Халықаралық балалар кітабы күніне орай аудандық модельдік балалар кітапханасында «Балалар және жасөспірімдер кітаптарының апталығы» аясында бес күн бойы түрлі іс-шаралар өткізілді. Оқырмандардың кітапқа деген сүйіспеншілігін арттыру, ерте жастан бастап көркемдік талғамға, күн сайын кітаппен «дос» болуға шақыру, кітап оқу арқылы білім әлемін шарлауға үйрету, ғибрат сөздерден үлгі-өнеге алуға, кітапты құрметтеуге баулу мақсатында жыл сайынғы өткізілетін біздің көптен күткен кітап мерекеміздің ашылу салтанатына белсенді оқырмандарымыз – мектеп оқушылары қатысып «Балалар, асығыңыздар, бізге кітап апталығы келді!» атты мерекелік калейдоскоп ұйымдастырылды.
Іс-шара барысында Ильмира Нургалиеваның «Радуга» би ұжымының кішкентай бүлдіршіндері әдемі биін ұсынды. Жүргізушілеріміз Алпамыс Қалымтаев және Балауса Мырзахметова балдырғандардың тәтті тақпағымен қоса, әуезді ән де айтқызып, әдемі би де билетіп, кітап туралы, 2023 жылғы мерейтой иелері жайлы қызықты, өнегелі викториналар өткізді. Кітап апталығының ашылуына қатысқан оқырмандарымыз: Балуан Шолақ мектебінің оқушылары Марлен Аханов, Нұртөре Қасқырбай, Нұрай Кеулімжай, Мәдина Сағандықова, Гүлнұр Ахмедова, Нұрислам Балапан, Гаухар Нұрбек, Қадыр Оңдасын, Жасұлан Асқар, №1 жалпы білім беретін мектептің оқушылары Хяди Гелисханова, Милана Маршева, Карина Абашкина, Оля Атавина, Кристина Кафнер, Милана Гусева, Роман Вахтель, Макинск қаласының мектеп-лицейінің оқушысы Ернар Нұрқуаныш, тағы басқаларына тәттілер үлестіріліп, кітап әлеміне бірге сапар шегуге шақыру ұсынылды.
Оқырмандардың Шәкәрім Құдайбердіұлы аталары туралы білімдерін дамыту, ақын өлеңдерінің идеясын ашу, рухани-адамгершілік қағидаларымен таныстыру, Абай өлеңдері мен Шәкәрім лирикасының үндестігін тануда оқушыларды өзіндік ой қорытуға бағыттау, сонымен қоса, кітап апталығының екінші күні Шәкәрім мұраларын дәріптеу мақсатында «Шәкәрім өсиеті – адалдық айнасы» тақырыбындағы поэтикалық сағатты оқушылармен Балуан Шолақ мектебінің кітапханашысы Роза Ембергенова өткізді. Шара барысында ақынның өмірбаяны, шығармашылығы туралы қызықты және толық мәліметтер айтылып, кеш соңы қызықты викториналық сұрақтарға ұласты. Сондай-ақ, модельдік балалар кітапханасында өткен Шәкәрім оқуларының аудандық кезеңіне белсене қатысқан оқырмандар мен облыстық кезеңнен Алғыс хат алған оқырмандар Кәусәр Қанатбек, Ақарыс Оразбай, Күнсая Әбілқайыр, Нүркерім Ақылбек марапатталып, сыйлықтарға ие болды.
«Менің сүйікті кітабым» әдеби круизі Қазақстанның Халық жазушысы, ақын Мұзафар Әлімбаевтың туғанына 100 жыл толуына және балалар жазушысы Виктор Драгунскийге арналды. Шара барысында №1 қалалық кітапхананың кітапханашысы Кристина Бабан және мектеп-гимназияның кітапханашысы К.Кульбак қатысушыларға ақынның өмірі мен шығармашылығы жайлы дайындап келген ақпараттарымен бөлісіп, артынша осыған байланысты қызықты сұрақ-жауап ойынын өткізді. Өз кезегінде өлеңсүйер оқырмандар Мұзафар Әлімбаевтың белгілі өлеңдерін жатқа оқыды. Виктор Драгунский туралы да көптеген мәліметтер оқылып, оның шығармашылығы бойынша ойындар ойнатылды. Қағазда жасырылған ертегі кейіпкерлерінің образын сомдау, шатасқан сөз тіркестерін табу, әріптерден шығарма атауларын құрастыру көпшіліктің көңілінен шығып, балақайлар шаттыққа бөленді.
Оқырмандарымыздың сүйікті мерекесіне айналып үлгерген Кітап апталығының қызықты сәттерінің төртінші күнінде «Балдай тәтті балалықтың бастауы» атты кітапханалық-интеллектуалды ойын өтті. Ол қазақстандық тұңғыш телевизия аниматоры, суретші, кинорежиссер, профессор, халық ертегісі негізінде тұңғыш түрлі-түсті «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» атты мультипликациондық фильм жасаған Әмен Қайдаров пен орыс балалар жазушысы, драматург, сценарист, «Дымбілмес пен достарының хикаяларының» авторы Николай Николаевич Носовқа арналды. №3 қалалық кітапхананың кітапханашысы Бақытжан Мергенбаева мен №2 жалпы білім беретін мектептің кітапханашысы Инга Прокопенко өз кезегінде оқырмандарға мерейтой иелері жайлы тың ақпараттар беріп, мультихикаялар көрсетті. Жазушыларға қатысты түрлі-түрлі сұрақтар қойылып, олар шығарма желісіндегі бұйымдар арқылы шығарма атауын тауып, кроссвордтар шешті, сұрақтарға дұрыс жауап беріп, тапсырмаларды тыңғылықты орындаған көрермендерге сыйлықтар үлестірілді.
Кітап апталығының жабылуына «Менің отбасым – кітаптың нағыз достары» ойын-сауық бағдарламасын №2 қалалық кітапхананың кітапханашысы Вера Будау, №1 жалпы білім беретін мектептің кітапханашысы Любовь Копысова өткізіп, барша оқырман қауымға керемет көңіл-күй сыйлады. Отбасылық ойын-сауық бағдарламасына 5 отбасы қатысып, түрлі-түрлі кезеңдерден тұратын қызықты тапсырмаларды орындап, «Өнерлі отбасы» номинациясымен марапатталды. Сонымен қатар, Ақмола облысынан «Үздік оқырман» сайысына қатысқаны үшін Таңжарықтар отбасы Алғыс хатпен марапатталды. Кітап әлемінің қызығына толы Кітап апталығы әсерлі әуенмен, тәтті ертегілермен, мағыналы мазмұнымен, ойын-сауығымен, еркін форматтағы іс-шараларымен, сан түрлі тапсырмаларымен ұмытылмас сәт ретінде көптеген сәбидің есінде қалды.
Шара соңында апта бойы белсенділігін қөрсеткен біздің кітапқұмар оқырмандарымыз мадақтама қағаздары мен түрлі сыйлықтармен марапатталды. Мерекемізді әр түрлі тақырыптарда өткізіп, балалардың кітап оқуға құмарлығын ашып, мәдениетті болып өсуіне, рухани дүниесін байытуға көп септігін тигізген кітапханашыларға, мұғалімдерге, апталықтың жоғары деңгейде өтуіне ат салысқан баршаға алғыс білдіріліп, шығармашылық табысқа жетулеріне тілектес ниеттер айтылды.
Айжан КАПИЗИНА,
Бұланды аудандық модельдік балалар
кітапханасының бас маманы.