— Ақмола облысында құрылыс алаңында жұмысшыны тоқ соғып, көз жұмды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ведомствоның мәліметінше, сәуірдің 30-ында Көкшетау қалалық полиция басқармасына Тәшенов-Уәлиханов көшелерінің қиылысында құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде жұмысшыны тоқ соққандығы туралы хабар түсті. Зардап шеккен 20 жастағы көкшетаулық сол жерде көз жұмған.
«Анықталғандай, жас жігіт жергілікті кәсіпорында жұмыс істеген. Осы дерекке байланысты Қылмыстық кодекстің 156-бабының 3-бөлігі бойынша «еңбекті қорғау ережелерін бұзу» бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Сот-медициналық сараптама тағайындалды. Қайғылы жағдайдың мән–жайы анықталуда», — деді ведомстводан.
Айта кетсек, бұдан бұрын Ақмола облысында электрик тоққа түсіп, көз жұмғанын жазған едік.