– Ақмола облысында экология мәселесін шешу бағытында Жол картасы бойынша 30 шара қарастырылған. Бұл туралы ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Зульфия Сүлейменова Ақмола облысына жұмыс сапары барысында журналистермен өткен брифингте мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Министрдің айтуынша, жалпы, биылғы жылдың бірінші тоқсанында республика бойынша ластаушы заттар шығарындыларының нақты көлемі 0,5 млн тоннаны құрап, оның ішінде Ақмола өңіріне 36,2 мың тонна тиесілі, бұл 2022 жылдың 1 тоқсанындағы деңгейден 2,4 пайызға төмен. Бұл көрсеткішке табиғатты қорғау шараларын жүзеге асыру арқылы қол жеткізілген.
«Ақмола облысы бойынша экологиялық мәселелерді шешу бағытында Жол картасы бойынша 30 іс-шара көзделген. Оның үшеуі орындалды. Облыста қалдықтарға қатысты әлсіз инфрақұрылым, қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарының нормаларға сәйкес келмеуі, рұқсат етілмеген полигондардың санының көп болуы сияқты мәселелер бар», — деді министр Зульфия Сүлейменова.
Министр атап өткендей, Ақмола облысында облыстық маңызы бар 6 қала мен аудан бөлек жинау және сұрыптаумен қамтылған, яғни, республика бойынша осындай 768 кәсіпорынның 25-і Ақмола облысына тиесілі.
«Рұқсат етілмеген полигондардың көбеюі, әсіресе елордалық аймақта алаңдаушылық туғызады. Космомониторинг аясында биыл өңірде 830 рұқсат етілмеген қалдықтарды орналастыру орны анықталып, оның 88 пайызы жойылды», — деп түйіндеді министр.