Алқап басы  – қызу еңбек

Егіс науқаны кезінде «Ақтық» Агрофирмасы» АҚ-ның (бас директоры Ысқақов Руслан Бақтиярұлы) егістік алқаптарында біз жаңа инвестордың қарқынды қызу жұмыстарын жан-жақты сезіндік.

Астаналық өңірдегі  жаңа агрофирма ауа райының әрбір қолайлы сәтін тиімді пайдаланып, қысқа мерзімде 23 мың гектардан астам жерге дәнді дақыл себуді межелеп отыр.

Іссапар барысындағы жүздесуде акционерлік қоғамның атқарушы директоры П.В. Подоксенов шаруашылық жылдағыдай негізгі дақыл – бидайға басымдық беретіндерін айтып өтті. Бидайдың «Айна», «Фантазия», «Лекомер» және «Әзиев естелігі» тұқымдарына ерекше мән берілген. Петр Вениаминовичтің айтуынша, қалған 2 мың гектарға арпа, 1 мың гектарға сұлы тұқымы себілмек, ал 331 гектар жер судан шөбінің үлесінде болады.

Қазірде шаруашылықтың егістік алқаптарында өнімділігі жоғары кешенді техника мен заманауи сеялкаларды тіркеген тракторлар  жұмыс істеуде. Жақсы нәтижелерге жету үшін жұмысты қарқынды атқару қажет. Сондықтан, диқандар өткен қоңыр күзде 23 мың гектар жердің сүдігерін көтеріп тастаған. Бұл болашақ өнімнің кепілі.

– Біздің компанияның алдында тұрған басты міндет – сапалы мол өнім өндіру болып табылады. Механизаторларымыз науқанды жоспарлаған мерзімде аяқтап шығу үшін күн сайын 2 мың гектар алқапқа дән себуде, – дейді әңгіме барысында басшы.

Алқап үстіндегі техникалардың қуатты үндері, сеялкалардың соңындағы шұбатылған шаң мен қарақұрым құстар жұмыс қарқынының қызу жүріп жатқандығын аңғартады. Дала төсі еңбек әуеніне толы. Тыңғылықты түрде өңделген жерлерде қуатты, өнімділігі жоғары тракторлар жұмысты өндіртіп жатыр. Олардың арасында шетелдік «Кейсс», «Бюллер», «Магнум» сияқты техникалар көзге бірден шалынады. Мамандандырылған бригаданың механизаторлары бірінші кезекте уақыттан ұтып, жұмыстың сапасына баса мән беруде. Бұл орайда, инвестордың жаңаша тәсілдері мен талаптары көзге түсіп-ақ тұр. Сондықтан болар, жұмыста үзіліс байқалмайды.

Әрине, «еңбегіне қарай – өнбегі» демекші, еңбеккерлер қазір жоғары жалақыға қол жеткізуде. Ең бастысы, «Ақтық-АФ» АҚ-ның диқандары бар мүмкіндікті пайдаланып, жауапты науқанды таяу күндері аяқтауды жоспарлап отыр.

Жанат ТҮГЕЛБАЕВ.

Суретте: озат механизатор Александр Владимирович Фрик.

Целиноград ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар