Майдангер мерейтойы

Шынайы шығарма ерек тағдырдан туады. Ұлт жаны сынға түскен уақытта қару мен қаламын қатар ұстаған жазушылар шығармашылығы пікірімізге айғақ. Өшпес өнеге, өміршең туындыларымен рухани қорымызды байытқан көркемсөз шеберінің бірі – Әскен Нәбиев.

12 мамыр күні Екінші дүниежүзілік соғысының ардагері, белгілі журналист-жазушы Әскен Нәбиевтің 100 жылдығына арналған «Бармысыңдар, армысыңдар бабалар» атты еске алу кеші өтті.

Кешке Қазақстанның тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіров, жазушы Жабал Ерғалиев, журналист Бәдуан Имашұлы сынды белгілі азаматтар қатысты.

Мерекелік шара Әскен Нәбиевтің шығармалары бойынша майдан өмірінен сыр тартқан театрлық қойылыммен ашылды. Қойылым арқылы көрермен қан-қасап соғыс жылдарына ой жіберіп, ерлікке толы өмір өрнегін көрді. Мұнан соң Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары Аида Балаеваның құттықтау хатын қалалық Ішкі саясат басқармасының бөлім басшысы Айдана Бақытжанқызы оқыды.

– Дарынды жазушы, қарымды журналист, соғыс ардагері Әскен Нәбиевтің 100 жылдық мерейтойына арналған еске алу кеші құтты болсын. Әскен атамыз сұрапыл соғыс жылдары жанқияр ерлік пен Отанын қорғаған ержүрек батырлар сапындағы тау тұлға. Сондықтан болашақ үшін кеудесін оққа тосып, басын бәйгеге тіккен ардагер атамызды еске алуға арналған ғасыр тойы бір әулеттің ғана емес, тұтас халықтың қуанышы, –деді ол.

Сонымен қатар, Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев пен Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлінің құттықтау хаттары оқылды.

Мұнан соң қаламгермен қатар жүрген журналист Бәдуан Имашұлы ескі жылдардан сыр тартты.

– Әскен ағамен сонау өткен ғасырдың 1966 жылы Қорғалжын ауданының мәдениет сарайында танысып едік. Ол кезде мектеп оқушысымын. Мектепте қолымыздан қалам түспейтін, өлең жазатынбыз. Бірде Ақмоладан Қорғалжынға Әскен ағамыз, Нұрғожа Ораз, Сейітжан Омаров, тағы да бес-алты ақын-жазушы келіп, мектепте кездесу кешін өткізді. Сонда Әсекең бастаған қауым әрқайсымызға жол көрсетіп, жоба нұсқады. Ағамыз зиялы, жүзі жарқын, болмысы биік еді. Кейін әріптес болып, бірге қызмет істедік. Әскен ағамыз жазушылығымен қатар көптеген публицистикалық дүниелер жазды. Адамгершілігі мол, ар-ұяты жоғары жан еді,– деді ол.

Сонымен қатар, жазушының ұлы, қоғам қайраткері Марат Әскенұлы сөз алып, әкесі жайлы жайдары естелігімен бөлісті.

– Біз отбасымызда он баламыз. Әкем бала күнімізден әртүрлі аспапта ойнап, күрделі шығармалар тыңдататын. Бізге мұның бәрі қалыпты дүниедей көрінетін, алайда жылдар өткен соң бұл үлкен өнер екенін бағамдадық. Ақмолада оқыған туыстарымыздың көбі біздің үйде тұрды. Кейде әкем ән бастап, бәріміз соған қосылатынбыз. Әкем басылымға фельетондар жазып, келеңсіз дүниелерді сынап отыратын. Әділетсіздікке, жалғандыққа жаны қас еді. Өзі ұзақ жасап немере, шөбере көріп үлгерді. Қазақта «өлі риза болмай, тірі байымайды» деген мақал бар. Барлықтарыңызға алғысымды білдіремін, – деді.

Кеш соңында Марат Әскенұлы қадірлі қонақтарды «Әскен Нәбиевке 100 жыл» мерейтойлық төсбелгісімен марапаттап, ризашылық білдірді.

Мерейтойда «Қорқыт» этно-ансамблі өнер көрсетіп, кештің көрігін қыздырды. Сондай-ақ, мерекелік іс-шара аясында қаламгердің өмірі мен шығармашылығына арналған фотокөрме ұйымдастырылды.

Айта кетейік, Әскен Нәбиевке арналған іс-шара мұнымен тоқтамақ емес, алдағы уақытта мерейтой аясында ғылыми-тәжірибелік конференциялар, көрмелер, республикалық үздік шығармалар және көркемсурет байқаулары мен т.б. іс-шаралар ұйымдастыру жоспарланып отыр.

(«Егемен Қазақстан» газеті, 15 мамыр 2023 жыл).

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар