Әз Тәйтеке Тоқтасұлы өз заманының көзі ашық, әділдігімен, ақылымен, шешендігімен, әулиелілігімен елге танылған тұлға. Баянауыл, Кереку, Ереймен, Ақмола өңіріне билік айтқан кісі.
Әз Тәйтеке би туралы Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы өз еңбектерінде айтып кеткен: Әз Тәйтеке – Абыл Тілеуденбір өзіне жеті ат қойылған: Әз Тәйтеке, би Тәйтеке, дайыр Тәйтеке, құт Тәйтеке, Алшын Тәйтеке, Арғын Тәйтеке би – атанған. Би болсаң – Әз Тәйтекедей бол – деген сөз де Мәшһүр Жүсіп атамыздан қалған.
Әз Тәйтеке ауырып төсек тартып жатқанда, көзі тірісінде өз киімдерін туыс, бауыр, ұрпақтарына таратыпты. Ақырғы әулие Күліктен болады деп, сәлдесін Күлік Шобалайға береді. Ел іргесін қорғайтын батыр сендерден шығады деп,кебісін Орманшы Қарабайға береді. Ақырғы билер сендерден шығады деп, белбеуін Айдабол Төлебайға береді. Таяғын «Жеті атаңа қасиет бақ қонған» деп, Қаржас Мырзағұлға берген деседі.
Өз туғандары, бауырлары Қозғандар наразыдық танытып, – киіміңнің бәрін елге таратып беріп, бізге не қалдырдың дегенде, Тәйтеке әулие: – Сендерге терім сіңген жейдемді бердім, мал мен басыңөседі, ырзығың кемімейді, осы елдің сыйы мен қадірін сендерге қалдырдым, осыным аз ба, – деген екен.
Мұндағы Күлік, Орманшы, Айдабол, Қаржастар – Арғын Бес Мейрамның, Сүйіндік руынан тараған аталар. Айтқандай-ақ Арғын Сүйіндіктің Күлік атасынан соңғы әулие атанған, аты айтып тұрғандай Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы шығады. Орманшы атасынан Абылай ханғасөзін өткізген Ақсары мен Шотана батырлар шыққан. Айдабол Төлебайдан Шоң мен Торайғыр билер тарайды. Қаржас Мырзақұлдан атақты Шорман билер, одан бергісі академик Қаныш Сатпаевтың аталары шыққан.
Әз Тәйтеке бәрін қолмен қойғандай болжап айтып кеткен.
Тәйтеке шешен мен Кетебай
Заманында төрт шөмекейге қарадан шығып хан болған Өтетілеуден қалған сөз:
Бір қоян су ішсе,
Мың қоян су ішкен заман!
Бір құлдың мұрнын кессе,
Мың құлдың мұрнын кескен заман!
Жапырақ жалғап, қыл құрап,
Инемен құдық қазған заман!
Ақ шабдардан құла озған заман,
Атадан бала озған заман,
Аттан байтал озған заман,
Биеден құлын озған заман,
Енеден келін озған заман,
Атасы тұрып ұлы сөйлегеннен без,
Анасы тұрып қызы сөйлегеннен без!
Осы Өтетілеудің әкесі – Кетебай заманында Алшын Қаражігіттің баласы Сопақ бір құн даулап, сонда Кетебай бір кісі қосып Орта жүзде әз Тәйтеке биге айдап жіберген екен. Сонда Кетебайдың қосқан кісісі айтты дейді:
–Сізге сәлем дейді.
–Үйде Кетебай деген кісіміз!
«Кезекпен түсер, – дейді, – ісіміз!»
Мынау келіп отырған –
Қаражігіттің Сопағы.
Мұның бір жігітін жұтыпты
Мың батпанның қопағы.
Абжылан мен емес:
«Атарып (арпа)» – деп тартарға.
Аруана мен емес,
Тағандап жүкті артарға.
Жақсы алдынан жалпылдап,
Жаман кісі сөз айтарма?!
Сонда: «Кезекпен түсер ісіміз» деген сөзге шамданған әз Тәйтеке шешен:
–Кетебайдың жалғыз баласы Өтетілеу жанын берсін, болмаса құн берсін! – депті.
Келген кісі сөз таба алмай:
–Шешен, сенемін! – деп, жығылып қайтыпты- дейді
Әз Тәйтеке мен екі ағайынды
Әз Тәйтеке әулиенің Ақбеттаудағы қонысынан өтіп бара жатқанекі ағайынды жігіттің ағасы інісіне:
– Мына қасиетті кісіге қоныс қайырлы болсын айтайық, дегенде, інісі – Ой, сіз де қайдағы шалды дәріптейді екенсіз, – деп, кейиді.
Ағасы інісін көндіріп, әз Тәйтекеге сәлем беріпті:
– Қоныс жайлы, құтты болсын, – дейді, сонда Әулие: – Аумин, жайы саған, құты маған болсын – депті. Екі ағайынды ауылдарына тақай бере, жай түсіп, інісі қайтыс болыпты.
Осыдан кейін Тәйтекенің бекер адам еместігі елге тарап, ауылына бұрылып, сәлем беріп, батасын алушылар аз болмаған деседі.
Әз Тәйтеке бидің тегі
Әдетте, «Әз» деген қосымша атақ әйгілі, атақты ел қамын жеген тұлғаларға тағылған. Мәселен, Әз Жәнібек, Әз Тәуке, Әз Мұхаммед, деген сияқты. Тәйтекеге де Әз атауын, адал билік шешім айтып, әділдігімен, ақыл парасатымен, көзге түскендіктен халық берген деп пайымдаймыз. Осыны ескере отырып, Әз Тәйтеке бидің де, шыққан тегінің де осал еместігін байқаймыз.
Арғын Бес Мейрам: Қуандық, Сүйіндік, Бегендік, Шегендік, Қаракесек. Осы Мейрам сопының ортаншысы Бегендіктің ұрпағынҚозған атап кеткен. Әз Тәйтеке Қозғаннан тарайды. Әкесі Тоқтас батыр өз заманының қолбасшы батыры болған. Ғалиасқарұлы Бадридин молланың шежіресінде төмендегідей көрсетілген. Тоқтас батыр 16-17 ғасырларда өмір сүрген. Кейбір шежірелерде 97 жас, кейбіреуінде 116 жасқа келген деп айтылады. Тоқтас батырдың екі әйелінен жеті ұл туып, бір ұлды асырап алған екен. Осы сегіз ұлдан тараған ұрпақ, басқа да Қозған руластарымен бірге Баянауыл, Қызылтау, Кереку, Екібастұз, Ақшатау одан бергісі Есіл өзенінің екі жақ қапталы және Қайрақты, Шұрымсайға дейін қоныстанып, жайлаған. Тоқтас батырдың Ермактың қарақшыларынан Кереку жерін азат етуі туралы әйгілі тарихшы ғалым Манаш Қозыбаевтың айтқан пікірін ҚазПИ-дің оқытушы ғалымы Шолпан Алтайбаева апайдан білдік. Онда орыстардың «Конек – Горбунок» деген ертегісінің авторы орыс жазушысы П.Ершов Тоқтас батырдың Ермактың әскерін қалай жеңіп, қуғаны туралы тарихи шындықты баяндаған еңбегі цензураға ілігіп, өзі қудалауға түскен.
Тоқтасұлы Әз Тәйтеке би Түркістанда жерленген
Бүгінде сексеннің сеңгіріне шыққан атбасарлық Кенжебайұлы Сабыржан ағамыз былай деп әңгімесін өрбітті.
Ол кезде, яғни, 1955-1956 жылдары, бала кезіміз, шалдардың әңгімесін көп тыңдап өстік. Ыдырыстың Амангелдісінің үйінде Иса мен Мұхамбетжан ақсақалдар шежірені тарқатып отырып, Ұлы атамыз Әз Тәйтеке Түркістанда жерленгенін айтты.
Әйгілі бабамыздың қасиет қонған Түркістанға жерленгенін біліп жүріңдер, деп қайта-қайта табыстады.
–Ой, ата, біз қайда, Түркістан қайда?! Мәйіт қалай бұзылып кетпейді, алып емес пе? – деген сияқты сұрақтарды жасөспірімі бар, орта жастағылары бар, жапа тармағай сұрап жатырмыз.
–Әй, жігіттер! Әз Тәйтеке бабамыз қыста қайтыс болған екен. Былғары қайысқа орап, балауызбен желімдеп, суықта сақтап, жазғытұры күн жыли бастаған қатқақ кезде шағын керуен құрып Түркістанға алып кеткеннен, Әзірет сұлтанның топырағында жерленгені көнекөз қариялар айтып жүрді. Әулие кісілер өздерінің қашан қайтыс болатынын білген. Сондықтан да олар әулие. «Қазақ елін жетпіс жыл дінсіздер, отыз жыл ұры-қары билеп, одан соң қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған заман орнайды» деген Мәшһүр әулие өзінің қашан бақилық болатынын, қай жерге жерленетінін айтып кеткен. Әз Тәйтеке бабамыздың да соңғы тілегі қасиетті Түркістан топырағынан жер бұйыру болған.
Аяқтай келе, Мәшһүр Жүсіптің сөзімен айтқанда «Би болсаң Әз Тәйтекедей бол!» деп баға берген, ақыл-парасаттылығының, адалдығының, әділдігінің, көрегендігінің арқасында дүйім жұрттың шапағатына бөленген. Тоқтасұлы Тәйтеке бидің қасиетті Түркістаннан мәңгілік қоныстабуын ел-жұрты, ұрпақтары рухани нәр алады және мақтан тұтады.
Сөз соңында, аталмыш Әз Тәйтеке биден тарайтын Арғын Қозған руының Абыл, Қабыл, Тілеу атасынан шығатын өз заманында Атбасар өңіріне билік жүргізген, Кенесары ханның сенімді серігі болған Атымбекұлы Асат бидің де Түркістанға жерлегені туралы хабар келді.
Бақытжан ЫСҚАҚОВ.
Алматы қаласы
(Арнайы «Арқа ажары» газеті үшін жазып отырмын. Құрметті редакция! Еңбектеріңізге табыс тілей отырып, осы мақаланы газеттеріңізге жариялауыңызды сұраймын. Сәлеммен Бақытжан Ысқақов).