Ертеңімізді ойласақ, орманымызды да ойлайықшы

Қоршаған орта әрбір адамды тұнып тұрған тазалығымен, жап-жасыл шырайымен, саф ауасымен қамтамасыз етеді. Адамзат жер бетінде пайда болғалы ол туралы небір зерттеу жұмыстары да, өзекті мәселелер де қозғалып келе жатыр.

Бүгінде біз экологиялық апаттар көп орын алатын ғасырда өмір сүріп жатырмыз. Халық су, ағаш, жер деген құнды нәрселерді аялауды азайтқан, соның салдарынан әлемде ағаштар саны кеміп, түрлі қажетсіздіктер туындауда…

Қазақстан ну орман мен түрлі керемет ағашты алқаптарға кенде емес. Әр өңіріміздің өзіндік жасыл-шыршалы, қарағайлы-қайыңды ормандары мен демалыс саябақтары бар. Туристер мен дем алушылар да тап осы жасыл желекті ағаштар көптеп шоғырланған мекендерге саяхат жасауды ұнатады. Десе де, бүгінгі таңда заңсыз ағаштарды кесіп, құныққандар кейде ұсталып, айыппұл арқаласа да, ағаштарды кесуді, орман алқаптары мен далалық жерлерге қоқыс төгуді, ойланбастан жерге сөнбеген темекі тұқылын лақтыра салуды тоқтатпауда. Соның салдарынан табиғатқа залал тигізу фактілері тіркелуде. Көктем келе мемлекет пен жергілікті билік тарапынан тазалық жұмыстары мен ағаш отырғызу қолға алынғанымен, екінші жағынан ол еңбек зая кетіп жатады. Бір жағынан басқа нулы алқаптар зардап шегуде. Мәселен, дәл осы көктемде жүз түп жасыл отырғызылды делік, оның тамыр алып, жерсініп, үлкен ағашқа айналуына жұмсалған қаншама еңбек пен уақыт екінші бір орман өртімен текке кеткендей болып жатады. Бір орманның өртке орану салдары, ондағы ағаштардың қайта қалыпқа келмейтінімен қоймай, жерге қажетсіз қара шірік пен қоқыс таратады. Ал, мұның салдары ауыр, зардабы қиын.

Аталмыш салаға жауапты мамандар жыл он екі ай осындай үздіксіз жұмыс жүргізгенімен, кесілген ағаштарды қалыпқа келтіру оңай емес. Қымбат әрі бағалы қайың, қарағай, шырша сынды ағаштарды заңсыз саудалаушылар саны жыл санап артуда. Еліміздің үлкен мегаполистерінде жылда көктемде ағаш отырғызу, қаланы көгалдандыру істері жүргізіледі, бұл жағымды жаңалық, десе де, адам аяғы аз баратын, шалғайлар мен беткейлерде күн санап, орманды алқаптар саны азайып, ағаштар саны жойылуда. Қазір барлық ауылдардың маңына көз салсаңыз, табиғатқа сұғанақтығымыздың салдарынан орман-тоғайларымыз сирек қалған.

Демек, сіз болып, біз болып, жасыл желегімізді қорғамасақ, іс насырға шабуы мүмкін. Ағаш – біздің ауамыз, орман – біздің денсаулығымыз. Табиғат-анаға қамқорлық жасауды жас баладан бастап, басты борыштың бірі санауымыз қажет-ақ.

Жасқайрат СЕРКЕНОВ,
«Қыпшақ» орман шаруашылығының шебері.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар