Ауыл шаруашылығы – негізгі сала

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Сандықтау ауданының әкімі Ербол Жүсіпбеков өңірдің әлеуметтік-экономикалық  жағдайы жөнінде кеңінен баяндап берді.

Жыл басынан бері Сандықтау ауданында негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер бойынша өсу үрдісі байқалады. Ауыл шаруашылығы негізгі сала болып табылады.

−Биыл ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 2 миллиард теңгені құрады. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен біршама жоғары. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер500 мың гектар. Дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар соның 315 мың гектарына егілмек. Жемшөп дақылдары, көпжылдық шөптер және жүгері көлемі екі есе ұлғайтылды. Көктемгі егісті өткізу үшін 46 мың тонна дәнді және бұршақты дақылдар тұқымы дайындалды. Жыл басынан бері жаңа ауыл шаруашылығы техникалары да алынды. Сонымен қатар, мал шаруашылығы өнімінің өсу қарқыны сақталды. Малдың барлық түрлерінің саны ұлғайтылды,−деді әкім.

Ауданда екі сүт фермасы жұмыс істейді және төрт ет фермасы пайдалануға берілген. Негізгі капиталға инвестиция көлемі 2 миллиард теңгені құрады. Жеке инвестициялардың есебінен жаңа жұмыс орнын құрайтын ірі инвестжобаларды жүзеге асыру жоспарлануда. Ербол Жүсіпбеков ағымдағы жылдың құрылыс жұмыстарының көрсеткіштерінің төмендеуін өткен жылы жалдамалы және коммерциялық тұрғын үйлер құрылысының жүргізілуімен  байланыстырды.

− Биыл 658 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында өткен жылдың соңында Балқашино ауылындағы «Урожай» стадионын қайта жаңарту жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ, былтыр «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында  әлеуметтік осал топтар үшін Балкашино ауылында 36 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы аяқталды. Ағымдағы жылы инженерлік коммуникациясы бар 16 пәтерлі тұрғын үй құрылысы үшін жобалық-сметалық құжаттама жасалуда. Шығармашылық үйі, музыкалық мектеп орналасатын нысанның құрылысы жалғасуда,−деді ол.

Бүгінгі таңда жол сапасын жақсартуға бағытталған  жобаларды жүзеге асыру жұмыстары жүргізілуде. Аудандағы ауылішілік жолдар жөнделуде. Осы жолдарды жақсарту мақсатында тоғыз елді мекенде жобалық-сметалық құжаттама әзірленді. Жылу беру маусымы төтенше жағдайларсыз өтті. Каменка ауылында су құбырлары желілерінің құрылысын жалғастыру үшін мемлекеттік бюджеттен қаражат бөлінді.

−Білім беру саласына келсек, ауданның білім беру жүйесіне57 ұйым кіреді. Соңғы үш жылда күрделі жөндеуге және қазандық сатып алуға 673 миллион теңге бөлінді. Мектептерді жаңғырту аясында 4 мектепке жиһаздар алынып,  мектеп оқушылары үшін 3 жаңа автобус жүретін болды. Сонымен қатар, ауданда 22 ауылдық мәдениет үйі жұмыс істеуде. Лесное ауылында клубты жөндеу үшін жобалық-сметалық құжаттама жасалуда. Өткен жылы Балкашино ауылындағы «Урожай» стадионының ашылуы үлкен оқиға болды. Биыл үш ауылда көпфункционалды спорттық алаңдар орнатылады. Денсаулық сақтау жүйесінің материалдық-техникалық базасы нығайып, жаңа медициналық жабдықтар сатып алу жоспарлануда,−деп қорытындылады өз сөзін Ербол Жүсіпбеков.

Ілияс ӘУБӘКІРОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар