Сахнада – Жібек Бағысова!..

Иә, иә, сіз жаңылыс естіген жоқсыз, қадірлі көрермен! Өнер жолын сонау 1957 жылы  «Ботагөз» фильмінде Ботагөздің рөлін сомдаған Гүлфайрус Ысмаилованың ат үстіндегі әрекеттерін бейнелеуден бастаған, 27 жасында Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі, 1980 жылы Қазақстанның Халық әртісі атанған, осыдан екі жыл бұрын өзінің 80 жылдық мерейтойын тойлаған  Жібек Бағысова!.. Сөйтіп, біртуар талант өзінің өмірге, өнерге деген ерекше құлшынысын тағы бір танытып, кейінгіге  өнеге көрсетті.

Біз оның жалындаған жас шағында ойнаған М.Әуезовтің «Қарагөзіндегі» Қарагөзін, «Еңлік-Кебегіндегі» Еңлігін, «Айман-Шолпанындағы» Теңгесін, «Қара қыпшақ Қобландыдағы» Қарлығасын, Ш.Айтматовтың «Ана-Жер-Анасындағы» Әлиманы мен Толғанайын, тағы толып жатқан рөлдерін көрген жоқпыз. Тек 1995 жылы Көкшетауда театр ашылып, ол туған жеріндегі өнер ордасында жұмыс істей бастағаннан бергі рөлдерінің ғана куәсіміз. Соның өзі аз емес еді!.. Жалпы, Жібек Бағысованың өмір және өнер жолы туралы апайдың 80 жылдығына орай, 2021 жылы Марал Жақыпованың құрастыруымен шыққан «Өмірлік өнер мектебім» атты кітаптан толық мәлімет алуға болады. Кітап үлкен құрмет, махаббатпен, мұқияттылықпен, зор ыждағатпен жазылып, дайындалған. Онда Ж.Бағысова ойнаған рөлдер түгел тізіліп, алған атақтары аталып, қомақты  фотошежіре берілген.

Сонымен, күні кеше атақты актриса Жібек Бағысованы Шахмет Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық-драма театрының сахнасында қойылған Б.Абдураззақовтың «Алло, мама» (режиссері Т.Мәжитов) деген драмасынан көрдік. Сахнадағы әріптесі жас, талантты актер Еркебұлан Төлеуов. Қойылымның актер үшін қиындығы, жауапкершілігінің молдығы да сол – сахнада екі-ақ актер.

Осыншама қиын, ауыр жұмыс үстінде сахна саңлағына оның жасы түк кедергі болған жоқ! Керісінше, толыққанды тәжірибесі өз алдына, сол кемел жасы баласын қызғыштай қорғаған ана бейнесіне қалтқысыз сендіре алды.

Әрине, аты аңызға айналған атақты актрисаның ойынын қалт жібермей қарадық.  Мың ішінен дара көрінген  бұл өнерпаздың не тылсымы, не ғажабы бар? Иә, бұған дейін де оның өнеріне талай тәнті болғанбыз. Әр қадамының қыр-сырына үңіліп, түсінуге, талдауға тырысқанбыз.

Кейін араға жылдар түсті. Енді міне, тағы да көріп, тағы да өнер тылсымына қаныға түсуге мүмкіндік туды. Осының өзі ғажап сәт, сенсация емес пе?!

Сонымен, сахна. Сахнада Жібек Бағысова. Шебердің ширыққан ойынының құдіреті сол, өзің бір сәт ала алмайсың. Оқиға жетегінен ажырап, үзіле алмайсың. Сахнадағы өмірге араласып, кейіпкерлермен бірге өмір сүресің. Бірге күйініп, бірге сүйінесің. Себебі, осы бейнесінде де бос қалған әрекет жоқ. Еркебұлан Төлеуов те жас та болса, сахнаға талай күрделі, психологиялық рөлдерді жарқыратып шығарып жүрген өнерпаз. Осы спектакльде  бұған дейін Жанар Құсайыновамен бірге ойнаған. Онда да сәтті қойылымның куәсі болғанбыз. Еркебұланның бүгінгі ойынының ерекшеліктері байқалды. Сахнада Жібек Бағысова тудырған атмосфера, қайнаған қысым деңгейінен Еркебұлан сырт қалған жоқ.

Сол сезім, әсер, толқыған көңіл-күй өрісінің бел ортасынан табылды.

Жас актерлерге сахна саңлағынан үйренер нәрсе көп екеніне дау бар ма? Мысалы, Жібек Бағысова өзінің айтқан  әрбір сөзі, әрбір сөйлеміне дауыс ырғағы, мимикасы, қимыл-қозғалысы сияқты көптеген іс-әрекеттің бәрін қосады. Ол үлкен жұмыс және үлкен тәжірибені керек етеді. Сәт сайын, қысқа уақытта әр сөзге, әр әсерге жаңағыдай, бүкіл әрекеттерді қосып отыру оңай емес. Біз мұны үңіле отырып көргендей болдық. Ал, қарапайым ғана қарап отырсаң, сол жұмыстың түпкі нәтижесін ғана көресің де, жіпсіз байланасың, шамасы. Бұл да, әрине, өз түсінік-түйсін, болжамымыз. Шын мәнісінде өнер мен өнерпаз тылсымын түсіне қою, онда да үлкен пайым.

Актер шеберлігі сол – ол жастың ерекшелігін, ал, сахнадағы Еркебұлан – баласы  анасының жас деңгейін көрсетеді. Қалай? Жоқ, тек түрі, кескін-кейпімен ғана емес, қимыл қозғалысы, пластикасымен, жеңіл жүріс-тұрысымен. Тіпті, ішінде твис, вальс билейтін жерлері де бар. Ал, енді дауыс ырғағы, қуаныш-реніш реңкін беру шеберлігі өз алдына бөлек әңгіме.

Сөйтіп, көңілге ой салар, толғанысты-тебіреністі, бүгінгі алып-ұшқан жанталас қоғамдағы ана мен бала қарым-қатынасы туралы мазмұнды бір қойылымды көріп, Жібек Бағысова сияқты атақты актрисаның өнерімен сусындап, тағы бір тылсым күй кештік. Сахна саңлағы өнерге, өмірге құштарлық, қайрат-жігер, қайсарлық пен батырлықтың шынайы өнегесін көрсетті. Біртуар талант иесінің үздік өнеріне бас идік деген аталы сөз сірә, осы болар!..

                                                 Серік ЖЕТПІСҚАЛИЕВ,
                                                 ҚР Мәдениет саласының үздігі.

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар