Өңір диқандары бір күні жылға азық болатын, қарбаласы мол, қауырт, жауапкершілігі де жоғары көктемгі егіс науқанына кірісіп кетті. Көктемде жауған жауын алқап төсіне сіңірілген дәннен бұрын жер емшегін емген диқандардың көңілін көктетіп тұр.
Ақмолалық диқандар биылғы жылы 5,2 миллион гектар алқапта дала жұмыстарын жүргізбек. Оның ішінде 4,7 миллион гектар жерге дәнді және бұршақты дақылдар егіледі деп межеленуде. Соңғы жылдары сұраныс өсе түскен картоп алқаптары да мейлінше кеңейтілмек. Бұл қадам әсіресе, көктемде күрт қымбаттап кететін картоп бағасын тұрақтандыруға септігін тигізуі мүмкін. Көкөністер де 2,5 мың гектар жерге отырғызылмақ.
Көктемгі дала жұмыстарын жүргізу үшін қажетті тұқыммен өңір диқандары толық қамтамасыз етілген. Бұл арада айта кететін бір жай, ауыл шаруашылығы құрылымдарының басшылары соңғы жылдары құрғақшылыққа шыдамды астық тұқымын көбірек отырғызуға ден қоя бастады. Әрі ерте пісетін сұрыптарын да ескеруде.
Қас-қағым сәті қымбат көктемгі науқан кезінде жұмыстың өнімді болуы машина-трактор паркінің заман талабына сай жаңартылуына байланысты. Соңғы жылдары мемлекеттің тікелей қамқорлығының арқасында диқандар бұл тараптағы олқылықтың орнын толтырып, жаңа заманғы, өнімді жұмыс істейтін техникалармен қарулана бастады. Ағымдағы жылдың егіс науқанына 15,1 мың трактор, 16,6 мың дән сепкіш, 1,5 мың жоғары өнімді егіс кешені қатыстырылады. Шынтуайтында бұл жұмысты жапырып жіберетін зор күш. Материалдық-техникалық базаны нығайту әлі де жалғасуда. Жыл басынан бері өңір диқандары жалпы құны 16,7 миллиард теңге болатын 366 ауыл шаруашылығы техникасын сатып алды. Оның ішінде 83 трактор, 33 егіс кешені, 41 дән сепкіш және 209 өзге де ауыл шаруашылығы техникасы бар. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының болжамына қарағанда, алдағы уақытта бұл тараптағы жұмыс үзіліссіз жалғаса түсетін болады. Демек, диқандар бұрынғыдай көнетоз техниканы жамап-жасқап, уақыт алдырмай, тұқымды дер кезінде сіңіре алады.
Ендігі бір мәселе – дизель отыны. Үстіміздегі жылға Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі өңірге 74,3 мың тонна көлемінде кепілдендірілген дизель отынын бөліп отыр. Бөлінген көлемнің 77 пайызы жеткізілді. Қазіргі уақытта қалған көлемді тиеу және жеткізу жұмыстары ұйымдастырылуда.
Диқандардың өнімді жұмыс істеуіне мемлекет тарапынан қолдау көлемі жыл сайын артып келе жатқандығын әрі тиімді болып отырғандығын айта кетуіміз керек. Ағымдағы жылы өңірдің ауыл шаруашылығы құрылымдарына 46,6 миллиард теңге көлемінде қолдау көрсетілмек. Бұл қаржы егін шаруашылығын субсидиялауға, тұқым шаруашылығын қолдауға, тыңайтқыштар алуға бағытталмақ. Биыл ақмолалық диқандар қаржыдан қысылып қалуы әбден мүмкін деген жорамал да айтылған. Оған себеп, өткен күздегі зор еңбекпен жиналып алынған астықтың бағасының төмендеуі әрі уақытында сатылмауы. Шынында да бидай бағасы күрт түсіп кетті. Себебі де белгілі, қайталаудың реті жоқ. Жағдай осылай қалыптасқан кезде тәжірибелі диқандардың көңіліне алаң кірген. Қаржысыз қарыс қадам алға баса аларсың ба? Қаржы тапшылығы ең алдымен алқаптардың тозуына да әкелуі мүмкін. Себебі, тыңайтқыштарға қолжетімсіз болып қалады емес пе? Дәтке қуаты көктемгі дала жұмыстарын несиелендіру «Азық-түлік корпорациясы» ҰК» АҚ арқылы форвардтық сатып алу бағдарламасы аясында жүзеге асырыла бастады. Сәл таратып айтатын болсақ, осы бағдарлама бойынша өңір диқандары 4 миллиард теңгеге несиелендірілді. Тауарлы несие беру бағдарламасы бойынша 56,2 мың тонна астық берілді. Көктемгі егіс жұмысын несиелендіруге «Аграрлық несие корпорациясы» да үлес қосып, барлығы 39,4 миллиард теңгеге 428 өтінімді қаржыландырып отыр.
Егіс жұмыстары алдында 1,2 миллион гектар алқаптың топырағы өңделді. Қазір ақмолалық диқандар көктемгі егісті бастап кетті. Әзірге 1 миллион 815,4 мың гектар алқапқа немесе барлық көзделген егіс алқаптарының 34,7 пайызына дән сіңірілді. Күн ашық болса, жұмыс қарқынды жүргізілмек. Шалғайдағы Жақсы ауданының диқандары да өзге өңірлердегідей жауапты науқанға жұмыла кіріскен. Биыл бұл ауданда 492,5 мың гектар алқапқа дәнді дақылдар сіңірілмек. Оның ішінде бидай, арпамен бірге, майлы дақылдар да бар. Аудан диқандары дәнді дақылдармен бірге мал азығын молынан қамтуға мейлінше мән беріп отыр.
Байқал БАЙӘДІЛОВ.