Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ұлағатты ғұмыр есебі - АРҚА АЖАРЫ

Ұлағатты ғұмыр есебі

Таяуда редакциямызға газетіміздің байырғы оқырманы, тоқсаннан асқан ақсақал Қайыркелді қажы Қанапияұлы Астана қаласынан арнайы келіп, жақында ғана жарық көрген кітабы туралы әңгімелеп берді. Бізді бірден кітаптың атауы елең ете түсірді. «Қарызым мен парызымды өтей аламын ба?» деп аталатын кітапта автордың өнегелі өмірі, ғұмыр жолының ғибратты сәттері баяндалған.  Алғысөзін «Бәйімбет» қоғамдық бірлестігінің президенті Ғалымжан Жүсіпұлы жазған екен.                                                    

«Бұл кітаптың өз ерекшелігі бар. Бас кейіпкердің естелігін, бір әулеттің шежіресін, ағайын-жекжаттар туралы мәліметтерді оқисыз. Қайыркелді қажы Қанапияұлы және оның отбасы жайында қаншама болған оқиғалармен танысып, үлкен азаматтың өнегелі өмірімен жүріп өткендей боласыз, көз алдыңызға еліміздің бастан кешкен бір ғасырға жуық тарихы елестейді. Қайыркелді қажы Қанапияұлының өмірі еліміздің өміріндей көрінеді. Ол өткен ғасырдың  басында өмірге келсе, ол да еліміздің дүрбелең кезеңді кешкен кезі еді. Ел басқарып жүрген әкесі Қанапия Хасенұлы қолында «бронь» қағазы болсада,өзі сұранып  Отанды қорғауға аттанады. Өмірдің бар азабын көрген, жетімдікті басынан өткізген ауыл баласының білімге деген құштарлығы қандай! Сол білімнің бигіне шығамын ба деп жүргенде өкпесіне суық тиіп, қатты ауырып қалады. Оның тірі қалғанына таңданасың.

1960 жылы Омбының ауыл шаруашылығы институтын бітіріп, агроном мамандығын алған. Жұмысты агрономдық қызметтен бастап,  Көкшетау облысы, Ленинград ауданында комсомол, партия қызметтерін атқарды. Торғай облысында 1972-1988 жылдары облатком нұсқаушысы, Арқалық аудандық газетінің бөлім меңгерушісі, редактордың орынбасары, Арқалық аудандық атқару комитеті  төрағасының орынбасары болды. Ерен еңбегі үшін Торғай облысының бірінші хатшысы Еркін Әуелбековтен мақтау қағаздары мен медальдар алды» депжазылған кітаптың алғысөзінде.

Иә, өмірден түйгені көп,  даналығы мен өмірлік тәжірибесі мол қазыналы қарттың әңгімесін тыңдай отырып, біз де,  ізгіліктен айнымаған ақсақалдың ақылы мен өсиетіне қаныға түстік.  Мына бейопа тірліктің мән-мағынасын тереңірек зерделеген сайын жан баласы шырмауы көп сұрақтың құрсауында қалатыны бар. «Мен парызым мен қарызымды өтей алдым ба?» деген сұраққа жауап іздеген қарияның өмірі баяндалған кітапта шынымен де бір дәуірдің өшпес өрнегі, кестелі жылдары өрнектелген. Сол дәуірмен бірге өрбіген өнегелі ғұмырдың ғибратқа толы мәнді де мағыналы сәттеріне қаныға түскен сайын көп жайға тәнті боласың. Жалпы, жалғанда парыздың да, қарыздың да салмағы ауыр. Ел алдындағы парызымды өтей алдым ба, ата-ана, туған-туыс, отбасы алдындағы қарызымды қайтардым ба деген сұрақ жалғыз авторды ғана емес, саналы адамның барлығын толғандыратыны хақ. «Еңбегімді еселесем де, ел алдында қарызым мен парызымды өтей алмайтыным анық» дейді автордың өзі. Қайыркелді атамыздың ғұмыр жолын зерделей қарасақ, ол қай қызметті атқарса да, адалдықтың ақ туын жықпай, абырой биігінен көріне білді. Әдетте адам баласын абзал атына сай ететін алдымен, оның еңбекқорлығы болса, осы қасиетті толықтырып тұратын адамның көркем мінезі ғой. Жасы тоқсанды алқымдаған ақсақалдың, жасы кішіге айналайын деп жылы сөйлегені, әр сөзін рухани құндылықпен байланыстыруы, жасаған игі істерінің өнегесі ол кісінің шын мәнінде жан дүниесі бай, талап-талғамы терең жан екендігін аңғартып-ақ тұрғандай.

Кітап бірнеше бөлімнен тұрады. Онда автордың  балалық шағы, ата-анасының ғұмыр жолы, соғыс кезеңінен кейінгі өмір, мектептегі өмірі, студенттік жылдар, жігіттік шағы, қызмет бабы,отбасы, тағы басқа өмірдің барлық кезеңдері жіпке тізілгендей көркем тілмен баяндалған.

Қазақта «Тегі жақсы тегін болмайды» деген сөз бар. Кітапты оқи отырып, Қайыркелді Қанапияұлы Бәйімбет батырдың ұрпағы екендігінен хабардар болдық. Батыр бабаның ұлағатын ұрпаққа насихаттау жолында да ақсақал ауқымды жұмыстар атқарып, еселі еңбек сіңіріп жүр. Сонымен қатар, бұл кітапта ата-ананың қадірі, туған жерге деген риясыз махаббат, отбасындағы жарасымды сыйластық, автордың зайыбы Мәшекер Қабышқызына деген ықылас-пейілі, бәрі-бәрі, жақсы адам болып қалыптасу қағидаттары  өмірдің өзінен алған нақты мысалдармен әдемі әспеттеліп жазылған.  Бір ғана мысал, 2011 жылдың желтоқсан айында үлкен қажылық парызын өзі және анасы Хазине үшін орындаса керек. Сонымен қатар,  2013 және 2019 жылдары Ұмра қажылыққа барып, 10 адамға қажылық рәсімін жасаған екен.

«Қайыркелді қажыны тегінде мақтаудың керегі жоқ. Қайрекеңмен мақтануымыз керек» деп түйіндепті Ғалымжан Жүсіпұлы кітаптың алғысөзінде. Иә, халыққа өнегелі өмірімен үлгі болған Қайыркелді ақсақалдың  ғұмыр жолы осындай ғибратқа толы.

Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар