Орман – жердің көркі, елдің байлығы

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың елімізде бес жыл ішінде орман қорын еселеп молайту туралы тапсырмасы бар. Өңір 2021-2022 жылдары 2 миллиардтан астам ағаш көшетін отырғызуға тиісті. Қазіргі күні «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы аясында толымды жұмыс атқарылуда.

Әуелі күні бүгінге дейін қолға алынған қыруар шаруаны тілге тиек ететін болсақ, бұл тараптағы ілкімді істің жайы оқырманға біршама белгілі болмақ. 2021 жылдың көктемінде өңірдегі табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасына қатысты орман шаруашылығы мекемелері жоспарлаған 970  гектар алқапты еселей кеңейтіп, 1370 гектар жерге көшет отырғызды. 2022 жылы орман шаруашылығы мекемелері 1280 гектарға көшет отырғызуды межелесе, бұл жоспар 222,3 пайызға асыра орындалды. Сәл таратып айтатын болсақ, Көкшенің жері көк орманға сыңсып тұруы үшін 17,2 миллион дана көшет отырғызылыпты.

Сулы-нулы Көкшетау мен кең көсілген Қорғалжынның арасындағы сайын дала ит тұмсығы өтпейтін қалың орманымен әйгілі. Көкше сілемдерінен басталатын орман-тоғай Бұландының бауырынан киізше тұтасып, Астанаға дейін көз сүйсіндіреді. Өтпелі кезеңде әлденеше мәрте өрт шалды. Тегін байлыққа қызыққандар да аз болмады. Осы бір уақытта орман қорының ойсырай зиян шеккені де жасырын емес. Бүгінгі күні ел игілігін әуел бастағы қалпына келтіру, орман қорын мейлінше молайту бағытында ілкімді істер сәтімен сабақталып жатыр. Алдағы жоспар да ауқымды.

Мәселен, 2023 жылы 1950 гектар алқапқа 11,5 миллион дана көшет отырғызу жоспарлануда. Жыл сайын мемлекеттік орман қоры аумағында орман шаруашылықтары болашақ үшін атқарылатын байыпты жұмысты үдете түсуде. Сөзіміз дәлелді болуы үшін дерек келтіре кетелік. 2009 жылдан бері өңірде 20 мың гектардан астам алқапқа көшет отырғызылыпты. Жап-жақсы қадам емес пе? Нәтижесі де көзге көрініп тұр. Бүгінгі күні Щучье-Астана тас жолының қос қапталында жасыл желек көз қуантып, көңіл жадыратып, жайқалып өсіп келеді. Көңіл таразысына салсаңыз, оңтайлы шаруаның оңынан сабақталуы да оңай-оспақ іс болмаған. Алғашқы бетте көшеттердің кейбір түрлерінің таулы-тасты өңірдің топырағын жерсінбей қурап қалғандары да болды. Осы орайда, ғалымдардың тынымсыз зерттеуі өз септігін тигізді. Қазіргі күні тас жолдың бойындағы 2,6 мың гектар алқапта сан алуан ағаш күнді бойлай өсіп, жайқалып тұр.

Бар шаруаны ой елегінен өткізіп сараптасаңыз, орман шаруашылығының оңды ісі өрістеуі 2021 жылдан бастап молая түскен екен. Осы уақыттан бері шаруашылықтар 7 тұқым кептіргіште жиналған 442 тонна тұқымды өңдеп, 4220 келі қарағай тұқымы алынды. Орманның жағдайын көп-көрім жақсарту мақсатында 748 дана құс ұяларын орнатты. Бұл жұмыс жасыл желектің арасында құстардың күрт көбеюіне септігін тигізді. Қазір жадыраған жаз айларында жол бойындағы әсірелеп айтқанда, ит тұмсығы өтпейтін сыңсыған орман сілемдерін аралаған адамдар жанға жайлы құс базарының ішіне еніп кеткендей болады. Жіліктің майындай таза ауа, дала оркестрінің мың сан үнімен әрленген күйін тыңдаған халықтың игілігіне айналуда.

Орманшылар көктемгі дала жұмыстары үшін бүршік дайындау жұмыстарын да ширата түсуде. Жасыл орманның көлемі артып, көбеюіне тұқымбақтардың тигізер септігі аз емес. Үстіміздегі жылы орман шаруашылығы мекемелеріне қарасты 11 тұқымбақ жұмыс істеп тұр. Оның үшеуі материалдық-техникалық базасы жетілдірілген, барша шаруасы талапқа сай тұқымбақтар. Ақкөл, Кіші Түкті, Маралды тұқымбақтарына қоса, уақытша жұмыс істейтін 8 тұқымбақтың игілігі орман көлемін көбейтуге бағытталуда. Бұл тұқымбақтарда жыл сайын қылқан жапырақты және жапырақты ағаштардың көшеттері бапталады.

Жұмыс ауқымы да айта қаларлықтай. Тұтастай алғанда 10 миллион данадан астам екі жылдық және бір жылдық көшеттер өсіріледі екен. Алдағы уақытта көшетпен қамтамасыз ету тарапында алға ұмтылудың алғышарттары айқын байқалады. Мәселен, уақытша тұқымбақтардың көшет отырғызатын жалпы ауқымын 20 гектарға көбейту көзделіп отыр. Осы шаруаға қоса Барап және Ерейментау орман шаруашылығы мекемелерінде тағы да қосымша екі тұқымбақ ұйымдастыру қолға алынуда. Бұл мекемелердің жалпы аумағы 2,2 гектар болады деген топшылау бар.

Көрікті Көкше топырағын көгерте жайқалтып, орман көлемін кеңейту бағытында оңтайлы шаруа атқарып жатқан орман шаруашылықтары қат-қабат қыруар жұмыс барысында үнемдеу, күшті есеппен жұмсау бағытында да тиімділікті ұтымды пайдалануда. Мәселен, 2015 жылы Ақкөл орман шаруашылығы мекемесінде көшеттерді тамшылатып суару жүйесі қолға алынды. Міне, осы тосын тәжірибе жүзеге асқан кезде бұрынғы жұмсалған судың көлемін 70 пайызға үнемдеуге болатындығы белгілі болды. Жақсы әдіс жалғасын тауып, өзге шаруашылықтарға да таратылуда. Мәселен, Кіші Түкті орман шаруашылығы мекемесінде көшеттерді суару желісіне үнемдеу әдісі енгізіліп, жел сорғысы орнатылды.

Маралды орман шаруашылығы мекемесіндегі тұқымбақты жұмысы қайта жаңғыртылды. Өзге де тұқымбақтарда егіс көлемін мейлінше кеңейтіп, көшеттерді көбірек өсіру үшін қыс мезгілінде де жылыжайларда тамшылата суару және жылыту арқылы көшеттерді көбейте түспек. Орманшылар қауымы 2024-2025 жылдарға арналған жоспарды екшей келе, алға қойған асқаралы міндет үдесінен шығу үшін бүгінгі таңдағы тұқымбақтардың мүмкіндігі жеткіліксіз деп есептейді. Өндірістік қажеттілікке орай, жалпы ауданы 86 гектарды құрайтын екі жаңа тұрақты тұқымбақ салудың жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеген, оның 61 гектары Зеренді ауданындағы Бұқпа, 25 гектары Атбасар ауданындағы Маралды орман шаруашылықтарында орналаспақ. Жобаның жалпы құны 60 миллион теңге шамасында.

Көшет  түрлерін көбейту де назарда. 2013 жылдан бастап Ресейдің  Түмен облысындағы «Ахмечет» тұқымбағынан тез өсетін әрі сәндік сипаты басым тұқым түрлері алына бастады. Бұл тұқым одан әрі жетілдіріп көбейтілмек. Жалпы, Көкше орманының санатына кіріп, санын ғана көбейту емес, сапасын арттыру бағытында да маңызды мәселелер бар. Осындай мақсатты жүзеге асыру үшін қазіргі күні өрік, бөрі қарақаты, тікенді көк шырша, сібір шыршасы, арша, гибридті шие тәрізді жүзге жуық көшет отырғызу қолға алынуда.

Ағымдағы жылы 120 мың данадан астам ағаш-бұта көшеттері отырғызылды. Сәндік және жеміс ағаштары сатылып алынуда. Бірақ, қол жеткен биікке тоқмейілсуге болмас. Ел игілігін молайту үшін алға ұмтылу парыз. Егер облыс аумағында орманның небары 4,6 пайыз ғана екенін ескерсек, бұл тарапта әлі де кезегін күтіп тұрған жұмыс бар. Жыл сайын тұқым жинайтын алаңдарды кеңейтіп, қоқыстан тазартып, елді мекендердің айналасын жасыл аймаққа айналдыру қолдан келетін іс. Өрттен қорғау,  тегін байлыққа қызығатындардың жолын кесу, әрқилы аурулардың алдын алу міндет. Осы шараларды толайым іске асыру мәңгі жасыл қарағайлар мен қолдың саласындай аққайыңдар көмкерген ғажайып өлкенің көрген жанның көзін сүйсінтер сұлу кейпі өзгеше өңімен сарабдал салтанатқа бөленіп тұруға мүмкіндік берер еді.

Байқал БАЙӘДІЛОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар