Көкшетау қаласы. Қысқы жылу беру маусымына дайындық басталды

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте  Көкшетау қаласының әкімі Бауыржан Ғайса облыс орталығын уақыт талабына сай дамыту тұрғысында бүгінгі таңда қолға алынып жатқан жұмыстарға тоқталып, журналистер тарапынан қойылған сауалдарға жауап берді.

Әкімнің айуынша, ағымдағы жылдың  қорытындыларына сәйкес, әлеуметтік-экономикалық дамудың барлық негізгі көрсеткіштері орындалды. Шағын және орта бизнесте жұмыс істеп жатқан субъектілері саны 20 мыңға жетті. Қала экономикасы қарқынды дамуда.

−Экономиканың нақты секторында 1100-ден аса жаңа жұмыс орындары құрылды. Жұмыспен қамту қызметтерінің көмегімен барлығы 777 адам жұмысқа орналастырылды. Жалпы  сомасы 12,4 миллиард теңгеге 13 инвестициялық жоба іске асырылуда. Есепті кезең ішінде 75 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Қала әкімдігі 14 көппәтерлі тұрғын үйдің құрылысын және 49 шақырымнан аса көше жолдарын жөндеуді жоспарлауда. Бұл – көлемді де ауқымды жұмыс.

Брифинг барысында әкім Қопа көлі бойымен Н.Назарбаев даңғылынан Қызыл жұлдыз ауылына кіреберіс жолы бар Краснояр ауылындағы Ұмышев көшесіне дейін айналма жол салу, Сарыарқа шағын ауданында жол құрылысын жүргізу, Н.Назарбаев көшесінен Ж.Тәшенов көшесіне дейінгі аралықта Ш.Құсайынов көшесінің жолдарын және №8 орта мектептіңауданындағы Қылшақты өзені арқылы өтетін жаяу жүргіншілер көпірін жөндеу бойынша  конкурс жарияланатынын атап өтті.  Сонымен қатар, Б.Әшімов көшесіндегі теміржол арқылы өтетін автомобиль көпірі мен19 кабельдік желіге, 15 трансформаторлық қосалқы станцияға күрделі жөндеу жүргізілетінін айтты.

−Трансформаторлық қосалқы станцияларда дабыл жүйесін жөндеу және орнату жұмыстары жүргізілуде. Биыл Т.Сүлейменов, П.Осипенко, М.Әбілқасымов, С.Жүнісов, М.Калинин көшелеріндегі, Бірлік және Застанционный шағын аудандарындағы көше жарығын ағымдағы жөндеу және қалпына келтіру бойынша жұмыстар жүргізу  жоспарланып отыр. Қала тұрғындарының өтініш-тілектері негізінде орамішілік аумақтарда 75 дана жарық бағандары орнатылды.Абай-Ғабдуллин-Тәшенов-Әуелбеков көшелерінің шекараларындағы аула аумақтарын күрделі жөндеу бойынша жобаны іске асыру аяқталуға жақын.  Қаланың әртүрлі аудандарында ұзындығы 14 шақырым жаяу жүргіншілер жолы жөнделеді, −деді спикер.

Биыл қала құрамына кіретінКраснояр ауылында саябақ құрылысы жүргізілуде. Жайлау шағын ауданындаауыз су мәселесін шешу үшін өткен жылы таза су қоймалары жөнделді. Бүгінгі таңда ұзындығы 1300 метр су құбыры тартылды. Қоймаға дейін суағар құрылысын жүргізу, су айдауыш мұнарасын, бейнебақылау және жарықтандыруды орнату арқылы санитарлық-қорғау аймағын абаттандыру жұмыстары жоспарлануда.

Сондай-ақ, брифингте әкімге қалада көптен айтылып келе жатқан жылу-энергия орталығы жөнінде сұрақ қойылды. Қала басшысының айтуынша, бұл өткір мәселе Үкімет пен Энергетика министрлігі деңгейінде қайта қаралуда.

−Бұл мәселе бойынша екі байқау өткізілді, бірақ, өкінішке орай, оған ешкім қатысуға ниет білдірген жоқ. Бүгінгі таңда министрлік бұл жобаны түзетуде. Оның басты себебі,техникалық-экономикалық негіздеме жасалған кезде баға басқаша болғанында.  Одан бері біраз уақыт өтіп, ол баға қазір ескірген. Бизнес әрқашан экономикалық пайдасы бар жерде жұмыс істейтінін білесіздер, −деп жауап берді сұраққа әкім. Барлық туындаған қиындықтарға қарамастан, Бауыржан Ғайса  алдағы жылыту маусымына дайындық жұмыстары қызу жүргізіліп жатқанын атап өтті.

Ілияс ӘУБӘКІРОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар