Өңірлік коммуникациялар қызметінде оқу жылының аяқталуы және оқушылардың жазғы демалысын ұйымдастыруға дайындық мәселелері жөнінде Ақмола облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Ботагөз Дүйсенованың брифингі болып өтті.
Жаңа өзгерістерге байланысты биыл 1 маусымда мектептерде соңғы қоңырау соғылып, оқушыларжазғы каникулға шығады. Облыстық білім басқармасының мәліметі бойынша облыста 542 жалпы білім беретін мектептерде135 мыңнан астам бала оқуларын аяқтайды. Осы жылы 12 мыңнан астам оқушы тоғызыншы сыныпты тәмамдайды және олардың арасында 913 адам мектепті үздік аттестатпен бітіргелі отыр.
− Тоғызыншы сынып түлектері Оқу-ағарту министрінің 10 сәуірдегі №88 бұйрығына сәйкес, төрт мемлекеттік емтихан тапсырады. Олар2-13 маусым аралығында өтеді. Ал, он бірінші сынып оқушыларына келсек, биыл 4,5 мың түлек мектепті бітіріп, жаңа өмірге қадам жасайды. Олардың ішінде 444 оқушы «Алтын белгіге», 334-і үздік аттестатқа үміткер. Болашақ түлектер бес мемлекеттік емтихан тапсырады. Бірінші емтихан 5 маусымда ана тілінен болса, кейін 8 маусымда алгебра, 12 маусым күні Қазақстан тарихы, 15 маусым қазақ, орыс тілдері және 19-ы өздері таңдаған пәндері бойынша емтихан тапсырады, − деді спикер.
Биыл облыс пен қала сыртындағы лагерьлерге 13 мыңға жуық оқушы жолдама алды. Сондай-ақ, әлеуметтік жағынан осал топтағы балалардың жазғы демалысын ұйымдастыруға жалпы білім беру қорынан 85,5 миллион теңге бөлінді. Жазғы демалысты ұйымдастыру шаралары кәмелетке толмағандардың істері мен олардың құқықтарын қорғау комиссиясының облыстық отырысында да қаралды. Бұл уақытта тәуекел топтарындағы балаларды барынша қамту басты мәселе болып табылады. Олардың басым көпшілігі Бурабай, Қорғалжын, Целиноград, Шортанды аудандары мен Көкшетау қаласында тұрады.
−Қазіргі уақытта облысымызда 1-10-сынып аралығында оқитын 131 мыңнан астам оқушы бар. Оның 17 мыңнан астамы халықтың осал топтарынан шыққан бала, 397-і ювеналдық полиция есебінде тұрса, 400-і мектеп ішілік есепте тұрған балалар болып табылады. Сонымен қатар, 878 кәмелетке толмаған бала жайсыз отбасында тәрбиеленуде. Жазғы демалысты ұйымдастыру барысында осы санаттағы балаларды бірінші кезекте жазғы демалыспен қамту жоспарлануда. Облыс аумағында балаларға арналған 13 сауықтыру орталығы бар, оның 8-і мемлекеттік лагерьлер болып табылады. Олар Атбасар, Ақкөл, Зеренді, Бурабай, Ерейментау, Сандықтау аудандарында орналасқан. Демалыс мекемелері бір маусымда 2 мыңнан астам баланы қабылдай алады. Жазда 6-7 ауысым ұйымдастыру жоспарлануда. Тәуекел топтарындағы балалардан бөлек, оқу озаттарына, шығармашылық және зияткерлік байқаулар мен фестивальдердің жеңімпаздарына тегін жолдама беру қарастырылды. Ал, 26 мыңға жуық бала ата-анасының төлемі есебінен жіберілетін болады,− деп түйіндеді өз сөзін Ботагөз Дүйсенова. Сондай-ақ, жаз мезгілінде шығармашылық үйірмелер, студиялар мен спорт секциялары да жұмыс істейді. Мемлекеттік тапсырыс аясында 29 мыңға жуық бала мұндай мекемелерге тегін бару мүмкіндігіне ие болуда.
Биыл облыс пен қала сыртындағы лагерьлерге 13 мыңға жуық оқушы жолдама алады. Әр аймақтың орналасу ерекшеліктеріне, қай ауысымда баратынына байланысты лагерьлердегі жолдама құны да әртүрлі болып келеді. Ол 35 мың теңгеден 105 мың теңгенің аралығын қамтиды. Жеке меншік лагерьлердің орташа құны 90 мыңнан 110 мыңға дейінгі аралықты құрайды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда,бағаның 20-25 пайызға қымбаттағанын көрсетеді. Бүгінгі күні азық-түлік бағасының қымбаттай түсуі жолдаманың да құнының өсуіне әсерін тигізетіні сөзсіз.
Ілияс ӘУБӘКІРОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.