– «Бурабай-Даму» мамандары жылы жаққа ұшарда үйірінен қалып қойған аққу мен бірқазанды табиғат аясына жіберді, деп хабарлайды ҚазАқпарат бақтың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Былтыр күзде жылы жаққа бет алған тобынан қалып қойған сұңқылдақ аққу мен бірқазанды жергілікті тұрғындар тауып алып, Бурабай кентіндегі зоологиялық баққа әкелген болатын. «Бурабай-Дамудың» ветеринарлары құстарды емдеп, қыс бойы баптаған. Мамандар алты ай қыста әл жинап, өз бетінше өмір сүруге жарап қалған құстарды Бурабай ауданындағы Жайнақ көліне жіберді.
«Сұңқылдақ аққу мен бірқазан – еліміздің Қызыл кітабына енген құстар. Күзде бізге әкелген кезде ветеринариялық тексеруден өткізіп, қабылдап алдық. Әлсіреп, қатты қорқып қалғаны болмаса, зақымданған жері жоқ екен. Алты ай ішінде зоологиялық баққа үйреніп қалып еді. Бірақ, бәрібір жабайы табиғат аясында, өздерінің ортасында өмір сүргені дұрыс», – дейді бақтың ветеринары Ильдар Файзулин.
Жалпы, «Бурабай» мемлекеттік ұлттық паркінде құстың 197 түрі бар. Оның 14-і Қызыл кітапқа енген.