Киік көбейді екен деп, киелі жануарларды орға жығамыз ба?

Соңғы жылдары өңірде ақбөкеннің саны күрт көбейді. Зообелсенділер жалпы саны 6,5 миллион басқа жуықтады деген жорамал айтуда. Қалай болған күнде де еселеп өскені анық. Басы өскен соң кең өріс, шалқар жайылым керектігі  белгілі. Оның үстіне киелі жануар сан ғасыр бойы иен далада еркін, самал желмен жарысып, сары сағымды жамылып күн кешіп келе жатқандығы белгілі. Ілкідегі үйреншікті, жыл бойы қалыптасқан киік соқпағының жолына сыналай салынып, кесе-көлденең темір жол, автокөлік жолы тәрізді кедергі түскен. Бәлкім содан ба екен, қалыптасқан жүрісінен жаңылды.

Біздің өңірде де қоңыр аң күрт көбейді. Қуанышымен бірге қиындығы да миллиондаған тұяқтың ізімен ере келді. Ырыздығын дала төсінен терген диқандарсоңғы жылдары киіктің зиянынан әбден зәрезап болып, зар илеуде. Жалғыз диқандар ғана емес, төрт түлік малдың сүмесімен күн көрген малсақ қауым да жайылымымызды жайпап, шабындығымызды басып кетті деп өкпелері қара қазандай болып отыр. Өңірде ақбөкеннің тұяғы егістік алқабының ту-талақайын шығарып, шығынға батқан ауыл шаруашылығы құрылымдары аз емес.

–Біздің өңірдің диқандары ақбөкендерден зардап шегіп отыр, – дейді Егіндікөл ауданындағы «Қоржынкөл-А» серіктестігінің басшысы Әбілқайыр Ошақбаев, – жалғыз біздің аудан ғана емес, Атбасар, Жақсы, Қорғалжын ауданында да осындай келеңсіз көрініс қалыптасуда. Қазір тығырықтан шығар жол табу  қиынға айналды. Алдымызда екі-ақ таңдау тұр. Не ақбөкен өсірейік, не егін егейік. Меніңше, қанша шығын келсе де, ақбөкендердің өрісін қоршау керек. Басқа жол көріп тұрған жоқпын. Әйтпесе атуға болмайды. Тіпті, үркіту де дұрыс емес. шаруалар жаз бойы кезектесіп егістіктерін қорығанымен, қай жақтан сап ете түсетінін кім білсін табын-табын ақбөкен желе жорытып келіп, енді көктеп келе жатқан егінді басады да кетеді.

Диқандар өздерінше қиындықтан шығар жол іздеуде. Атбасар, Жақсы, Қорғалжын аудандарының ауыл шаруашылығы құрылымдары егістік алқаптарының айналасын шамамен үш метр тереңдікте қазып, орлап тастапты. Киіктен қорғанған қарекеттері және оқыс әрекеттеріне ешбір рұқсат алмаған. Қазір бұл қадам экология жанашырлары мен тұрғындар арасында дүмпу туғызуда. Ауыл тұрғындары егістік алқаптардың ысырап болмай, қорғалуы керек екендігін түсінеді. Диқандар миллиардтаған шығын шегіп отыр. Желдей ұйытқыған мыңдаған киік егін көктеген кезде үстінен бір өтсе, бар үміті зая. Жеп тауыспағанымен, өткір тұяқтарымен тамырына дейін кесіп, қопарып кетеді. Қазір егін еккен қауым ақбөкеннен келетін залалды шегіртке шабуылынан бір кем емес деп отыр. Ал, ор қазу оңтайлы шешім бе? Осы ауылдың тұрғындарының айтуларына қарағанда, қараусыз мал қазылған орға түсіп, шығын бола бастаған. Малмен бірге жайылымға үйреніп қалған жүз сан киіктің топырлап келіп тоғытылып түспесіне, сөйтіп, мерт болмасына кім кепіл?!

Орайы келмей тұрған тығырықтан ор қазып та шыға алмайды екенсіз. Мәселенің мәнісіне тереңдеу білетін адамдардың айтуларына қарағанда, шұңқыр қаншалықты терең болғанымен, бос топырақ қопарылып, жауып тастауы әбден мүмкін. Жапса болды, көктемгі қызыл судай лықсып келген киік табыны қияметтің қыл көпіріндей тар жерден өте бермек.

–Ақбөкен қазылған ордан өте алмағаннан кейін, айнала орағытып көршілес шаруашылықтардың егістік алқаптарына түседі. Сол кезде ор қазғанның айдарынан жел ессе, ор қазбағанның ырысы үптеледі. Осыны көріп отырғандар жөнсіз істен үлгі алып, олар да қаза бастайды. Сонда не болмақ? Ауыл мал бағудан қалады ғой, – дейді Атбасар ауданының тұрғыны Серік Қапаров.

Атбасар ауданындағы Сепе, Новомариновка, Сочинское, Петров елді мекендеріндегі бірқатар шаруашылықтар өткен жылдан бері егістік алқаптарын айнала ор қазып, қорғануға көшкен.

–Бұл киіктің кесапатын көп көрген, сөйтіп, шаш-етектен шығынға батқан шаруалардың тіршілігі. Әрине, әкімдікпен ешбір келісім жасалған жоқ. Негізінде ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері сан мәрте шағым айтқан болатын. Әйтсе де ешкім құлақ асқан жоқ, – дейді Атбасар ауданы әкімдігінің баспасөз хатшысы Михаил Майер.

Облыстық орман шаруашылығы және жануарлар әлемі аумақтық инспекция басшылығы бұл істің прокуратураға жолданғандығын айтып отыр. Мекеме басшысы Лашынтай Дүйсеновтың пікірінше қазір өңірде ақбөкен мәселесі өте өткір күйде. Таяуда Степногорск қаласында ҚР Экология министрі Зульфия Сүлейменованың қатысуымен өткен жиында да бұл мәселе көтерілген. Мәселе жан-жақты зерттеліп барып шешілетіні мәлім етілген.

–Осындай келеңсіз жағдай орын алып отыр. Бірнеше аудандардағы ауыл шаруашылығы құрылымдары жергілікті әкімдіктің рұқсатынсыз егістік алқаптарын айналдыра ор қазып тастаған. Күні бүгінге дейін бес киіктің осы орға құлап опат болғандығы белгілі болып отыр. Жазықсыз жануарлардың өлекселері шашылып жатыр. Біз өз тарапымыздан облыстық прокуратураға, экология департаментіне, жергілікті атқарушы органдарға жердің қорғалуы мен пайдаланылуын бақылау мекемесіне хат жаздық. Атбасар ауданында арнайы жиын өткіздік, – дейді облыстық орман шаруашылығы және жануарлар әлемі аумақтық инспекция басшысы Лашынтай Дүйсенов.

Жан айқайын жеткізген хат жазылуын жазылған. Бірақ, әзірге күрмеуі қиын мәселенің мәнісіне тереңдеп барып, жағдайды жақсартатын шара қабылданбай отыр. Тиісті мекеме басшыларының пікірінше, ор қазған ойсыз шаруа мәселесін шешу бұлардың құзырына кірмейді екен.

Міне, осылайша киікке байланысты кикілжің шешімін таппай, сыздауықша сыздап тұр. Әрине, табиғат жанашырлары өз пікірлерін білдіруі мүмкін. Біз ел ырысы – егіннің ысырап болғандығын қаламаймыз. Жазықсыз жануарлардың жағдайына да көңіл аударған дұрыс. Қалай болған күнде де…

Байқал БАЙӘДІЛОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар