Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Тағдыры тәлкек болған Ғұбайдолла хан - АРҚА АЖАРЫ

Тағдыры тәлкек болған Ғұбайдолла хан

Қазақ тарихнамасында ХІХ ғасырдың ортасындағы ұлт-азаттық күресінің сайыпқыран басшысы Кенесары ханға жақсы көңіл бөлінеді де, оның замандастары көзге іліне бермейді. Бұл мәселе біздің тарихымызды жаңа түгендеп жатуымызға да байланысты болар. Шын мәнінде қазақтың соңғы хандарының бiрi Ғұбайдолла хан да Орта жүздiң Ресей үкiметi ресми мойындаған ханы Уәлидiң екiншi ұлы, Абылай ханның немересi болатын. 

Уәли ханның тiрi күнiнде мұрагерлiк өсиет бойынша оның орнына үлкен ұлы Ғаббас (Аббас) отыруы керек. Ғаббас осы өсиетке байланысты Санкт-Петербургтағы патша сарайына да, Бейжіңге де тақтың болашақ иесi есебiнде танылған еді. Бейжің 1800 жылы оны Уәли ханның мұрагерi деп таныды әрi «гунь» атағын тапсырып бағалы шар мен жоғары дәреженiң белгiсi тоты құстың қауырсынын табыс еттi. Ғаббас сұлтан қытай мен маньчжур (шүршiт) тiлi мен жазуын жақсы бiлгенi анық. Император Даогуань Ғаббас гун дәрежесiн әкесi Уәлидiң «көп өтінішімен» алды деп жазады (Цинская империя и казахские ханства. вт. пол. XVIII – пер. чет. XIX вв.  Алма-Ата, 1989, ч. 2, 129-б.).

Ғұбайдолла, өзiнiң үлкен ағасы Ғаббас сияқты Уәли хан ордасындағы медреседен оқып бiрнеше тiлдi игердi. Сонымен бiрге, әскер өнерiн әкесiнiң жанындағы аталықтар мен төлеңгiттерден үйрендi. Хан балаларының оқуына ерекше мән берiлiп, «жетi жұрттың тiлiн бiлу» керек деп саналды. Сонымен қатар, хан балалары саясат негiздерiн үйренiп, қазақтың ауызша айтылатын тарихи бiлiмдерiмен сусындады.

Уәли хан қайтыс болғаннан кейiн көп ұзамай ауырып Ғаббас хазірет те қайтыс болды, бұлардың жолын ендi Ғұбайдолла жалғастырушы болды. Ресейдiң отаршыл үкiметiнiң Уәли ханның қазасынан кейiн (1820 ж.) қазақ жерiнде жаңа хан сайланбасын деп хандық билiкке тыйым салғанына қарамастан тәуелсiздiктi жақтаушылар Ғұбайдолланы хан сайлады. 1819-1838 жылдар Абайдiлдә хан, Ғұбайдолла сұлтан, Ұбайдолла хан атымен ханның атын әр түрлі құжаттардан кездестіріп қаламыз.

Ресей Ғұбайдолланың хан сайлануына бiрден қарсы болып, оның хандығын жоққа шығару мақсатында «қазақтың дәстүрiмен әкелерiнiң асында даладағы қатардағы жиынның кезiнде сайлауын заңды түрде емес» деп, хан сайлауға қатысқан беделдi ру басылары мен ақсақалдардың сөздерiн аяқасты еттi. Отаршыл үкiмет бұдан былай қазақ жерiндегi кез-келген саяси iстер тек Ресейдiң рұқсатымен ғана шешiлу керек деп талап қойды.

Бұл жағдайда Ғұбайдолла тек қытай императорына арқа сүйеуi керек болды, осы себептi ол кiшi iнiсi Жантөренi елшiлiкке жiбердi. Қытай Ғұбайдолланың бұл ұсынысын қолдауды жөн көрiп: «Сен бiзге ұсыныс (хан болуға – Ж.А.) жасадың, бұл бiздi қуантады, – деп жазды император Даогуань, – сенiң хандық дәрежең аталарыңнан мұра болып қалған. Иелiгiңдегi қазақтарға ықпалың бiздерге белгiлi.

Бiз сiздерге арнайы жарлық пен бағалы заттар жiберiп отырмыз, әкең марқұмның қазасына арнайы ас берiп, бiздердiң қайырым шапағатымызды сезiне жүрiңiздер, қазақ халқын бiрлiкте ұстап бауырларыңмен достықта болыңдар, қарақшыларды қатал жазалап, жерiңе қырағы қараңдар, көршiлерiңмен бейбiт тұрыңдар» деп сәлем айтып елшiлiк жiбердi» (Цинская империя и казахские ханства. вт. пол. XVIII – пер. чет. XIX вв.  Алма-Ата,1989, ч. 2. 129 б.)

Ғұбайдолла жастайынан халық арасында билiкке бейiмдi, қайратты адам болып таныла бiледi. Әкесi Уәли ханның билiгi тұсында-ақ ол он екi атадан тұратын атығай ұлысын басқарды. Сол кезден ол Орта жүздiң талантты билерiнiң бiрi Торайғырмен достық қатынаста болды. Өз ағасы тортуыл әскер одағының тарлан ру басы Шоң биге қарағанда Торайғыр хан үкiметiнiң қайта жаңғырып, қазақ елiнiң орталықтанған, тұтас, тәуелсiз болғанын қалады. Нақ осы Торайғыр би 1824 жылы қытай елшiлiгiн Баянауыл төңiрегiнде қарсы алды. «Ғұбайдолла сұлтанның жетекшiсi, оны әдiлетсiз iстерге итермелеушi және оның шаруаларының басы-қасында жүрген адам» (яғни, қытай елшiлiгiн қарсы алушы – Ж.А.) деп айыптайды орыс құжаттарында Торайғыр бидi.

Қытай елшiлiгi, құрамында амбань (генерал шеніне сәйкес – Ж.А.) мен он шақты офицер және үш солдаты бар, 1824 жылы шiлдеде Баянауыл төңiрегiне келдi. Бұл уақытта Ресей Орта жүзге 1822 жылы қабылданған «Сiбiр қырғыздарының жарғысын» енгiзуге барынша дайындалып жатқан болатын. Осы отаршылдық құжаттың негiзiнде Қазақстандағы алғашқы ашылған Көкшетау округiне қатты көңiл бөлiндi. Көкшетау сыртқы округiнiң 1824 жылы 29 сәуiрдегi салтанатты ашылуында осы жиынға жиналған төре әулетiнiң өкiлдерi Ғұбайдолланы аға сұлтан  сайлады.

Дегенмен, қазақ халқының көпшiлiгi де, төрелер де әлi тәуелсiз мемлекеттi жаңғыртпақ ойынан қайтқан жоқ. Уәли ханның үлкен ұлы, Абылай ханның немересi ретiнде, Ғұбайдолла хандық билiктiң құлдырауына, төре әулетiнiң билiктен ығыстырылуына қатты қапаланды. «Жарғы» iс жүзiнде хандық билiктi жойып далаға орыстық әкiмшiлiк-территориялық тәртiп енгiзуге бағытталды. Осы мақсатты орындау үшiн реформа төре әулеттерi мен қара қазақтың көсемдерi арасында қарама-қайшылықты көбейттi, мысалы аға сұлтан сайлауына қара халықтың көш басшылары қатыстырылмады. Осындай дүдәмал жағдайда қалған Ғұбайдолла отаршыл үкiметтiң айтқанына ере жүрiп, iштей жаңа қарсылыққа дайындалды. Ресейдiң отаршылдық бағыттағы әрекеттерi, елдiң шабандығы және болып жатқан шаруаларға бейтараптығы, көптеген ру басыларының бодандыққа көнiп қалғаны, тiптi қайсыбiр сұлтандар мен билердiң сатылып кетуге дейiн екендiгi (Тұрсын Жамантай хан және басқалары) Ғұбайдолланы тек Құдай мен Қытай императорына бас июге апарды.

Қытай елшiлiгiнiң келгендiгiн Ғұбайдоллаға Торайғыр би жеткiзедi, шiлденiң басында хан өзiнiң нөкерлерiн ертiп, Торайғыр бидiң бастауымен Баянауылға жүрiп кеттi. Алайда, Қытай елшiлiгiнiң iс-әрекеттерi мен Ғұбайдолла ханның әр қадамын бақылап отырған орыс жазалаушы әскерi жолда Ғұбайдолланы ұстап алды. Бұл шiлденiң үшi күнi түнде болды.

Операция сол кездегi Омбы облыстық бастығының қызметiн атқарып жүрген генерал-майор С.В.Броневскийдiң жетекшiлiгiмен өттi. Процесс дөрекi түрде жүргізiлдi, оның үстiне орыстар Ғұбайдоллаға Қытай елшiлiгiнiң атына күштеп хат жазғызып, елшiлiктiң елiне қайтуын талап еттi. Бiр жағынан қазақтың наразылығын, екiншi жағынан халықаралық жанжал туғызған осы шаруалар үшiн Ресей басшылары Ғұбайдолла мен Торайғыр бидi босатып, Қытай үкiметi алдында кешiрiм сұрауға мәжбүр болды. Ресейдiң сыртқы iстер министрi К.В. Нессельроденiң С.В.Броневскийге жазған хатына назар аударсақ: «Батыс Сiбiр генерал-губернаторына жасаған сiздердiң анықтамаларыңызда қимыл әрекетiңiзге қарай полковник Григоревскийдiң жауап беретiнiн (Ғұбайдолланы тұтқындаған отряд басшысы – Ж.А.) сiздерге ескертемiн, сiздерден бұдан былай толқу тудыратын әрекеттерге тыйым саламын» деп жазды (Цинская империя и казахские ханства. вт. пол. XVIII – пер. чет. XIX вв. Алма-Ата, 1989, ч.2, 146-б.).

Ғұбайдолла хан мен Торайғыр бидiң ұсталып қамалуы қазақ даласында кең наразылық тудырды. Ендi сыртта қалып отаршылдық саясатының екiжүздi қауiптiлiгiне мән бермей келген халық (Ғұбайдолла хандықтан қытай елшiлiгi алдында күштеу арқылы бас тартуы керек те, соңында Омбыға қамауға жiберiлдi) ашық қарсыластыққа бет бұрды. Осы оқиғалар архивтегi құжаттардан да көрiнiс бередi. Ендi Қасым төре Абылайхан ұлының Батыс Сiбiр генерал губернаторы Капцевичке жазған хатына назар аударсақ: «Неге бiздiң халқымызға қысым көрсетiледi? Неге бiздiң жерлерiмiзге қала салынады? Суға неге қарауыл қойылған? Неге қазақтарға өзен мен көлден орыстың алып жүрген тұзын алуға болмайды? Неге барлығы тек бұйрықтармен ғана орындалуы керек?

Әкем Абылай мұрасы мен ағам Уәлидiң ұсынысымен хан болған Ғұбайдолла … күшпен ұсталып Торайғыр би екеуi қамауда жатыр. Мұның себебi қайдан… Бiздiң қарауымыздағы қазақтар мен оларға қиянат жасамау жөнiнде, көшi-қон жерлердi белгiлеген әкем Абылай хан мен қатын патшаның келiсiмi бар-тын. Егер сiздердiң құрылыстарыңыз салынып, яки осы жерлерде бiр қазаққа қиянат жасалған жағдайда бiздерге өкпе айтпайсыздар» (Казахско-русские отношения в XVIII XIX вв. Алма-Ата, 1964, 215 б.)

Қазақ шежiресiнде осы жылдардағы әңгіме барынша нақты баяндалады: «Сиыр жылы Баянаулада дуан саламын деп орыстар ағаш кестіре бастайды. Осы жылы он шақты қытай келіп:

– Ағаш кестірмеймін, қала салдырмаймын, қазақ саған қарамайды, бізге қарайды! – деп таласқан. Сонда Уәли ханның бәйбішесінің баласы Абайділдә ханның заманы, Шоң, Торайғырдың заманы, жаздың күні еді. Жайлаудан Шоң биден тіленіп:

– Мұның жауабын мен берейін, – деп Торайғыр келген, Абайділдә хан келген. Сонда орыстың полковойы:

– Қазақ шүршітке қарайсың ба, бізге қарайсың ба? Айт шыныңды! – дегенде Абайділдә хан үндей алмаған, не дерін біле алмай, сасып қалған.

Торайғыр:

– Әй, полковой, осы жүрген уақытыңда өзіңе біреу: «Маған қара!» десе, не айтар едің? – деген».

Бұл шежіре тарихи еңбек есебінде аса құндылығымен қызықтырады. Біріншіден Орта жүз қазақтарының Ресейдің отаршылдық саясатына қарсы қозғалысы, екіншіден Қытайдың елшілігінің келу мәселесі, үшіншіден қазақтың сол кездегі үш намысшыл азаматтары туралы нақты деректер аламыз. Әр түрлі тарихи жағдайаттарды салыстыра отырып Торайғыр бидің 1778 жылы туып, 1827 жылы қайтыс болғанын аңғарамыз. Ресей архивтері Қытай елшілігінің Баянаулаға 1824-ші жылдың маусым айында келгенін хабарлайды. Сотник Карбышевтің осы жылдың 29-шы маусымында жазылған рапортынан үзінді: «Вчерашнего числа к вечеру я с командою прибыл к урочище Баян Аул, где и нашли китайский отряд, а сего числа подошед к ихнему лагерю, внутри урочиша находяшегося, был я у начальника оного отряда, называемого Амбо, а на переводе чин российского генерала, который и обьяснил мне, что командирован он в экспедицию от китайского правительства: покойного хана Валия сына Губайдуллу, что ныне в Кокчетавском окружном Приказе старший султан, по примеру умершего отца и по просьбе его, возвести его, Габайдуллу, на ханское достоинство…»

Осыған байланысты Омбы облысының бастығы Броневский Керекуге келіп, ал, облыстық басқарманың бастығы Григоровский әскерімен Баянаулаға аттанды. Оның қарамағына Көкшетау дуанының бекітілген қазақ-орыс әскерімен Путинцев, Қарқаралы отрядымен Карбышев берілді. Олар Көкшетаудан Баянаулаға жақындап қалған Ғұбайдолла сұлтанды шілде айының басында тұтқынға алды. Уәли ханның мұрагері осы жерде орыс қаруының астында Ежен ханның атына тақтан бас тартатыны туралы аянышты хатын жазды.

Торайғыр бидің осы оқиғалардың басты кейіпкері болғанын, оның қытай елшілігінің келуіне, Баянаулаға орналасуына, кездесуді ұйымдастыруға тікелей қатысы барлығын Батыс-Сібір генерал-губернаторы П.М.Капцевичтің Ресей сыртқы істер министрі К.В.Нессельродеге жазған ресми хабарынан байқаймыз: «Что же касается до бия Турайгыра, доставленного также в Омск, который был главнейшим руководителем султана Габайдуллы в несправедливом его поступке и соучастником оного, то в пример прочим нахожу нужным подвергнуть его законной ответственности, предав поступки его суждению воинского суда …». Бірақ Қытай мен Ресей арасындағы дипломатиялық жанжал және Нессельроденің жауап хаты Омбы басшыларының Ғұбайдолла мен Торайғырды жазаламақ болған жоспарларын іске асырмады. Сыртқы істер министрі былай деп жазады:

«Если же приведенные действия, от чего весьма следовала удержаться, строгие меры и особливо ордер подполковнику Григоровскому (арест султана и бия) на то обязанностью вашей будет немедленно отменить оные во всем пространстве по случаю сообщаемого вам ныне высочайшего повеления вследствие сего». Хаттың мазмұнынан біз Баянаулада болған оқиғаға орыс патшасының өзі кіріскенін көреміз.

Түрмеден босатылған соң Ғұбайдолла полковник шенiнен, көптеген сый-сияпаттан бас тартып (оларды С-Петербургтен Нессельроде жiберген), өз ауылына кетедi. Хандық институтты қайта қалпына келтiру мақсатында ол патшаға бiрнеше рет елшiлер жiберiп отырды, бiрақ олардың бiрiне жауап берiлмедi. Осыған жасаған қарсылық ретiнде Ғұбайдолла 1826 жылы Көкшетау округiнiң аға сұлтандығын тастап кеттi.

Саржан төренiң көтерiлiсi кезiнде Ғұбайдолла қайтадан аға сұлтандық қызметiне келдi. Ал, Саржан төре өзiнiң сарбаздарымен жазалаушы отрядпен бiрнеше ұрыс жүргiзiп ақыры Түркiстан төңiрегiне өткенде де қызметiнде қала бердi. Ғұбайдолланың Саржанның көтерiлiсiне аяушылықпен қарап өз кезегiнде көмек беруден де тайынбағаны құпия емес. Алайда, көтерiлiске белсендi түрде араласудан бас тартуы Абылай ханның ұрпақтарының арасында өзгеше бiр есеп болғанға ұқсайды. Абылай ұрпақтарының арасынан Көкшетауда, яғни, Абылай туын тiккен ақ орданың маңында, мейлi ол Ресей бодандығында болса да, ұрпақтары қалуы керек деп шешiлген тәрiздi. Ғұбайдолланың Көкшетаудағы көрiнiсi халықтық тәуелсiздiк рухын сақтап қалуға сөйтiп отаршылардың ашқарақтана ұмтылуына бiршама тосқауыл да болғанға ұқсайды.

ХIХ ғасырдың 30-жылдарының ортасында Ресей Орта жүздiң көп бөлiгiн иемдендi. Бұл жерлерде жетi (Қарқаралы, Ақмола, Баянауыл, Көкпектi, т.б.) сыртқы округтер құрылды. Нақ осы кезде бұрынғы хандықты он жыл болса да қайта алып келген он жылға созылған үлкен көтерiлiс өттi. 1838 жылы көтерiлiстiң нағыз қызып тұрған шағында Көкшетау округiнде аға сұлтан қызметiн атқарған Ғұбайдолла тұтқындалып, Сiбiрге Березовка елдi мекенiне жер аударылды (қазақтар Тара өзенiнiң бойындағы бұл жердi Қайыңтұра деп атады). Сонда ол 1847 жылға дейiн Кенесары көтерiлiсiнiң аяғына дейiн болды. Кенесары хан Ғұбайдолланы айдаудан босатуға бiрнеше рет әрекет еттi. «1838 жылы, – деп жазды Кенесары патша құзырына арналған хатында, – қуандық пен сүйiндiкке, атығай мен қарауылға бас болып бiздер Ғұбайдолла хан Уәлиұлын алып келдiк… Соңында… Ғұбайдолла хан Уәлиұлы бiзбен қатынаста болған жоқ…».

Көп жылғы айдаудан Сiбiрдегi Қайыңтұра қамалынан оралған соң, Ғұбайдоллаға белгiлi жырау Орынбай Кертағы жыр арнады. Мұнда Ғұбайдолланың ХIХ ғасырдағы қазақтар арасындағы маңызынан көп мағлұмат алынады:

Хан Абылай өтiп кеттi-ау кеше жүрген,

Үш жүздiң баласына олжа берген.

Сегiз жыл итжеккеннен арман кетiп,

Ханымыз Абайдiлдә қайта келген.

Барған жерiң итжеккен Қайыңтұра,

Әйтеуiр құдай оңдап келдiң мұнда.

Ғұбайдолла ханның нақты өлген жылы анықталған жоқ. Шамамен ол ХIХ ғасырда 50-жылдардың басында қайтыс болды деп есептейміз. Ғұбайдолланың бес ұлы болды (Ш. Уәлиханов 5 томдық шығармалары, 4-том). Оның ішінде Жәнiбек, Болат, Қанқожа, Әбiлпейіз аттары белгілі. Оның немерелерiнiң бiрi Болат ұлы Сұлтанғазы 60-жылдарда Омбыдағы кадет корпусын бiтiрдi, орыс армиясында полковник қызметін атқарды.  Тарихшы Қадыржан Әбеуовтың жазбаларына қарағанда 1903 жылы Сұлтанғазы Уәлиханов генерал-майор шенінде демалысқа шықса керек.     Қысқа ғана бізге жеткен Ғұбайдолла хан туралы деректер осы. Егер іздейтін жас тарихшылар болса, ханның Ібір-Сібірдегі өмірі туралы да құжаттар табылар еді. Кереғар заманда өмір сүрген, қазақ тәуелсіздігі үшін қолынан келген шаруаның бәрін атқарған, итжеккенге барып келген Ғұбайдолла хан сияқты тұлғаларымызды ұмытпайық.

Жамбыл АРТЫҚБАЕВ,
тарих ғылымдарының докторы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар