– Ақмола облысында кәсіпкерлерге жарты жыл бойы қоқыс шығарғаны үшін негізсіз ақы есептелген. Бұл туралы Атбасар қаласының кәсіпкерлері «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалы арқылы өңірдің сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаментіне шағым түсірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, өткен жылдың қыркүйегінде қаланың коммуналдық кәсіпорны қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау және әкету бойынша қызметтер көрсетуге арналған жария шартты жасап, оны баспа басылымына жариялады.
Осы құжатқа сәйкес 40-тан астам кәсіпкер көрсетілген шарт бойынша қызмет ақысын төлеуге міндеттелді.
Алайда, Экологиялық кодекстің 367-бабына сәйкес тұрғын үйде немесе жеке ғимаратта қызметін жүзеге асыратын заңды тұлғалармен және ЖК-мен жария емес, жеке шарт жасалады.
«Жария шарт тұрғын үйде тұратын жеке тұлғаларға ғана қолданылады. Өз кезегінде, қоқыс шығаратын компания жария шарттың талаптарына сілтеме жасай отырып, кәсіпкерлерден соманы негізсіз өндіріп алды және жағдайды реттеу үшін тиісті шаралар қабылдамады», – деді ведомстводан.
Осы ретте, Атбасар ауданында қоқыс шығару үшін төлем облыстағы ең жоғары төлемдердің бірі болып отыр.
Департаменттің бастамасы бойынша бұл мәселе облыс әкімінің төрағалығымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссияда қаралды.
«Өңірдің жемқорлыққа қарсы қызметі, прокуратура, «Атамекен» ӨКП және Атбасар ауданы әкімдігінің бірлескен жұмысы шеңберінде бизнес субъектілері үшін қатты тұрмыстық қалдықтарды әкету туралы жария шарттың талаптары сот тәртібімен жарамсыз деп танылды. Енді Атбасар кәсіпкерлері өз мүддесін ескере отырып және тараптардың өзара жауапкершілігі шартында қоқыс шығаруға жеке шарт жасай алады», – деп толықтырды ведомстводан.
Айта кетсек, бұдан бұрын Көкшетауда кәсіпкерден ақша талап еткен төтенше жағдай қызметкерлері сотталғанын жазған едік.