыстық партия комитетінің өндірістік-көлік бөлімі меңгерушісінің орынбасарлығына қызметке шақырды, – деп еске алады Аманжол Нұрмұхамбетұлы.

Біздің аяулы ағамыз Қасым Тәукенов Атбасар аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып барғаннан кейін өндіріс-құрылыс саласына жауапты хатшы іздейді. Таңдау Аманжол Жазинге түседі.

–Мен онда барғаныма өкінбеймін, Қасекең қызметті ұтымды жүргізудің әртүрлі жолдарын үйретті. Ол кісіден басқарудың, халықпен жұмыс істеудің қыр-сырын үйрендім. Мен ол кісіге өте ризамын және қарыздармын, – деп еске алады менің кейіпкерім.

Бұл ауданда жемісті үш жыл қызмет атқарғаннан кейін Әужекеңді Астрахан аудандық атқару комитетінің төрағасы қызметіне ауыстыруға облыстық партия комитеті шешім қабылдайды. Бұдан он бес жыл бұрын осы ауданда осы қызметті әкесі Нұрмұхамбет Жазин атқарып кетіпті. Астрахандықтар әкесін сыйлап, құрмет тұтқан. Аудан орталығында ол кісінің атында көше және мемориал тақта орнатылыпты. Ағамыз екі мәрте Ленин орденімен марапатталып, екі мәрте Қазақ ССР-ның Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланған. Нұрекең Хрущевтың солақай саясатының бірі жекеменшік малды ұстауды күрт төмендету керек екендігін шешкен кезде оған қарсы болып, аудан тұрғындарының малдарына тиіскізбейді. Сол үшін бюрода қатаң сөгіс алады. Әкесінің орнына баруға қорқақтайды. Ол заманда облыстық партия комитеті шешім қабылдаса, сөзсіз орындалатын.  «Әкеден ұл тумай ма, әке жолын қумай ма» деген қағиданы басшылыққа алып, жұмысқа да кірісіп кетеді.

Бұдан кейінгі қызметтерінің айшықтысы Теңіз аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып сайланды. Аудан қой шаруашылығына бейімделген. Аудан жабылғаннан кейін жерін Қарағанды облысының Нұра ауданына қосты. Менің кейіпкерімнің айтуына қарағанда, қарағандылықтар жақсы қарсы алыпты. Қарағанды қаласында Д.А.Қонаевтың қатысуымен өткен жиналыста Аманжол Жазин сөз сөйлеп, Коркин бастаған басшыларға ризашылығын білдіріпті. Кейін Ақмола облысының экономика басқармасы басшысының орынбасары, тәртіптік кеңестің төрағасы, облыстық мәслихаттың  хатшысы қызметтерін абыроймен атқарды. 2007 жылы төртінші шақырылған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісіне депутат болып сайланды. Аманжол Нұрмұхамбетұлы қай қызметте болса да еліне адал қызмет етті. «Құрмет» ордені мен бірнеше медальдарға ие болды.

Өткен өмір жолдарына ой көзімен қарасаңыз, еліне еткен еңбегі кейінгі жастарға әдемі үлгі боларлық. Бар қызметін тәптіштеп жазып отырғанымыз да сондықтан. Алдыңғы буын ағалардың туған елінің тұғырын биіктетуге қосқан үлесі әрдайым ұмытылмауға тиісті. Себебі, ол өмір мектебі.

Еркін Дәуешұлы,
Қазақстан Журналистер одағының
және Астана қалалық ардагерлер
кеңесінің медиатобының мүшесі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар