«Көкшетау» халықтық би ансамблінің Гран-Приі!

«Көкшетау» халықтық би ансамблі Шымкент қаласында Қазақстан Республикасының Халық әртісі, өнертану кандидаты, балетмейстер Дәурен Әбіровтің 100 жылдығына орай өткен «Шуақты қызғалдақтар» халықаралық хореографиялық өнер байқауына қатысып, Гран-При иегері атанды.

Байқауға қатысқан көкшетаулық би ансамблі қазылар алқасының назарына  5 хореографиялық композиция ұсынып, үздік деп танылды. Осы орайда,  «Көкшетау» халықтық би ансамблінің жетістіктеріне аз-кем тоқталып өтуді жөн санап отырмыз. Аталмыш би ұжымы 1974 жылы  құрылған. Ансамбльдің тұсаукесері Көкшетау қаласының 150-жылдық мерейтойына арналған мерекеде өткен болатын.

Сол уақыттан бері биші қыздар көптеген байқауларда би өнерінің биігінен көрініп жүр. Еселі еңбек етіп, үлкен шығармашылық жетістіктер мен қазақ ұлттық би өнерін насихаттағаны үшін «Көкшетау» би ансамблі Қазақ КСР-ның Мәдениет министрлігінің жарлығымен «халықтық» деген атаққа ие болды.

Сол жылдың қыркүйек айында ансамбль Югославия Социалистік Федеративтік Республикасына гастрольдық сапармен барып қайтты. 1980 жылы «Көкшетау» халықтық би ансамблі «Кербез сұлу» Бурабай жерінде түсірілген «Қош бол, Медеу!» атты Қазақстан мен Чехословакия біріккен көркем фильміне қатысты.

 «Көкшетау» халықтық би ансамблі облыстық  «Ақмола жұлдыздары» халық шығармашылығы  байқауының  бірнеше  дүркін   лауреаты, халықаралық, республикалық және облыстық байқаулардың дипломанты. Ұжымның шығармашылығымен тек Көкшетау қаласының тұрғындары ғана емес, ТМД елдері мен алыс-жақын шетел көрермендері де қошемет көрсетуде.

Халықаралық додада топ жарған өнер ұжымын осы жемісті  жеңісімен құттықтай отыра, шығармашылық табыс тілейміз! Шығар шыңдарыңыз, бағындырар белестеріңіз бен алар асуларыңыз биік болсын!

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар