Биыл бір мың шақырым жол жөндеуден өткізіледі

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ақмола облысында жол инфрақұрылымы бойынша жобаларды іске асыру қадамдары жөнінде облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының өкілі Жұмабек Хайролла кеңінен баяндап берді.

Ақмола облысының жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының ұзындығы  5,626  шақырымды құрайды.  Биыл өңірдегі  жергілікті маңызы бар автокөлік жолдарын жөндеу бойынша 210  жобаны іске асыру үшін 73 миллиард теңге  қарастырылды.  Басқарма өкілінің айтуынша, жыл соңына дейін 1000 шақырым жолды жөндеу жоспарлануда.

−Бекітілген бағдарламалар шеңберінде  құрылыс-монтаж жұмыстары жүзеге асады.  Астана қаласына іргелес елді мекендерді әлеуметтік-экономикалық дамытудың кешенді жоспары аясында 21 елді мекенде шамамен 170 шақырым жолды  жөндеу  мен  қала шетіндегі әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды дамыту бойынша 40-тан астам жер салу жоспарлануда. Сондай-ақ, «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 27 елді мекенде 80 шақырымнан астам жол жөндеуден өтеді. Өңірлерді дамыту бойынша  120 елді мекенде 370 шақырым жол және моноқалалар мен шағын қалаларды дамыту аясында 3 елді мекенде 10 шақырым жол жөнделеді, −деді спикер.

Сондай-ақ, ағымдағы жылы облыс әкімдігі жол активтерінің Ұлттық сапа орталығымен 220 миллион теңгеден астам сомаға шарт жасасуды жоспарлады. «Щучье-Бурабай курорттық аймағын дамыту» шеңберінде Бурабай ауылының 5 шақырым көше жолы жаңғыртылады. «Жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарын салу және жөндеу» бағыты бойынша 350 шақырымнан астам жолды жөндеу жоспарлануда.  Ақмола облысы елді мекендерінің көше-жол желісін салу және жөндеу бойынша да жұмыстардың негізгі көлемі жалғастырылатын болады.

Құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізу кезінде техникалық және авторлық қадағалаулармен бірге мемлекеттік сәулет-құрылыс жұмыстары да қадағаланады. Сондай-ақ, жол активтерінің сапасын Ұлттық орталықпен бақылау жүзеге асырылады. Брифинг соңында Жұмабек Хайролла облыстағы қандай жол учаскелері нашар немесе қанағаттанарлықсыз жағдайда екендігі жөнінде журналистердің қойған сауалына жауап берді.

−Биылғы жылы «Жалтыр-Макинск» жолының 9 шақырымында  жөндеу жұмыстары аяқталады. Ол өткен жылы басталған еді. Жалпы қанағаттанғысыз учаскенің ұзындығы 33 шақырымды құрайды. Жолдың жағдайы ойқылы-шұңқырлы. Өткен жылы біз 24 шақырым жолды жөндесек, биыл 9 шақырымды жолдың жөндеу жұмыстарын аяқтауды жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ, былтыр Степняк қаласынан Щучинск қаласына дейінгі  6 шақырым жол жөнделді. Бұл жөндеу жұмыстары әрі қарай да жалғасады. Әрі бұл халық арасындағы шағымдарға қатысты ең негізгі жолдар болып табылады,−деді басшы. Жалпы, биыл  облыс әкімдігі жол активтерінің Ұлттық сапа орталығымен 220 миллион теңгеден астам сомаға шарт жасасуды жоспарлап отырғанын да айта кетуіміз керек.

Ілияс ӘУБӘКІРОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар