Үйлестіру кеңесінде маңызды мәселелер қаралды

Көкшетау қаласындағы «Болашақ» сарайында Ақмола облыстық мәслихаттарының қызметін үйлестіру жөніндегі кеңес отырысы болып өтті. Жиынға жиналған облыстық, қалалық және аудандық мәслихаттардың төрағалары алдымен «Болашақ» сарайын аралап шығып,  білім мекемесінің тыныс-тіршілігімен жақынырақ танысты.                                          

Отырыстың күн тәртібінде бірнеше сұрақтар талқыланды.  Кеңес құрамы жаңартылып, оның төрағасы сайланды. Кеңес мүшелері осы лауазымға Ақмола облыстық мәслихатының төрағасы Бейбіт Жүсіповты ұсынып, бұл ұсыныс бірауыздан қолдау тапты. Бейбіт Әйтімұлы өз сөзінде әріптестерін табысты өткен сайлау науқанымен құттықтап, халықтың сенімі – зор жауапкершілік екендігін атап өтті.

– Құрылған депутаттық корпус атқарушы органдарға түрлі мәселелер қоюға, өңір тұрғындарының мүдделерін қорғауға қабілетті.   Облыс бойынша жергілікті өкілді билік органдарына барлығы 265 депутат сайланды, олардың  арасында көптеген әлеуметтік топтардың өкілдері бар.  Өткен, жетінші шақырылымдағыдай депутаттар құрамының 30 пайызы әйелдер.   Облыс мәслихаттарының құрамында 5 саяси партияның депутаттары және 6 пайыз  партиясыз депутаттар бар.  Облыс аудандары мен қалалары мәслихаттары төрағаларының 50 пайыздан астамы өзгерді», – деп атап өтті Б.Жүсіпов.

Отырыс барысында Ақмола облыстық Әділет департаментінің әкімшілік-құқықтық бөлімінің басшысының міндетін атқарушы Сайран Қантарбаева баяндама жасап, өкілді органдардың нормативтік-құқықтық актілерін әділет органдарында келісу, тіркеу тәртібін түсіндірді. Сонымен қатар, Ақмола облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Қанат Дүзелбаев депутаттарға жергілікті бюджеттерді қалыптастыру принциптерін, бюджет заңнамасындағы жаңалықтарды түсіндірді. Ал, Ақмола облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Сабырхан Кенжебаев болса, өңірдегі қоғамдық-саяси жағдай туралы айтып берді. Ақмола облысындағы өкілді органдар мен қоғамдық кеңестердің өзара іс-қимыл мәселелері тақырыбында Ақмола облыстық Қоғамдық кеңесінің төрағасы Ермек Нұғыманов баяндама жасап, келелі ойларды ортаға салды.

Жиын барысына жиналған қатысушылар өзара пікір алмасып, мәслихаттардың қызметін үйлестіру жөніндегі кеңестің жұмыс жоспарын талқылады, бірқатар ұсыныстар мен тілектер енгізілді.

– Біз алдымен ел сенімін ақтау үшін бірлесіп, белсенді жұмыс атқаруымыз керек. Депутаттар халықпен жиі кездесіп, олардың мұң-мұқтажына құлақ асып, күрмеулі мәселелердің түйінін шешуге, билік пен халық арасында көпір болу үшін барынша күш салуымыз қажет, – деп түйіндеді отырыс жұмысын Бейбіт Әйтімұлы.

                                                            Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар