Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Қазақ Мемлекетінің көне карталары мен атластары - АРҚА АЖАРЫ

Қазақ Мемлекетінің көне карталары мен атластары

Тарих толқынындағы Қазақстанның үзіліссіз мемлекеттілігі. ХVІ-ХIХ ғасырлардағы еуропалық және американдық карталардағы Қазақ мемлекеті.

Мұхит-Ардагер.

Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің заманауи зерттеулер институтының директоры, саясаттану ғылымының докторы Мұхит-Ардагер Сыдықназаровтың «Тарих толқынындағы Қазақстанның үзіліссіз мемлекеттілігі. ХVІ-ХIХ ғасырлардағы еуропалық және американдық карталардағы Қазақ мемлекеті» еңбегі жайлы пікір.

Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің ректоры Марат Сырлыбаевтың ұйымдастыруымен Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің заманауи зерттеулер институтының директоры, саясаттану ғылымының докторы Мұхит-Ардагер Сыдықназаровпен кездесу болып өтті. Университеттің ғылыми кеңесінің шешімімен Мұхит-Ардагер Сыдықназаровқа «Көкшетау университетінің Құрметті профессоры» атағы берілді.

 Белгілі  ғалым, профессор Мұхит-Ардагер Сыдықназаровтың  осынау кітабы сөз жоқ қазақ тарихына, отандық ғылымға қосқан сүбелі еңбек болып табылатыны сөзсіз.

Осы ретте мен бірінші осы кез-келген картаның маңызын айтып кетсем. Жалпы «карта» сөзі немісше «түпнұсқа», ал, грекше «жазу папирусы» деген ұғымды білдіреді. Карта жасау тарихы тым тереңде жатыр. Карта географиялық, саяси, тарихи, экономикалық карта деп көптеген түрлерге бөлінеді. Мысалы, саяси карта арқылы біз әр елдің орналасқан жерін, астанасын, аймақтың көлемін, қай елдермен шектесетіні жайлы білеміз.

Тас дәуіріндегі қашап жазылған кескіндер, америка үндістерінің аңшылық соқпақтарындағы іздер мен тас суреттері, Қаратау бойындағы күйме арбалар мен суреттердің бәрі көш жолында кездеседі, яғни, олар ертеде карта орнына аңшыларға, көшпенділерге қызмет еткен. Тарихта ең алғашқы карталар Қытайда, ежелгі Грекияда жасалғаны белгілі. Б.з.д. ІІ ғасырдағы Птолемейдің картасында 26 мемлекеттің аумағы қамтылған. Ғұлама саяхатшылар әл-Идриси мен ибн Хаукал дүние жүзі мен Орта Азияның картасының нұсқасын жасаса, әл Хорезми «Жер жайындағы кітапта» карта тарихы, оны жасау жайлы көптеген мәліметтер келтіреді. Махмұд Қашғариде де осындай деректер бар.

Уақыт өте келе Ұлы географиялық ашулар, европалықтардың Азия, Америка, Африка елдерін игеруі картаның маңызын арттыра түсті. Европа елдерінде осы кезеңдерде арнайы карта жасайтын кәсіпорындар пайда болған. ХVІ-ХVІІ ғасырларда карта жасау ісі, әсіресе, Голландия мен Италияда тез қарқынмен дамыды. Ал, Қазақ жерінің, Орта Азияның алғашқы карталары қай кезде жасалғаны, оны кімдер жасағаны әлі тың, толық зерттелмей жатқан тақырып. Қазақ елінің ұлы перзенттері Әл-Фараби, М.Қашғари, М.-Х.Дулати, Д.Жалаири еңбектерінде географиялық мәліметтер өте көп. Қазақ жеріндегі қалалар мен қоныстар, таулар мен өзендер, мемлекеттер мен тайпалар жөнінде тамаша деректерді әл-Идрисидің «Сурет ал-ард» (Жер бетінің суреті) картасынан табуға болады.

Ол карта 1154 жылы салынған. Солардың ішінде кимектердің 16 қаласы аталады. XVII ғасырдың соңында орыс ғалымы С.Ремезов алғаш рет қазақ жерін өзі жазған кітабындағы картаға түсірген. Ол кітап «Сібірдің сызба кітабы» деп аталды. Зерттеуші орыс-казак арасындағы алғашқы елшілік деректерін пайдаланған. С.Ремезовпен қатар қазақ жерінің картасын Жоңғария ханының тапсырмасымен тұтқын швед офицері И.Г.Ренат та жасайды. Орыс императоры Петр І-дің тапсырмасымен Орта Азияны, қазақ жерін зерттеуге А.Неприпасов, Ф.Скибин, А.Черкасский, С.Унковский, И.Муравин саяхатшы-картографтар жіберілді. Соның бірі И.Муравин деген картограф, ол 1740 жылға дейін Арал теңізінің шығыс бетін, Әмудария, Сырдария өзендерін, оның Аралға құятын сағаларын картаға түсірген.

Ресейдің барлаушылары мен картографтары Каспий теңізінен бастап, Арал теңізінің маңын, Орскіден бастап, Шығыстағы Тобыл, Ертіс, Тарбағатай асуы арқылы Қорғасқа дейін баратын жолдарды, өңірлерді, өзендерді, көлдерді жолдардың бәрін картаға түсіріп алған. Кейін 1742 жылы Карл Миллердің бастаған елшілік тобы Тобыл, Қара Торғай, Ұлытау, Бетпақдала, Қаратау, Шу бойымен жүріп отырып, Қорғасқа екі жарым ай шамасында жетеді. Ол Орға келісімен жүрген, барлаған, яғни, сол Қорғастан Балқашқа дейінгі аралықты, Түркістан, Қаратау, Талас, Шу, Іле, Бетпақдала, Ұлытаудағы бедерлерін, жолдардың бәрін картаға түсірген.

Қазақ жерін географиялық тұрғыдан зерттеу, сызба карталарға түсіру, әсіресе, XIX ғасырда кеңейе түскен. Осы ғасырда өмір сүрген қазақтың ұлы ғалымдарының бірі Ш.Уәлиханов артынан мол мұра қалдырды. Қазақ тарихшысы Нұрлан Кенжеахмет соңғы жылдары Германияда Қазақстан тарихына қатысты зерттеулермен айналысуда. Ал, 2021 жылдың басынан бері АҚШ-тағы Гарвард университетінде Еуразияның тарихи географиясын сызуға ат салысып келеді. Оның зерттеу фокусына XVII-XIX ғасырлардағы Қазақ хандығының географиялық жер атаулары кіреді. Ғалымның айтуынша, қазақ әлемнің геосаяси сахнасында өз жерінің суверенитетін сақтауы үшін және территориялық дау туындамас үшін тарихи жер атауларына негізделген географиялық картасын сызуы тиіс. «Мысалы, Еуропада фашистік Германия өктемдігі күшейгенде Гитлер Аустрия кезінде немістердің құрамында болды деп басып алды. Қазіргі таңда, Қытай билігі Оңтүстік Қытай теңізіндегі аралдарға өктемдігін жүргізіп жатыр. Олардың Қазақстан жеріне де қызығатыны бар» – дейді ол.

Гарвард ғалымының айтуынша, еліміздегі тек үлкен қалалар емес, шағын қала және ауыл аттарына да бұрынғы атауларын қайтару керек. Мысалы, француз картографы Жан Батист де Анвильдің 1753 жылғы Сібір картасында қазіргі Павлодар қаласының жанындағы Железинка ауылы Темірқау деп берілген. Қазақта темірдің балқытатын пештерді қау деп атаған.

1760 жылы Қытайда баспадан шыққан қола тақтада,  1925 жылы Пекиндегі патша ордасынан табылған картада Өскемен «Орыс Кеңгір-Тұра», Семей «Орыс Сэмболат», яғни, бұл қалалар орыстың иелігінде деген мағынада жазылған. Сонымен қатар, қытай карталарында Атырау – Ойшық, Орал – Теке, Петропавловск – Қызылжар деген атаумен кездеседі.

Президентіміз, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай: «Тәуелсіздік – біздің ең басты құндылығымыз. Қазақ елі жаңа дәуірге еніп жатыр, соған байланысты біз өзіміздің құндылық бағыттарымызды айқындап бекітуіміз керек және де болашаққа жол ашуымыз қажет». Осы орайда еліміздің келешегі, мемлекеттілігі өткен тарихымызды толыққанды зерттеуден туындайды.

Мұхит-Ардагер Сыдықназаровтың қазақ тарихы бойынша 1500-ден астам еуропалық және америкалық ХVІ-ХІХ ғасырларға жататын карталарды он жеті жыл бойы Еуропа мен Американың мұрағаттарынан, кітапханалары мен музейлерінен, картографиялық орталықтарынан өз қаражатына тауып, қазақ тарихының ғылыми айналымына қосуы ерлікпен парапар. Автор кіріспе сөзінде былай дейді: «Өз іздеулерім мен зерттеулерімде, Қазақ Мемлекеті белгіленген карталарды тапқан уақытта, менің жүрегім, қазақ, ғалым, өз елінің патриоты ретінде бақыт нұрына, қуанышқа, толқулар мен ата-бабаларымыз үшін қуанышқа толды». Кітапта осы дәуірге жататын неміс, нидерланд, француз, итальян, ағылшын, испан, поляк, американдық және басқа да өте сирек кездесетін тарихи деректер мен қорлар ғылыми-мәдени ақпараттық кеңістікке, қазақ тарихына тұңғыш рет еніп отыр.

Шетелдік карталардағы ғылыми-тарихи, ғылыми-саяси сипаттамалар 20 бағыттағы ғылыми-техникалық параметрлар бойынша зерттеліп, ғалымдар қауымына ұсынылып отыр. Сонымен қатар, ел тарихына байланысты 20-ға жақын ортағасырлық, еуропалық жазба деректер мен 40-тан астам экзополитониндер, экзоэтнонимдер, сирек кездесетін құжаттар табылып, тарихшылардың еншісіне тиді. 2021 жылы Бельгияда, кейін еліміздің Ұлттық академия кітапханасында тұсаукесері өткен осы құнды кітап-атлас қазақстандық және халықаралық ғалымдар қауымдастығының өте үлкен бағасына ие болды.

Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісі депутаттарының ұсынысы бойынша аталмыш еңбек Мәдениет министрлігінің ерекше маңызды басылымдар қатарының жоспарына биылғы жылы кірді. Ғылым және білім ағымына ХVI-ХІХ ғасырдағы 1500-ге жуық еуропалық және америкалық карталардың енгізілуінің нәтижесінде 600-жылға жуық үздіксіз Қазақ мемлекеттілігінің аргументті-дәлелді базасына жауап табылды. Еуропалық, ал, кейінірек америкалық карталар егеменді Қазақ мемлекеттілігінің болғандығын нақты дәлелдейді.

Қазақстанның мемлекеттілігі жайлы айтылып жүрген «сенімсіз ақпараттар» ендігі толық дәлелді базаны, яғни, құнды әрі ауқымды тарихи-мәдени деректі-карталарды алды. Қазақстанның Бельгия Корольдігі мен Люксембург Ұлы Герцогтігінде Төтенше және Өкілетті елшісі, Қазақстан Республикасының Еуропалық Одақ жанындағы және Солтүстік Атлант Шарты Ұйымындағы (НАТО) өкілдігінің басшысы Марғұлан Бақытұлы Баймұқан еңбекке былай баға береді: «…профессор М.Сыдықназаров мұқият жинаған, жүйелеген, егжей-тегжейлі сипаттаған карталар бізге және әлемге қазақ мемлекетінің пайда болған сәтінен бастап халықаралық аренада пассионарлық (жанкешті, төзімді, құштарлық) болғанын, еуропалық ғалымдардың назарын аудара отырып және сол кездегі әлемнің карталары мен атластарында өз орнын алғанын көрсетеді».

М.Сыдықназаровтың тапқан ежелгі еуропалық тарихи карталары тек қана тарих пен географияның деректері ғана емес, ХVІ-ХІХ ғасырларға жататын Қазақ мемлекетінің карталары бұл әрі топонимия мен ономастика, этнонимия және политономияның, әскери істің, әлеуметтану мен статистиканың, геральдика мен вексиллологияның, дінтану мен конфессиологияның, лингвистика мен әдебиеттанудың, миграция мен демографияның, метрологияның, тюркологияның  жаңа фактісі болып табылады. М.Сыдықназаров карталары – қазақи ерекшелік пен этнологиясы, ұлттық мемлекеттілік пен жаулап алу соғыстары жайлы, тарихи жады мен халықаралық қазақ құқықтары жайлы, қазақи өнер тарихы жайлы ақпарат береді. Карталардың қайсыбіріне  шолу жасап көрейік.

ХVI ғасырдың екінші жартысында Еуразия жеріне 4 рет саяхат жасаған ағылшын королевасы Елизавета І-нің сенімді өкілі, белгілі саяхатшы, дипломат Энтони Дженкинсонның картасында қазақтардың қару-жарағы, көшпенді салты, мал-мүлкі, яғни, этнографиялық, діни, топонимикалық, иллюстрациялық мол материалдарды, әскери-тарихи сипаттарды көп көреміз. Сонымен қатар, Абрахам Орнелиустің 1562 жылғы «Каззакия» картасында қазақтардың жауынгерлік сапын, әскери өнерін толығынан көруге болады. 1595 жылғы фламанд  картографы Герард Меркатордың «Қазақ түріктері» картасында  өте бай топонимикалық атаулар, атап айтқанда Түмен, Сарайшық, Ташкент, Ноғай, Талас, Ақсу сияқты өзімізге таныс түсініктемелер бар.

1598 жылғы нидерландтық Барент Лангенестің «Кассаки» картасында қазақтар «Қазақы» деген автоэтнониммен (халықтың өзін-өзін атауы) берілсе, 1617 жылғы  голландиялық Ост-Индия компаниясының ресми гидрографы, әкелі-балалы Виллем, Жоан Блаудың «Қазақ түріктері» картасында қазақ мемлекеті Каспий теңізінен Қытайға дейін көрсетілген. Бұл тарихта 30 жыл хандық құрған Жәнібек ханның ұрпағы, Есім ханның  кезеңіне тұспа-тұс келеді. Бұл дәуір қазақ халқының этникалық аумағының толық қалыптасып, хандықтың Түркістанды түпкілікті түрде алып, Ташкентті 200 жыл билеудің басына дөп келеді. Осынау карта да жаңағы тарихи фактілерді толық дәлелдеп тұр. Автордың айтуынша бұл картаның әлемде 4-ақ данасы бар екен, біреуі Нидерландыда, үшеуі АҚШ-та сақталған.

Ал, 1659 жылғы Йоханн Блау мен Кристофер  Николас Тассеннің ағылшын корольдерінің Географиялық және Топографиялық коллекциясына кіретін «Кленке атласының» бір бөлігі  «Қазақ түріктерінің мемлекеті» картасының ерекшелігі, қазақ мемлекетінің солтүстігінде Ноғай Ордасымен, қалмақтармен, оңтүстігінде Мавреннахр аймағымен, шығыста Қытаймен, оңтүстік-батыста түрікмендермен шектесетінін толық сипаттайды. Питер ван дер Аа, Аллард Карел, Николас Витсеннің 1670 жылғы шыққан  «Қазақ ордасы» картасында қазақ елін бір картада екі рет атап өтеді. Енді бір карта, ол 1851 жылы  Америкада шыққан «Еркін түріктер Елі» картасы. Тәуелсіз, еркін түріктер деп батыл жазылған. Картада қазақ жерінің шекарасы айқын анықталған: солтүстігінде Ресей империясымен, оңтүстігінде Хиуа, Қоқан хандықтарымен, шығысында Қытаймен.

Бұл уақыт естеріңізде болса әйгілі Кенесары көтерілісінің енді аяқталып, орта жүз бен оңтүстік өңірдің біраз бөлігі әлі де орыс бодандығына кірмеген кезеңі болатын. Осынау тарихи жылдары қазақтардың шартты түрде болса да әлі де толық мемлекеттілігінен айырылмағанын америкалық осы дерек-карталар дәлелдеп отыр. Естеріңізде болса, Ресей империясының 1867-1868 жылдардағы әкімшілік реформаларынан кейін ғана қазақ жері  Ресей мемлекетінің меншігі деп жарияланып, қазақ халқы жер пайдалану құқығынан толық айырылған болатын.

Сонымен қатар, табылған карталар сыртқы саясат пен дипломатия тұрғысынан жаңашыл ғылыми-мәдени және тарихи-саяси мағлұматтар береді. Болашақта аталмыш кітапта көрсетілген карталар мемлекеттік білім мекемелерінде, ғылыми-мәдени орындарда, халықаралық ұйымдардың мекемелерінде арнайы орын табатындығына сенімдіміз. Өйткені, профессор М.К.Сыдықназаров  жинаған, жүйелеген карталар бізге және әлемге Қазақ мемлекетінің құрылған кезеңінен бастап қаншалықты халықаралық аренада танымал болғандығын көрсетеді. Онымен қоса, Қазақ мемлекеті АҚШ және еуропалық мемлекеттермен сауда-саттық, экономикалық, мәдени және дипломатиялық қарым-қатынас жасай отырып, өзін сонау заманнан сенімді мемлекет ретінде таныта алғандығын көріп отырмыз. Қазақтар мен еуропалықтардың бір-біріне деген өзара қызығушылығының, өзара тиімді және прагматикалық әртүрлі байланыстарының ХV ғасырдан бастап болғандығын және келесі ғасырларға әсерін тигізгендігін көреміз.

Қорыта айтқанда, ғылыми еңбектің саяси, тарихи-мәдени, рухани маңызы өте зор.

  1. Тәуелсіздігіміздің торқалы тойына тарту.
  2. Кітаптың Бельгияда шығуы. Алғашқы қазақ мемлекеті туралы карталар Антверпенде шыққан. Бельгия-Еуропалық одақтың, Европарламенттің орталығы, көптеген халықаралық ұйымдар орналасқан. Бельгия жеті жүз жылдық тарихы бар артбуктердің, ірі көлемді сипаттағы басылымдардың әлемдік көшбасшысы.
  3. Алғашқы оқырмандардың бірі – Президентіміз Қ.Тоқаевтың кітапқа үлкен баға беруі.
  4. Ғасырлар бойғы үзілмей дамыған мемлекеттілігіміздің кепілді және дәлелді тарихы. Осы жерде қазақтың тұңғыш тарихшы-ғалымы, әйгілі Ермұқан Бекмахановтың мына сөздерін келтірсем деймін: «Мои критики дошли до такого абсурда, что они готовы отказать казахам в наличии в их истории государственности, демагогически утверждая, что казахи получили свою государственность только после Октябрьской революции. По их понятию, казахский народ, живший на огромной территории и имевший экономическую и культурную общность, жил вне государства, как аморфная масса». Міне осындай скептиктерге жауап осы кітапта жатыр емес пе?!
  5. Біртұтас, мызғымас мемлекеттің сонау орта ғасырлардан Европа кеңістігінде әйгілі болуы, танымал атқа иеленуі, батыспен сол кездері де байланысымыздың болғанының дәлелі.
  6. Көптеген сирек те алғашқы рет ғылыми айналымға енген тарихи деректерден түйініміз – шет елдік ғалымдардың қазақ еліне құрметпен қарап, еркін, тәуелсіз рухты халық ретінде баға беруі.
  7. Аталмыш еңбектің тағы бір құндылығы – ХV-ХІХ ғасырлардағы отандық тарихымызды оқығанда, зерттегенде осы тың деректерді қоса отырып пайдалану, ғылыми айналымға енгізу, кейбір ғылыми бағалауларды қайта қарау қажеттілігі туып отыр.

Аманбай СЕЙІТҚАСЫМОВ,
тарих ғылымдарының кандидаты,Тарих және қоғамдық
ғылымдар академиясының академигі,
Ш.Уәлиханов  атындағы Көкшетау университеті ректорының кеңесшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар