Ақмола, Көкше өңірлерінде қуғын-сүргін тарихының зерттелуі: нәтижелер және түйткілді мәселелер

Аманай Сейітқасымов,
Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті ректорының кеңесшісі, тарихшы-ғалым

Еліміз егемендік алған сәттен бастап саяси қуғын-сүргін көрген азаматтарды ақтау жұмыстары басталды. Соның нәтижесінде 1993 жылы «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» Заң қабылданды. 1997 жылы Президент Жарлығымен 31 мамыр­­–Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні ретінде арнайы белгіленді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылдың 24 қарашасында «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия туралы» Жарлыққа қол қойған болатын. Бұл комиссияның басты міндеті – кеңестік кезеңдегі саяси қуғын-сүргін құрбандарының барлық санатына қатысты тарихи әділеттілікті толық қалпына келтіру, яғни, заңдық және саяси тұрғыдан ақтау.

Қарап отырсақ, өткен ғасырда халқымыз көп қасірет көрді. Алдымен, аштық келді, одан соң жасанды таптық күрес пен зорлық-зомбылық, ұжымдастыру болды, оның аяғы жантүршігерлік аштыққа ұласты. Ел есін жимай жатып, саяси репрессиялар басталды. Мұнан кейін Екінші дүниежүзілік соғыстың оты тұтанып, соңынан тағы да қуғын-сүргін жалғасты. Ғалымдар халқымыздың саны екі есеге қысқарды деген деректер келтіреді. Қолда бар деректерге қарағанда 1920-1939 жылдар аралығында 4 миллион адам тоталитарлық жүйенің құрбаны болған. Оның ішінде 2,2 миллион кісі аштықтан қырылған. 1,2 миллион адам сыртқа қашқан. 115 мың ардақтымыз саяси көзқарастары үшін айыпталған. Оның 27 мыңына ату жазасы кесілген. Атылғандардың 60 пайызы зиялы қауым өкілдері екен. Сонымен қатар, Қазақстан аумағында орналасқан лагерьлер мен қазақ ауылдарына 1,5 миллионнан астам неміс, поляк, корей, шешен, түрік, грек, қырым татарлары, кавказ және басқа да халықтардың өкілдері өз еркінен тыс жер аударылғаны белгілі.

2021 жылғы 31 мамырда Ақмола облысы әкімшілігінің тікелей қолдауымен Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінде жобалық кеңсе ашылды, ол өлкетанушылар, мұрағатшылар, заңгерлер мен қоғам қайраткерлері үшін ашық зерттеу алаңына айналды. Жобалық кеңсе, сонымен қатар, облыс аудандарында зерттеу қызметінің үйлестіру орталығы ретінде қызмет етеді.Зерттеудің әдістемесі мен бағыттары туралы айтатын болсақ, біз оңалту кезеңділігін жіктеуіміз керек. Қазақстандағы қуғын-сүргіннің негізгі кезеңдері мынадай:

  1. 1917 жылдың қазаны –1920 жыл аралығындаұлттық зиялы қауымға қатысты қуғын-сүргін(«Алаш», «Шура  –  и-  Исламия»),    «Алаш  Орда»,  «Туркестани   Мухтариат»және ұлттық автономия Үкіметіне қатысты).
  2. 1920 жылдың ортасынан 1930 жылдың басына дейін. Қуғын-сүргінге Қазақстанда Кеңес өкіметін орнатқан «ескі» большевиктердің партиялық-кеңестік элитасы да, Ф.И.Голощекиннің «Кіші Қазан» саясатына қарсы шыққан жаңа буын коммунистері де қатыстыболды   (Тұрар Рысқұлов,  Смағұл Сәдуақасов,  Сәкен Сейфуллин,  Сейітқали Мендешев, Нығмет Нұрмақов, Зарап Темірбековжәне тағы басқалары).
  3. 1920 жылдардың аяғы мен 1930 жылдардың бірінші жартысында зорлық-зомбылықпен ұжымдастыруға қатысты қуғын-сүргін.
  4. 1930 жылдар. «Диверсия» және «зиян келтірді» деп айыпталған империялық-техникалық кадрларға қарсы қуғын-сүргін. («Балқаш ісі», «Шахтерлер ісі»).
  5. 1937-1938 жылдар. Жаппай саяси қуғын-сүргін. («Үлкен террор»). Халықтың барлық дерлік топтарына қатысты қуғын-сүргін.
  6. 1930 жылдардың ортасы мен 1940 жылдардың аяғы. Қазақстандағы халықтарды– поляктар, корейлер, немістер, ингуштар, шешендерді, Қырым татарларын және тағы басқа депортациялауға байланысты қуғын-сүргін.
  7. 1940 жылдың ортасынан 1950 жылдардың басына дейін қазақстандық зиялы қауымға қатысты (Ермахан Бекмаханов, Есмахамбет Исмаилов, Мұхтар Әуезов және т.б.), фашистік лагерьлерден өткен әскери тұтқындарға қатысты қуғын-сүргін.

Репрессияланғандардың жіктелуі келесідей болды:

  1. Ұлтшыл.
  2. Диверсиялық-зиянды.
  3. Фашистік-тыңшылық.
  4. Кулактық көтерілісшілер.
  5. Кулактық зиянкестер.
  6. Казактар-ақ гвардияшылар.
  7. Тыңшылық.
  8. Террористік.
  9. Панисламистер-діни қызметкерлер.
  10. Шіркеу-сектанттық.
  11. Бандиттік, Алаш-Орда, сионистік және тағы басқалары.

Зерттеу базасының көздері:

  1. Заңдар және нормативтік  актілер   (Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы заң).
  2. Партиялық және мемлекеттік органдардың іс жүргізу материалдары (хаттамалар, қаулылар).
  3. Қоғамдық ұйымдардың құжаттары (жарғылар, жобалар,   «Әділет», «Мемориал» қоғамдары).
  4. Мерзімдік баспасөз материалдары(«Қызыл Қазақстан»,  «Еңбекші  Қазақ», «Мир Труда»,  тағы басқа газеттер).
  5. Әдеби көздер, естеліктер, хаттар, күнделіктер және тағы басқалары.

Жұмыс әдістемесі:

  1. Жүйелілік – мемлекет, қоғам, тоталитаризм.
  2. Объективизм–саясаттандыруға жол бермеу.
  3. Тарихизм–дәуірдің нақты тарихи жағдайларын ескере отырып, барлық қайшылықтармен ақтау саясатын зерттеу.

Бағдарлама шеңберінде I-ші кезеңде 7 жұмыс тобы құрылды, олар мемлекеттік комиссия айқындаған негізгі бағыттар бойынша зерттеу, талдамалық және сараптамалық жұмыс жүргізді.Жобалау кеңсесі аясында зерттеу бағыты бойынша жұмыс топтары құрылып, әр топқа жетекшілер тағайындалды.

1 топ –ГУЛАГ лагерьлерінде болған зардап шеккендер бойынша;

2 топ – Қазақстанға күштеп, мәжбүрлеп жер аударылғандар және арнайы қоныс аударылғандар бойынша;

3 топ – Күштеп ұжымдастыру құрбандарын, кулактарды, байларды, жартылай феодалдарды және көтеріліске қатысқан шаруаларды ақтау бойынша;

4 топ – 1916-1930 жылдардағы қазақстандық саяси босқындарды ақтау бойынша;

5 топ – саяси қуғын-сүргін құрбандары – дәстүрлі дін өкілдерін ақтау бойынша;

6 топ – 1939-1945 жылдары фашистік Германия мен басқа да Европа елдерінің тұтқынында болған әскери тұтқындарды ақтау бойынша;

7 топ – ғылыми, мәдени және өзге де салалар бойынша қуғын-сүргінге ұшыраған тұлғаларды зерттеу бойынша жұмыстар.

2021 жылғы 14 маусымда «Қаһармандар» республикалық қоғамдық қорының президенті, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ғалым, Мемлекеттік комиссия мүшесі және осы бағдарламаның бастамашысы Сабыр Ахметжанұлы Қасымов пен қоғам қайраткері, сол кездегі Мәжіліс депутаты Берік Әбдіғалиұлының қатысуымен Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі өңірлік жобалау кеңсесінің отырысы өтті.

Кездесу барысында Сабыр Ахметжанұлы Қасымов зерттеуші ғалымдарға, мемлекеттік комиссия жұмысының барлық бағыттары бойынша өңірлік комиссияның жұмыс топтарының басшыларына, құрылған жұмыс топтарымен тығыз жұмыс істеуді тапсырды, діни қызметкерлер өкілдерін қудалау мәселелерін мұқият зерделеуді, сотсыз және тергеусіз атылған күштеп ұжымдастыру құрбандарын зерттеуді тапсырды. Архивтерде жұмыс жүргізілді, ғылыми-танымдық экспедициялар ұйымдастырылды, халықарасында сауалнама жүргізілді, куә байырғы тұрғындар мен өлкетанушыларды, тарихшыларды, кітапхана,мұрағат, мұражай қызметкерлерін тарта отырып, елді мекендердегі саяси қуғын-сүргін құрбандарының есімдері мен жаңа деректермен фактілерді анықтау бойынша жүйелі жұмыс жүргізілді, ауқымды іс-шаралар өткізілді.Ақмола облысы бойынша ҚР БП Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитеті басқармасының қорларында 38 мың іс және 80 мың картотека сақталуда.

Ақмола облысы полиция департаментінің арнаулы мемлекеттік мұрағат қорында ақтауға жатпайтын адамдардың 367 ісі, қуғын-сүргінге ұшыраған, сот органдарымен ақталған адамдарға қатысты 3025 іс және Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде тұтқында болған және Отанына оралған бұрынғы КСРО азаматтарының 156 ісі сақталған.Ал, Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитеті басқармасының Ақмола облысы бойынша арнайы мұрағатында “Арнайы қоныс аударушылар мен жер аударылғандардың жеке істерінің жинағы”сақталған. Оның ішінде арнайы қоныс аударушылары туралы 36 000 іс бар. Әрине, комиссия қарайтын істердің басым бөлігі Ақмола облысының мемлекеттік мұрағатында. Мұнда мешіттерді жою, ұжымдастыру, босқындар, тәркілеу, ашаршылық туралы мыңдаған құжаттар бар. Бірақ бәрін жүйелеп, бір арнаға салу керек.Көріп отырғанымыздай, жұмыс көлемі өте үлкен. Бұл бірнеше жылға созылатын қажырлы еңбек. Жобаға қатысушы ғалымдарға облыстық бюджеттен бөлінген қаражат шеңберінде еңбекақы, іссапар шығындары төленеді, сайттар құру, іздеу жұмыстары, кітаптар мен жинақтар шығару, түрлі деңгейдегі ғылыми сараптамалар мен конференциялар өткізу бойынша жұмыстар жүргізіледі.

Өңір басшысы, Ақмола облысының әкімі Ермек Боранбайұлы Маржықпаев өңірлік комиссияның отырысында сөйлеген сөзінде: «Біз ел тарихындағы қайғылы жылдарды неғұрлым толық, дәлелді ғылыми негізде жазу үшін барлық тәжірибе мен мүмкіндіктерді пайдалана отырып, өзіміздің тарихи-зерттеу жолымызды қалыптастыруымыз керек. Бүгінде қоғам мен мемлекет үшін аса маңызды іске барлық отандық ғалымдар жұмылдырылып, Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің ғалым-зерттеушілері бұл іске өз үлестерін қосуда», – деп атап өтті.Оның айтуынша, аймақтық комиссияларды құрудың негізгі мақсаты – қуғын-сүргін тарихының осы уақытқа дейін зерттелмеген ақтаңдақтарын анықтау, жинау. Біздің міндетіміз – Мемлекет басшысының Жарлығын толық көлемде орындау және ұсыныстар әзірлеу, репрессияның қай деңгейде болғанын анықтау,  қуғын-сүргін лагерьлерін табу, құрбан болғандардың санын, тегін, атын анықтау, қажет болған жағдайда істерді қайта қарау, ғылыми айналымға құжаттарды енгізу, ақпаратты жинау, талдау.

2021-2022 жылдары өңірлік комиссияның 19 отырысы, жұмыс тобының 15 отырысы өткізілді. Саяси қуғын-сүргін мәселелері бойынша ақпарат және жұмыс тәжірибесімен алмасу мақсатында Павлодар, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Қарағанды облыстарымен өңірлік семинарлар ұйымдастырылды, өткен жылдың қыркүйек-қазан айлары аралығында республикалық жобалық кеңсе ұйымдастырған 11 семинарға өңірлік комиссия мүшелері қатысып, жұмыс тобының бағыттары бойынша баяндамалар жасады.

Осы жоба аясында www.tarich-akmo.kz арнайы мәліметтер базасы жүктелді, тарихи-танымдық, ғылыми-зерттеу порталы іске қосылды. Бұл интернет-ресурста барлық құжаттар, жоспарлар, нәтижелер, жылдар бойынша материалдар жинақталған. Сонымен қатар, жергілікті тұрғындар мен мүдделі тұлғаларға порталға кіру арқылы онлайн-сауалнаманы толтыру мүмкіндігі берілді. Қазірдің өзінде бір кездері жазаға тартылған туыстарын іздеу туралы өтініштер алыс, жақын елдерден келеді.

Өңірлік комиссияның жұмысында біздің ғалым-мамандардың Астана, Алматы, Қарағанды, Петропавл қалаларына жұмыс сапарлары нәтижелі болды. Көкшетаулық зерттеушілер Қазақстан Республикасының орталық мемлекеттік мұрағаты, Ш.Уәлиханов атындағытарих және этнология институты, Президенттік мұрағат, Ұлттық кітапхана, Алматы қалалық мемлекеттік мұрағаты, облыстық мұрағаттар сияқты орталықтар мен мұрағаттарда жұмыс істеп, өңір тарихы бойынша жаңа деректермен танысты. Ғылыми іссапар нәтижесінде Алматы, Қарағандының ғалым-мамандарымен, аймақ тарихын зерделеу бойынша мұрағат қызметкерлерімен байланыс орнатылды, мұрағаттардан 350-ден астам іс, 3500-ден астам құжат көшірмелері әкелінді. Іздеу жұмыстары жан-жақты қамтыла отырып, әртүрлі бағыттарда өтті, бұл оң нәтиже берді. ҚР ІІМ ақпараттық-талдау орталығының арнайы мұрағатының ресми деректері бойынша 1920-1950 жылдары Ақмола облысы бойынша 6090 адам қуғын-сүргінге ұшырады, оның ішінде ақталмаған 429 адам бар. Осылайша 1920-1930 жылдары облыс аумағында зорлық-зомбылықпен ұжымдастыру кезінде қуғын-сүргінге ұшыраған 1048-ге жуық бай кулактар мен шаруалардың, 36 000 арнайы қоныс аударушылардың, 180 діни қызметкердің (150 мұсылман, 30 христиан), II дүниежүзілік соғыс тұтқындарының арасынан 376 адамның тізімі бар 429 іс қозғалған.Бұл тізімді жұмыс топтары мұқият зерттеп, толық негіздеу үшін мемлекеттік комиссияға жібереді. Сондай-ақ, жұмыс тобының өкілдері облыс аумағында қуғын-сүргінге ұшырағандардың жерленген жерлерін, Зеренді, Сандықтау, Қорғалжын, Атбасар аудандарында, Степногорск қаласында НКВД лагерьлері орналасқан орындарды іздестіруде.

Осы ретте аудандардағыосы үлкенде керек іске ат салысып, көмек беріп жатқан жергілікті тұрғындарды, куәгерлерді, көне көз қарияларды, өлкетанушылармен мемлекеттік қызметкерлерді де айтып өткен жөн. Олардың қатарына Сандықтау аудандық архивінің директоры Виноградова Галина Ивановна, Приречень орта мектебі тарих пәнінің мұғалімі Стока Наталья Владимировна, Сарыөзек, Симферополь ауылдық округтерінің әкімдері Ерлан Қожабеков, Азамат Сәбитов және көз көрген қариялар Фрида Кем, Нығметжан Закирин, Қорғалжын жерінің тарихшы, өлкетанушысы Батыржан Күзембайұлы Жаров, Степногорск қаласы әкімінің орынбасары Гүлнәз Маратқызы Әбілова, ардагер ағаларымыз Шияп Әлиев, Қайыргелді Киіков, Ермек Нұғыманов, Амангелді Ақынов, тағы басқаларын айтып кетуге болады.

Жуырда ғана, 6-7 мамыр күндері Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның мүшесі, республикалық Жобалау кеңсесінің жетекшісі, белгілі қоғам қайраткері Сабыр Ахметжанұлы Қасымов біздің өңірде болып, практикалық семинар өткізді. Ғалым-тарихшылармен, архив қызметкерлермен кездесуде қазіргі жағдайдағы зерттеу жұмыстарының ерекшіліктері талқыланды, тың деректерге қол жеткізілді. Айталық, Сандықтау ауданынан 400-ден астам іс қаралып, 188 іс  және 1813 парақ материалдарының көшірмесі жасалды. Облыстық архивтен 17 қор зерделенді, 144 іс талқыланып, сарапталды. Негізінен, құжаттардың мазмұны мына төңіректе: бай-қулактарды кәмпескелеу, Кеңес өкіметіне қарсы көзқарастарды басу, дін өкілдерін жазалау, ет-астық дайындау науқаны, партия-совет органдарының құжаттары, қаулы- шешімдері. Мысалы құжаттардың ішіндегі Айыртау ауданына қатысты деректерде, 1932 жылы қашқан бай-кулактардың ОГПУ жасаған тізімінде әйгілі ақын, әнші-композитор Үкілі Ыбырай (Ыбырай Сандыбаев) туралы да дерек кездеседі. ОГПУ-дың, яғни, Біріккен Мемлекеттік Саяси Басқарманың 1932 жылдың ноябрь айындағы 1855-ші қаулысында отбасында үш адам, «не трудоустроен», тұрағы белгісіз деп көрсетілген. Ресми деректерде Үкілі Ыбырай 1930 жылы қайтыс болды делінген, тағы бір  құжатта оның 1932 жылы өкіметтен, жазалау органдарынан тасаланып жүргені айтылады, яғни, тірі болғаны айдан-анық. Қиыр Шығысқа жер аударылғаны, Ақтөбе жағында 30-шы жылдардың аяғында қайтқаны туралы да айтылып жүр. Демек әлі де зерттеу қажет.

Жоғарыда жазылғанындай, өңірлік комиссия Көкшетау, Қарағанды, Алматы, СҚО, Астана мұрағаттарынан көптеген деректер жинады. Ресейдегі көршілес облыстарға – Омбы, Орынбор, Қорған, Челябинск қалаларына бару жоспарлануда, ал, болашақта барлық осы мұрағаттарды жүйелеу қажет болады. Ғылыми қорлармен жұмыс жасау барысында орталық мемлекеттік мұрағат қызметкерлерімен, белгілі ғалымдармен, осы саладағы білікті мамандармен кездесіп, көптеген әдіснамалық және жүйелік білім алуға мүмкіндік туды.

Біз Ақмола, Көкше өңірлерінің Алаш және қоғам қайраткерлерінің өмірін, қызметін әлі де егжей-тегжейлі зерделеуіміз керек. Олардың қатарында Әбілқайыр Досов, Айдархан Тұрлыбаев, Асылбек Мұстафин, Зарап Темірбеков, Шарапи Әлжанов, Мұхаммедсәлім Кәшімов, Хайретдин Болғамбаев, Иманжүсіп Құтпанов, Жұмағали Тілеулин, Сейітбаттал Мұстафин, Біләл Малдыбаев, Жанайдар Сәдуақасов, Мұхаметжан Есжанов, Камел Кешубаев, Хайролла Құсайынов, Ғалиасқар Қуанышев, Жанұзақ Жәнібеков, Әубәкір Ілиясов және тағы басқалары бар.

Сонымен қатар, «Алаш» партиясының филиалын, қазақ комитеттерін құрғаны, ұлттық мемлекет құру идеясы үшін солтүстік өңірде жазықсыз атылғандардың тізімін келтіруге болады. Олар Байғазы Ахметов, Қайролла Мәліков, Малғаждар Сағындықов, Есімсейіт Сабыров, Сәдуақас Жандосов, Сейітқасым Бекішов, Мален Ибыраев, Қожахмет Белгібаев, Махмет Уәлиханов, Қошан Қоспанов, Жармантай Омаров, Әбілқарым Бимурзин, Сәкен Махметов, Мәжен Жандосов, Кафез Айбасов, Ғабдулла Шоқаев және тағы  басқалары.

Осы тақырып бойынша көптеген ғылыми-зерттеулер мен мақалалар болғанымен, бұл адамдардың тағдыры, тарихы одан әрі зерттеуді, толықтыруды, ашып жазуды қажет етеді. Алайда, бұл істер әлі де құпия болғандықтан, мұндай мүмкіндік әзір жоқ.

Сонымен қатар, Ақмола облысының аумағында жазалау лагерьлерінің орындарын анықтау жұмыстары жалғасуда. Қолда бар деректерге сүйенсек, Ақмола облысының құрамында әр жылдары 11 лагерь болған, бірақ, соңғы мәліметтерге сәйкес, одан да көп лагерь болуы мүмкін.

Біріншіден, Ақмола облысы әр жылдары әртүрлі әкімшілік-аумақтық өзгерістерге ұшырады, аумағы, елді мекендері, халық құрамы бойынша бірнеше аумақтық бірлестіктерге кірді. Мәселен, 1921 жылы ол Ақмола губерниясы деп аталды, 1928-1930 жылдары – Ақмола округі, содан кейін орталығы Петропавл қаласы болған Қарағанды облысының құрамында болды, ал, 1939 жылдан бастап жеке облыс болып қайта құрылды. 1944 жылы Ақмола облысының құрамынан Көкшетау облысы бөлінді. Ал, аудандар, округтер біріктірілді, содан кейін таратылды,  кейін қысқарды немесе  кейін қайта аты өзгерді. Мұны да ескеру керек.1930-1950 жылдары көптеген шахталар мен шахталардың жанындағы әйгілі «Каззолото» бірлестігінің құрамында жазасын өтеп жатқан, жер аударылған, жай адамдар әскери тұтқындар жұмыс істейтін лагерьлер болды. Олар негізінен, Біржан сал, Ақкөл, Шортанды, Бұланды аудандарының аумағында болды. Екіншіден, деректер бұрынғы Рузаев ауданының Чернозубовка ауылында, Атбасар, Балкашино жағында да лагерьлер болғанын растайды. Өткен жылы Зеренді ауданының аумағында ғана 4 сталиндік лагерь болғаны анықталды. Бұл қазіргі Приречное ауылының жанындағы №14 колония, Үлгілі ауылындағы ОПЛ-3, Баратай, Уголки жанындағы «Ключи» лагері, Симферополь ауылындағы «Озерное» лагері. Бұл лагерьлер толығымен зерттелген деп айтуға болады. Құрылған кездері, қай жылдары жұмыс істеді, қандай контингент отырғаны анықталып, куәгерлер табылды, ескерткіш белгілер орнатылды, бірқатар мақалалар жарияланды, жинақ шықты.

Бүгінде облыс аумағында НКВД-ның айыптау және жазалау үкімдері орындалған бірнеше орын анықталды. Бұл жерлерде қылмыстық іс жүргізу процестері жүргізіліп, үкім сол жерде орындалды. Біздің ойымызша, мұндай үкім шығарылған жерлерге археологиялық қазба жұмыстарын жүргізген жөн болар еді. Егер қаза тапқандардың қалдықтары табылса, оларды қоршап, ескерткіш белгі қою керек.

Осылайша қыруар жұмыстар атқарылды. Маңызды да тарихи сабақтастығы  терең осы жобаны іске асыру үшін университет ішінен арнайы Жобалық кеңсе ашылды. Арнайы 6 ғылыми-зерттеу экспедициялар, бір халықаралық ғылыми-практикалық конференция ұйымдастырылды, республикалық деңгейдегі 11 семинарға, бірнеше форумдар мен алқалы жиындарға қатысып, онлайн лекциялар өткізілді. Төрт мәрте республикалық, жеті рет облыстық газеттерде мақалалар шықты. 3 бейне-фильм түсірілді. «Хабар», «Қазақстан» телеарналары және облыстық телеарнада төрт рет тақырыптық  көрсетілім өтті. Ең танымал Facebook, Instagram әлеуметтік желілерінде 55  рет жарияланым болды. Саяси қуғын-сүргін науқанын жастардың қаншалықты білуі, тарихи тағылымы туралы сауалнама да өткіздік. Зерттеу барысында орталық архивтермен, белгілі ғалымдармен, басқа өңірлердегі әріптестермен, жергілікті ауыл әкімдері, тарихшылар мен өлкетанушылар, сол зұлмат жылдар куәгерлерімен тығыз байланыс орнатылды. Ұсыныстар да жоқ емес.

Облыс әкімі Ермек Боранбайұлы қуғын-сүргін құрбандарына арнап Көкшетау қаласында  мұражай ашуды тапсырған-ды. Облыстық өлкетанушылар бірлестігі ашылды, осы тақырып бойынша жас ғалымдар, магистранттар мен студенттер дипломдық жұмыстар жазуды қолға алды. Тың тақырыптарға жобалық тапсырыс берілді. Алдағы уақытта жазалау лагерьлері мен ату орындары болған жерлерге тарихи ескерткіштер, белгітастар қойылып, танымдық туристік маршруттар ұйымдастырылса, келешекте осындай нысандардың сакральді картасы жасалса деген де ой бар. Облыстық өлкетанушылар қауымдастығы ашылды, жас ғалымдар, магистранттар мен студенттер саяси қуғын-сүргін тарихы бойынша диплом жұмыстарын жазуда.

Ғылыми бағдарлама аясында жарияланған материалдар:

  1. «Ақмола облысы бойынша 1920-1950 жылдардағы қуғын-сүргінге байланысты ғылыми-зерттеу жұмысы және архивтік құжаттарды саяси-құқықтық бағалау» атты Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция материалдары жинағы.
  2. История жертв политических репрессий в Акмолинской области в 1920-1950-е гг. Мұрағаттық деректер материалдары бойынша. Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің Редакциялық-баспа бөлімі; 2021 ж. 300 б., 95 дана (орыс тілінде).
  3. Архив құжаттары негізінде Ақмола облысындағы қазақ ауылдарын кеңестендіру тарихы. Құжаттар тарихы. Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетаууниверситетінің Редакциялық-баспа бөлімі; 2021 ж. 200 б.77 дана (қазақ тілінде).
  4. «История насильственной коллективизации в Акмолинской области (по материалам архивных документов)» Ұжымдық жинақ. Көкше-Полиграфия АҚ; 2022 ж. 276 б., 400 дана (орыс тілінде).
  5. Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның материалдары (ХХ ғасырдың 20-50 жылдары).19 т. Ақмола облысындағы саяси қуғын-сүргін тарихы: құжаттар мен деректер негізінде. Құжаттар мен материалдар жинағы. Астана, 2022. – 280 б.
  6. Кітап-альбом – «Ақмола облысының аумағындағы лагерьлік қоныстар» Көкше-Полиграфия АҚ; 2022 ж., 296 б., 400 дана (қазақ тілінде).

Жобаның әлеуметтік әсері:

Құқықтық мемлекет құруға бағытталған қоғам үшін ұлттық бірегейлікті қалыптастыру үшін ең маңыздысы, саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық құқықтық және саяси ақтау болып табылады. Өйткені, құқықтық мемлекеттің негізгі сипаттамасы адам құқықтары мен әлеуметтік және этникалық топтардың құқықтарын сақтау болып табылады. Сондықтан, біздің еліміз саяси қуғын-сүргіннің құрбаны болған миллиондаған азаматтарын еске алмай, толыққанды өркениетті мемлекет ретінде әлемдік қоғамдастықта өз орнын толық ала алмайды.

1920-1950 жылдардағы саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтауға арналған бағдарламаны орындау барысында анықталған жаңа деректер, сондай-ақ, Зеренді ауданының Баратай, Симферополь, Үлгілі және Приречное елді мекендеріндегі лагерьлік бөлімшелерді анықтау және зерделеу Ақмола облысы тұрғындарының санасына әсер етіп, полиэтникалық қоғамды біріктірді. Өйткені, репрессиялық саясаттың салдары қазақ жеріне жер аударылған барлық халықтар үшін бірдей ауыр болды. Одақ құрамындағы Қазақстан бірқатар қайғылы оқиғаларды бастан өткерді, оның ішінде жер аударылғандар мен кулактарды құқығынан айыру арасындағы көптеген құрбандықтарға әкеп соқтырған ұжымдастыру, сондай-ақ, ғасырлар бойы экономиканың негізгіболған дәстүрлі шаруашылықтардың жойылуы; зорлық-зомбылықпен ұжымдастыруға байланысты миллиондаған адамдардың өмірін қиған ашаршылық; миллиондаған адамдар өмірден айырылған жаппай қуғын-сүргін көріп,  ГУЛАГ тұтқынына айналды, мүліктен айырылды және депортацияланды,  атылды,  ауыр  азаптан, аштықтан көз жұмды.

Жобаны орындау барысында зерттеу жұмысының нәтижелері бұқаралық ақпарат құралдарында және әлеуметтік желілерде жарияланды, бұл халықтың ұлттық тарихқа деген қызығушылығын арттырды. Сандықтау ауданында, Степногорск қаласында өткізілген ғылыми семинарлардан, Көкшетау қаласында өткен Халықаралық ғылыми-практикалық конференциядан кейін газеттер мен телеарналар зерттелетін тақырыпқа көп көңіл бөле бастады.

Осы жобаны іске асыру шеңберінде Көкшетау қаласында және облыс аудандарындамұражай-мемориалдық кешендерінжәне саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу бойынша тақырыптық экспозициялар құру ұсынысы әзірленді, өлкетану бойынша оқу құралдарын қалыптастыруға әдістемелік материалдар әзірленді, сондай-ақ, қуғын-сүргінге ұшыраған Ақмола облысының тұрғындарының деректер базасын құру бойынша жұмыс басталды.

Мемлекеттік органдар үшін жобаны іске асыру қорытындылары бойынша практикалық ұсынымдар

  • Тәркілеу және аштық кезеңінде Есіл-Көкше аймағынан босқындар Омбы-Тюменьге қарай қоныс аударуға мәжбүр болды. Бұл жерлерде зираттар, елді мекендер болуы мүмкін. Болашақта Орынбор, Ресей Федерациясының Барнаул аумағын зерттей отырып, осы аймақтың тарихы туралы материалдар жинағын шығаруды жоспарлау.
  • Ақмола облысындағысталиндік лагерьлерінің, колонияларының, «нүктелерінің» картасын жасау.
  • Араб графикасы бар құжаттарды аудару және жазылған құжаттардың электрондық нұсқаларын жасау үшін қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі жұмысты жетілдіру мақсатында араб графикасын білетін мамандарды өңірлердегі жұмыс топтарына бекіту.
  • Қуғын-сүргін құрбандарын ақтаумен шектелмей, 1921 және 1932 жылдардағы ашаршылық тақырыбын түбегейлі зерттеу мәселесін қарастыру.
  • Халықтың тарихи өткенге деген қызығушылығын арттыру және өңірлік тарихты кеңінен насихаттау мақсатында лагерь бөлімшелерінің орналасқан жерлеріне туристік маршрут дайындау.
  • 1920-1950 жылдардағы Ақмола облысындағы саяси қуғын-сүргін тарихымен байланысты докторанттар, магистранттар, студенттердің, жалпы орта білім беретін мектеп оқушыларының ғылыми-зерттеу жұмыстарының тақырыптарын әзірлеу.
  • Ақмола облыстық телеарнасында саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған телебағдарламалар сериясын дайындау және шығару.
  • Жүргізілген ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижелері бойынша саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу мұражайының ашылуы туралы деректі фильмдер сериясын жасау.

Құрметті қауым! Атқарылатын жұмыстар баршылық, мұны одан әрі жалғастыруымыз қажет. Өңіріміздегі зұлмат жылдардың жазықсыз құрбандарын ақтау – ол біздің тарих алдындағы, азаттық азапкерлерінің алдындағы, азалы дәуір қасіреті алдындағы қасиетті борышымыз болмақ!

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар