Чернобыль апатының қатысушыларына құрмет көрсетілді

Биыл Чернобыльдағы ядролық жойқын жарылыс апатының  орын алғанына  37 жыл.   Осыған орай, Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев атаулы күн қарсаңында Чернобыль АЭС-ын залалсыздандыруға қатысқан   ақмолалық ардагерлермен кездесіп, жылы лебізін білдірді.

– Бүкіл әлемді дүр сіл­кіндіріп, қаншама адамның жүрегіне жара қалдырған қасіретке толы апатқа биыл 37 жыл толып отыр. Сол кезде батырлық жасап, халықты құтқаруға қол ұшын берген азаматтардың ерлігін ұмытпау әрбір адамның патриоттық парызы, – деп атап өтті облыс әкімі.

Апаттың зардаптарын жоюға 31 мыңнан астам қазақстандық әскер тартылды. Солардың бірі – Марат Жетеров. Мектептен кейін бірден әскер қатарына алынып, апаттың ошағына түскен ол бүгінде «Чернобыль ардагерлер одағы» қоғамдық бірлестігі Ақмола облыстық филиалының төрағасы.

–  Радиацияның салдары өз зардабын тигізбей қоймайды. Жыл өткен сайын денсаулық та сыр беріп келеді. Ардагерлер қатары азайып бара жатырмыз. Осы орайда, осы апаттың зардабын тартқан ардагерлерге қажетті медициналық қызметтерді алуға байланысты мәселе әлі шешілмеген, – деп атап өтті Марат  Жетеров.

Жиын барысында ақмолалық ардагерлер Көкшетау қалалық емханасы жанындағы отбасылық денсаулық орталығында қызмет көрсету мәселесін көтерді. Олардың айтуынша, олар емханада кезекте тұруға мәжбүр, физиотерапияға жолдама алу оңай емес.

– Денсаулықты жақсарту үшін біз санаторийлерге барып, ем-дом алып тұрамыз. Бірақ,  бұл қызметтерді тұрғылықты жерлерден тегін алуға болады ғой. Алайда, бізде бұл мәселе әлі күнге дейін шешімін таппаған, – дейді ардагерлер. Чернобыль апатының ардагері Жақсылық Жанғабылов тіс протездеу мәселесін де көтерді.

Облыс әкімі облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Тоқтар Қоңырбаевқа ардагерлер көтерген мәселеге байланысты нақты тапсырмалар жүктеді.

Сонымен қатар, кездесуде биылдан бастап Чернобыль ардагерлеріне берілетін төлем мөлшері ұлғаятыны атап өтілді. Сондай-ақ, жиын барысында ардагерлер облыс әкіміне  қоғамдық қордың жұмысын алға ілгерілету үшін арнайы кеңсе ашуға,  атом электр станциясындағы апатты жоюға қатысушыларға арналған ескерткішті қалпына келтіруге жәрдемдесуді сұрады.

– Біз өз өнегемізді өскелең ұрпаққа айтып, олармен жиі кездесулер өткізіп тұруға дайынбыз.  Осы орайда өңіріміздегі білім ошақтарында тағылымды кездесулер өткізіліп тұрса нұр үстіне нұр болар еді , – дейді «Чернобыль ардагерлер одағы» қоғамдық бірлестігінің Ақмола облыстық филиалының төрағасы Марат Жетеров.

Облыс әкімі кездесуді қорытындылап, ардагерлер тарапынан айтылған ұсыныс-тілектердің барлығы ескерілуі үшін тиісті сала басшыларына нақты міндеттер жүктеді.   Иә, ерлік ешқашан ұмытылмайтыны хақ…

Тамара САЛИМОВА.
Ұлмекен ШАМЕНОВА.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар