2026 жылға қарай Қазақстан жылына жарты млн машина шығаруы керек – министр

– ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев Қазақстан автомобиль нарығында басты ойыншы бола ма деген сұраққа жауап берді. Ведомство басшысы өткен жылы елде 100 мыңнан астам жеңіл автокөлік жиналғанын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жалпы, автомобиль жасау – еліміздегі жаңа бағыт. Біз бұл салада шамамен 10 жыл бұрын жұмыс істей бастадық. Өткен жылы автомобиль өндірісі 100 мыңнан астам жеңіл машинаны көрсетті. Бұған дейін автомобиль құрастыруға баса мән берілетін. Енді біз локализацияны тереңдете түсеміз, талаптарды қатайтамыз. Әр брендтен бір модельді ұсақ құрастыру арқылы жинау керек. Шағын құрастыру – 2 мыңнан астам операцияны құрайды, бұл орасан зор жұмыс. Оған қоса, жаңа жобалар да бар. Біз шиналар өндірісін бастадық, аккумуляторлар мен алдыңғы бамперлер шығара бастадық. Әрі қарайғы міндет – жергілікті өндірісті дамыту», – деді министр Астанада Ondeu Expo индустриялық көрмесінде тілшілерге берген сұхбатында.

Сондай-ақ, Индустрия министрі елімізде авто өндіру көлемі артып келе жатқанын айтты.

«Егер Қазақстан нарығы – 150 мың машина болса, келесі жылы қазақстандық автоөндіріс 150 мың машинаны шығарады. Яғни, нарықтың жаңа автокөліктерге деген қажеттілігі толығымен жабылады. Бірқатар жаңа жобалар бар. Біздің міндетіміз – 2026 жылға қарай Қазақстан жылына жарты миллион машина шығаруы үшін өндіріс көлемін 500 мыңға дейін арттыру», – деп толықтырды Марат Қарабаев.

Айта кетейік, елордада «EXPO» халықаралық көрме орталығында Ondeu EXPO өңдеу өнеркәсібінің халықаралық көрмесі және Kazakhstan Machinery Fair машина жасау және металл өңдеу бойынша халықаралық мамандандырылған көрмесі өтіп жатыр.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар