Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the blog2social domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114

Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114

Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wordpress-seo domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Бурабай шет ел туристеріне танымал бола бастады. Дегенмен... - АРҚА АЖАРЫ

Бурабай шет ел туристеріне танымал бола бастады. Дегенмен…

Жадырап жаз келісімен Бурабайдың баурайы, Зерендінің зерлі аймағы келімді-кетімді кісіден бір босамайды. Біздің өңір туризм саласын дамытуға мейлінше қолайлы. Аймақтағы туристік салаға соны серпін беріп, жарты әлемді жалғыз қауызға сыйдырып жіберген жаман тұмаудан кейін қайтадан өрістетіп, бағзы қалпына келтіруге, тіпті одан да жақсартуға  талпыныс жасалуда.

Бүгінгі таңда бұл тарапта 600-ден астам әртүрлі кәсіпорын жұмыс істейді. Қарымын таразы басына тартсаңыз, ел бойынша екінші орында. Шынтуайтында әлі де кәдеге аспай жатқан мол мүмкіндік бар. Мәселен, бүгінгі туристке көркі көз қуантатын табиғат та, қол қусырған күтуші де, үлде мен бүлдеге орайтын күтім де таңсық емес. Өркениет көші алға озған сайын рухани дүниеге сусағандар, тарихтан тағылым алғысы келетіндер жыртылып айырылады.  Көненің көмбесін ақтарып көріп, алты Алаштың таста таңбаланған тарихын зерделегісі келгендерге Бурабайдың баурайында көзайым қылып көрсетер дүние аз емес. Бәлкім осы бағытта тиімді жұмыс істеуіміз керек шығар. «Бурабай», «Бұйратау», «Көкшетау» мемлекеттік ұлттық табиғи парктерімен бірге «Қорғалжын» мемлекеттік табиғи қорығы аумағында 900-ден астам тарихи және мәдени ескерткіштер орналасқан. Қай-қайсының болсын қасына барып, уақыт шымылдығымен тұмшаланған шілтерді серпіп тастап, қазыналы сырдың қойнауына сүңгіген адам көл-көсір олжаға жолығар еді. Ол олжа – рухани байлық.

Туған елдің тарихын әйгілейтін, тұмса табиғаттың ғажайып сұлулығын құштар көңілдің терезесіне дейін мөлдіретіп әкелетін 73 туристік бағыт жұмыс істейді. Әр бағыттың алуан-алуан сыры бар, ет жүрегіңді елжірететін жыры бар. Соншама мелтектей тұнған, сиқырымен арбап, сырымен баурап, тарих тұңғиығының жеті қат тереңдігіне жетелей жүретін туристік бағыттар Көкшетау, Бурабай, Зеренді, Қорғалжын, Ерейментау, Біржан сал аудандарының аумағында құс жолындай сайрап жатыр. Бар асылы бойында тананың көзіндей жайнап жатыр. Сан ғасырдың тарихымен бірге Алаш жұрты қасиеттіге балап, киеліне санап, көзінің қарашығындай сақтаған жұмыр жердің жұмағы да осында. Бәлкім содан да болар, ат басын бұрушылар дүмей түсуде. 2022 жылы көрікті өңірге бір миллионнан астам адам келіпті. 2020 жылмен салыстырғанда, әлдеқайда көп. Ол жылы 795,3 мың адам келген болатын. Ал, 2021 жылдың тоғыз айында 950,6 мың адам аруақ қонып, нар шөккен Көкше топырағын басып, көркімен танысып, жұпар ауасын жұтып, құр атқа мінгендей қунап кеткен.

Өткен жылы шетелдік қонақтардың күрт көбейгендігі байқалады. «Еqonaq» ақпараттық жүйесінің деректеріне қарағанда, әлемнің 94 елінен 22,9 мың адам келген. Оның 15 мыңнан астамы ТМД елдерінен. Бурабай баурайы мен Зеренді көлінің жағасынан АҚШ, Канада, Германия, Түркия, Ұлыбритания, Франция елдерінің адамдарын кездестіруге болады. Сондай-ақ, қиындағы Біріккен Араб Әмірлігі, Сауд Арабиясы, Египет, Оңтүстік Африка Республикасы, Кения, Австралия, Шығыс Азия мен Тынық мұхиты елдерінен де тынығып қайтуға тілек білдірушілердің қарасы көбейе түскен. Ит арқасы қияндағы осыншама елдің туристері Көкшетауға келетін болса, бұл өлкенің де бағасы асып тұрғаны ғой.

Туризмді әсте бизнеспен белсенді байланыстырмай өрістету мүмкін емес. Бүгінгі таңда мемлекет елдің туристік инфрақұрылымын дамытуға инвестиция салатын кәсіпкерлерге нақты қолдау көрсетуде. Туризм саласындағы кәсіпкерлік субъектілері өтінім беріп, өз жобасын ұсынуы керек. Ағымдағы жылы 10 кәсіпкерлік субъектіге 104,5 миллион теңге көлемінде мемлекеттік қолдау шаралары мақұлданды. Осы арада тұмса табиғатқа, жалпақ жұрттың мақтанышына айналған Бурабай мен Зеренді аймағын күтіп ұстауға мемлекет тарапынан жанды қамқорлық көрсетіліп отырғандығын айта кетсек артықтығы жоқ. Сол қамқорлықтың арқасында курортты өңір қанатын жая түсуде. Шетелдік туристердің кірпияз көңілінің талабынан шығатын инфрақұрылым түзілуде. Олардың назарын аударатын мейлінше қызықты орындар да аз емес. Айталық, «Ботай-Бурабай» этнокешені. Қазақ даласында жылқыны ең алғаш қолға үйретудің ежелгі тарихын сипаттайтын кешенге келушілер легі арта түсуде. Әлемде теңдесі жоқ «Бурабай» халықаралық трамплині де дем алушылардың назарын аударуда. «Абылай хан» экспозициялық кешені туристерді өзіне шақырып-ақ тұрады. Мұндай әдемі де әсерлі орындар аз емес.

Ағымдағы жылы туристер легі тіптен көбеюі мүмкін деген болжам да айтылуда. Міне, осыған байланысты бұрынғы кемшіліктерді тез жойып, алдағы уақыт та мүмкіндігінше қайталанбауын қадағалау қажет. Ол алдымен тұмса табиғаттың тазалығын сақтауға байланысты. Бұл арада біздіңше жалғыз үгіт-насихат, ұғындыру, түсіндіру жұмыстары жеткіліксіз. Кімнің болсын көкірегінде ай нұрлы, ару сипатты өлкенің өңіне қылдай қиянат жасамайыншы деген перзенттік пейіл қалыптасуы қажет. Тақырыпты сәл таратып айтуға тура келеді. 2020-2023 жылдары «Бурабай» ұлттық паркі аумағынан 6550 текше метр қоқыс шығарылған. Оқырманның көз алдына елестету үшін мұнша қоқыстың 1100 жүк машинаға жүк болатындығын айта кетелік. Демек, біз миллиондаған туристі қабылдау үшін дайын болуымыз керек. Жыл сайын бұл мәселе ауық-ауық көтеріліп келе жатыр. Әйтсе де әлі оңтайлы шешімін тапқан жоқ.

Бурабай көлі жағалаудан шегініп бара жатыр. Көнекөз қариялар бұл көлдің ертеректе суы ғажайып мөлдір болғандығын аңыз қылып айтады. Бүгінгі тыңдаған адам ертегі іспетті қабылдар еді. Көл суы неге тартылды? Бұл өте күрделі сауал. Жергілікті экологтар ауа райының күрт құбылуынан деседі. Соңғы үш жылда көл суы бір метрге азайған. Байыптап қарасаңыз, адам қолынан жасалған қиянат деуге де болар. Мәселен, бір кезде күркірей ағатын Күркіреуік, Сарыбұлақ өзендерінің тартылуы. Оның үстіне Бурабайдың жоталарынан бұлқынып аққан бұлақтардың да көзі жабылған. Ғимараттарды табиғаттың өз заңдылығын ескермей, жағалауға жақындатып салғандықтан, су жолын бөгеу көбейген. Көктемгі еріген су да көлге жетпей сіңеді. Міне, осының бәрі судың молаюына мүмкіндік бермей тұр. Табиғи су жолдары жабылғаннан кейін ылғал ағаштарды шірітіп жатыр. Осы арада тың және тыңайған жерлерді игеру кезеңінде бұрынғы Көкшетау облысының аумағындағы 1515 көлдің құрғап кеткендігін айта отырып, Бурабай баурайындағы табиғаттың тартуын көздің қарашығындай сақтауымыз керек деп аттандауға әбден болады. Әне бір кезде Шортанды көлі Щучинск қаласының су алатын негізгі су қорына айналды.  Қаланы жерасты суымен қамтамасыз ететін үш бірдей су көзі табылғанымен, көлге қиянат жасау ұзаққа созылды. Міне, осы кезде тығырықтан жол іздегендер Бурабай баурайындағы көлдерді Сергеев су қоймасынан тартылған құбыр арқылы толықтыру керек деген де ұсыныс айтты. Бірақ, құрамы әртүрлі болғандықтан бұлай жасауға болмайды екен.

Әрине, Бурабай кенті абаттандырылып, санитарлық тазалық қолға алынуда. Бурабай мен Зеренді аудандарында ұлттық парктердің, туризм саласындағы ұйымдар мен қоғамдық бірлестіктердің, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері бірлескен жұмыс тобын құрып отыр. Оның алғашқы отырысы үстіміздегі жылдың 4 сәуірінде өткізілді. Курортты өңірдің осы салаға қатысты бар қызметі белсенді дайындықты бастап та кетті. Облыстық бюджеттен Бурабай курортты аймағын абаттандыруға 33 миллион теңге қаражат бөлініп отыр. Жазғы маусымның басында Бурабай кентіндегі орталық алаңды, Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне арналған ескерткішті жаңғырту қолға алынуда. Сондай-ақ, көрсеткіш белгілер пысықталып, ақпараттық жүйе толықтырылуда. Кенттің орталық көшелерінде қызықты муралдар пайда болды.

Үстіміздегі жылы Щучье-Бурабай курорттық аймағының көлік инфрақұрылымының жобаларын жүзеге асыруға 3,6 миллиард теңге қаржы бөлінді. Зеренді аймағын дамыту барысында 31 инфрақұрылымдық жоба кезең-кезеңімен жүзеге асырылатын болады. Бюджет қаражаты есебінен Зеренді курорттық аймағының аумағында бірнеше автобус аялдамасын орнату жоспарлануда.

Көрікті Көкшенің бар байлығы осы екі жерде ғана бөгіп тұрған жоқ. Соңғы үш жылда Ақкөл, Аршалы, Целиноград аудандарында да осы салаға серпін берілмек. Биыл Аршалы ауданында екі демалыс аймағы, Ақкөл ауданында сауықтыру-емдеу орталығы салынатын болады.

  1. Алтынның үстінде отырған Бестөбенің бағы қашан жанар екен?!.

Степногорск қаласының іргесіндегі Бестөбе кентінің басынан дау-дамай арылмағалы әлденеше жыл. Шешімін таппаған, күрмеуі қиын мәселелер жалпақ жұртты да, жергілікті билікті де қалжыратып болды. Бұл елді мекенде 6,5 мыңға жуық халық  тұрады. Жергілікті жұрттың басым бөлігі алтын өндіретін кеніште еңбек еткен.

Негізгі күнкөріс көзі де осы болды. Соңғы жарты жылдан аса шахта жұмысы тоқтап, жерасты суына толып, кен өндіру мүмкін болмай қалды.  Сол себепті 1200 адам жұмыссыз қалуға мәжбүр. Дәл осы кезде әрқилы жорамал айтушылар көбейді. Жөн-жосықсыз жорамалдың көпшілігі ел ішіндегі елеңдеуді көбейтіп, отқа май құя бастады. Жергілікті билік мәселені түбегейлі шеше алмай отыр.

Кенішті суға толтыруға жергілікті тұрғындардың 2021 жылдың жазында қойған талаптары себеп болған сыңайлы. Халық сол кезде кеніштің ондаған жыл жұмысы кезінде пайда болған қалдықтарды қайта өңдеуге бағытталған жаңа фабрика мен кеніш суларын құйып отырған қалдық қоймасының жабылуын талап еткен еді. Мұндай талапты орындаудың азды-көпті салдары болды. 2021 жылдың маусым айында Бестөбе кен байыту фабрикасы жұмысын тоқтатты. Ізінше бұрын фабриканың өңдеу жұмыстарында қолданылған кеніш суын төгетін жер болмағандықтан, жерасты кеніші суға толды. Ол суды Экология кодексінің талаптары бойынша жерге төгуге болмайтын еді.

«Алтыналмас АК» АҚ компаниясы Бестөбе өндірістік алаңқайын жаңғыртып, қол еңбекті талап еткен қауіпті әдістен бірден ауқымды өнім алуға мүмкіндік беретін механикаландырылған әдіске өтуді ұсынған болатын. Бұл әдіс кеніштің өмірін біраз жылға ұзартып, өндірісті өрістетіп, халықты жұмыспен қамтып, қомақты салық төлеп отыруға мүмкіндік берер еді. Компания өкілдері осы жоспарын жергілікті халыққа жеткізген кезде көпшілік қарсы болды. Компания басшыларының айтуынша дәстүрлі жұмыс аса қауіпті болғандықтан, өндіріске жарамсыз, көнерген әдіс.

Дегенмен, мекеме жұрттың жайын түсініп, әлі жалақы төлеп отыр. Компания берген деректерге сүйенсек, 2021 жылдың шілдесінен 2023 жылдың қаңтары аралығында осы мақсатта ай сайын 400 миллион ақша төленіпті. Үстіміздегі жылдың қаңтар айынан бастап 1,8 салалық коэффициентіне көбейтілген ең төменгі жалақыға дейін біртіндеп төмендеу басталды.

Компания басқа нысандардан жұмыс ұсынып отыр, «Қазақмыс» сияқты тау-кен мекемелерімен де жұмысқа орналастыру мәселесін келісуде. 2022 жылдың сәуірінен бері 21 жұмыс жәрмеңкесін өткізді. Бірақ бестөбеліктер ұмтылып отырған жоқ. Мәселен өткен жылдың желтоқсан айынан бері мың жарымнан астам жұмыс орны ұсынылғанымен, елу-ақ адам орналасқан.

Мәселенің ушыққаны соншалық, облыстық әкімдікте де бейнетке батқан Бестөбенің жайы жиынның күн тәртібіне шығарылды. Жиынға облыс әкімінің орынбасарлары, басқарма басшылары, Степногорск қаласының құқық қорғау органдары, сондай-ақ, «Алтыналмас» компаниясының өкілдері де қатысты. Осы кездесу барысында қалыптасып отырған мәселенің өте өткір күйде екенін аңғаруға болар еді. Бестөбе кентінде де тұрғындармен әлденеше мәрте кездесу өткізілді.

Облыстық әкімшілік тарапынан Бестөбе кентінің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайына көңіл бөлінуде. Алдыңғы жылы 500 миллион теңге қаражат бөлінсе, өткен жылы 1,5 миллиард теңге бағытталды. Бұл қаржыға жергілікті мектеп құрылысы жүргізіліп, кент ішіндегі жолдар жаңғыртылып, балалар спорт алаңын салу көзделген. Негізінде Бестөбе кентінің тағдыры компанияның жұмысымен тығыз байланысты. Кеніштің тоқтап тұрғанына қарамастан, ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуына да қомақты қаражат бағыттап отыр. Мысалы, 2021 жылы әлеуметтік көмекке жұмсалған қаржы 70 миллион теңге көлемінде болса, 2022 жылы 77 миллион теңге. Бұл қаржыға робототехника сыныбы жабдықталды, гүлбағы жағдайы абаттандырылды, елді мекенге кіреберіс жол жарықтандырылды, спорт алаңдары қалпына келтірілді, Бестөбенің тазалығын сақтау мақсатында жаңа техника алынды және басқа да игілікті шаралар іске асырылды.

Енді компания жұмысының тоқтауы қайда алып келеді деген негізгі сауалға жауап беріп көрелік. Алдымен жұмыссыздықтың пайда болуына тікелей әсер етеді. Кент тұрғындарының жоғарыда айтқанымыздай дені кенiште жұмыс істеп, күн көріп отырғандықтан, әлеуметтік-тұрмыстық жағдай бірден ширығып шыға келетіндігі анық. Жерасты суы болмағандықтан, бұл елді мекенде мал сүмесімен күн көру мүмкін емес. Төрт түлік малдың тісіне тиетін көкорай шалғын жоқ. Ауыз суды тасымалдап ішетін адамдар үй жанында бау-бақша да еге алмайды. Қазірдің өзінде азық-түлік өте қымбат. Жұмыссыздық пайда болғаннан кейін қылмыстың да күрт көбейетіні белгілі. Алтын бар жерде адал жолдан таюдың көріністері бұрыннан бар. Компания өкілдерінің дерегіне сүйенсек, заңсыз алтын іздеушілер еліміздің барлық аймағынан дүмеп келеді екен. Жергілікті полиция қызметкерлерімен бірлесе отырып, компания өкілдері соңғы он жылда құрамында алтыны бар кенді өңдейтін 500 цехтың жұмысын  тоқтатқан. Заңсыз алтын іздеушілер ескі шахтаға кіретін 1500 үңгір жабылып, бекітілген. Ел ішінде осы шахтаға заңсыз түсемін деп ажал құшқандар көп. Иесіз жерге балға ұмтылған арадай ынтығып тұратындар жергілікті жұрттың тілінде «түтікше» деп аталатын үңгірлер арқылы түседі екен. Облыстық полиция департаменті 2020-2021 жылдары үш бірдей ұйымдасқан қылмыстық топты құрықтаған. Әлгі топтардың құрамында сексеннен астам адам болған. Тергеу барысында 17 қылмыстық іс қозғалған. Бестөбе жанындағы Степногорск, Заводской, Бөгенбай, Қырыққұдық, Жолымбет тәрізді ауылдардың 17 цех табылған. Заңсыз айналымнан 35 тонна құрамында алтыны бар кен, 2 келі алтын, 12 ұсату қондырғылары, 9 жуғыш аппарат табылған. Сондай-ақ, 39 мың АҚШ доллары, 1,5 мың евро, 8,8 миллион теңге, 135 мың ресей рублі тәркіленген. 15 автокөлік айып тұрағына қойылған.

Жыл басынан жұмыссыз тұрған жерасты кенішінде 4 адам көз жұмды. Олар заңсыз кен өндірушілер еді. Компанияның ұзын-ырғасы елу шақырымдық шахтаға апаратын жолдарды бекітіп тастағанына қарамастан, заңсыз алтын іздеушілердің өздеріне ғана мәлім  соқпақтары бар. Қазір қылмыстың алдын алу үшін көтергіш лифтіге құлып салынған.

–2022 жылдың қазан айында көтергіштің бәрін тоқтаттық, – дейді Бестөбе кенішінің директоры Қанат Аманов, – жер астындағы жарық өшірілді. Біз арқылы шахтаға өту тіпті де мүмкін емес. Жабылған шахталарда желдеткіш болмағандықтан, өте қауіпті.

Қауіптің қаншалықты көп екендігін білсе де иесіз шахталарға түсу оқиғалары сейілмей тұр. Жергілікті жұрт адамдарды жер астына қуып тыққан жоқшылық дейді. Бұл сөздің де жаны бар тәрізді. Тұрақты еңбекақысы болса, әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы көп-көрім түзелсе, жандарын шүберекке түйіп, жер астына түсер ме еді?! Алайда жергілікті адамдарға мың жарымнан астам жұмыс орны ұсынылды. Сонда халық басқа жұмысқа тұруға қарсылығын немен ақтап отыр? Кеубіреулер вахтамен жасауға қарсы. Айта кететін жай, Қазақстанның мұнай, тау-кен саласында да көп адам вахтамен еңбек етіп жатыр ғой. Кеніштің тағдыры шешіліп жатқан арада қиналмай, басқа жерде неге жұмысын жасай бермеске?..

Степногорск қалалық полиция бөлімінің бастығы Бахтияр Утекиннің айтуына қарағанда, өткен жылы заңсыз жолмен шахтаға түскен 1060 адам ұсталыпты. Компания жер астына түсу қауіпті екенін сан мәрте ескертіп, жазбаша түрде мәлімдеп жатқанымен, заңсыз жолмен баюға үміттенетіндер қатары селдіремей тұр. Бәлкім ел ішінде әлдекім ат басындай алтын тауып алып, аяқ астынан байып кетіпті дейтұғын дерек-дәйегі жоқ жел сөздің де әсер етіп, қолтықтарына су бүркіп жатуы мүмкін.

Соңғы күндері жағдай тіпті күрделене түсті. Компания 1200 жұмысшының қысқаратыны туралы ескерткен. Қазір бестөбеліктер бұрынғы инвестордың кетуін, суға толтырған шахтаның іске қосылуын, кенді жер астынан қазып алу әдісімен өндіруді талап етуде. Олар жаңа инвестор келген кезде жұмыссыз қалулары мүмкін екендіктерін айтып, дабыл қағуда. Бестөбеге «Сей Нар» компаниясы қызығушылық танытуда. Осы компаниялар тобына кіретін «Алтын қазына» серіктестігінің басшысы Ерлан Қабылденов кен орнында қанша алтын қоры барын анықтап білгеннен кейін ғана мәселе шешіледі дейді. Оған дейін бұрынғы компанияда аудиторлық тексеріс өткізілмек. Жаңа инвесторлар 1200 адамды бірден жұмысқа орналастыру үлкен жауапкершілік екендігін айтып отыр. Егер ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі жаңа инвесторға қолданыстағы зая аясында көмектессе, қиын түйіннің жуық арада шешіліп қалуы да ықтимал. Ынта білдіруші компанияның айтуынша, қажетті техниканы алдыру қиынға түседі. Өз жұмысын бастағанша жылға жуық уақыт өтуі де мүмкін. Қайта рәсімдеуге кететін уақыт белгісіз.

Жергілікті билік салмағы зілбатпан осы мәселені бастан жақты айырғандай етіп шешімін табулары керек-ақ. Сонда ғана ел ішіндегі елеңдеу тыйылып, жаймашуақ күйге  түседі.

Байқал БАЙӘДІЛОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар