Жел-электр станциялары – баламалы қуат көзі

Көрікті Бурабай баурайында жаңартылатын энергетика бойынша «Qazaq green fest-2023» II Халықаралық іскерлік фестивалі өтті.  Маңызды іс-шараға мемлекеттік органдар мен энергетика саласының қызметкерлері, сондай-ақ, Ресей, АҚШ, Қытай, Германия, Ұлыбритания, Италия, Франция, Жапония, Өзбекстан және Қазақстан мемлекеттерінен бизнес өкілдері мен сарапшылар қатысты.

Ел Президенті  Қасым-Жомарт Тоқаев бұған дейін электр энергиясын дамыту мәселелері жөнінде өткізілген кеңесте жасыл энергетика көздерінің үлесін 2030 жылға дейін 10-нан 15 пайызға дейін көбейтуді тапсырған болатын. Бүгінгі таңда Ақмола облысы баламалы энергия көздерін енгізу бойынша көшбасшы болып табылады. Биыл өңірде 6 жел электр станциясын салу жоспарлануда. Осы мақсаттарға 155 миллиард теңге инвестиция тартылды. Соңғы жылдары жаңартылатын энергетика секторы дамыды. Өткен жылдың қорытындысы бойынша баламалы электр энергиясын өндіру үлесі 4,5 пайызды құрады. Қазіргі уақытта өңірде  9 жел электр станциясы салынды. Әзірге елдегі электр энергиясының 70 пайызы көмір, 20 пайызы газдан өндіріледі. Қазақстан 2030 жылға қарай баламалы энергия көздерінің үлесін 15 пайызға дейін жеткізуді және тек 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізуді жоспарлауда.

− Қазақстан бұл салада соңғы 8-9 жылда үлкен жетістіктерге қол жеткізді. Жаңартылатын энергия көздерінің 130 нысаны салынды. Олардың қуаты 2,5 Гвт. Алайда, соңғы екі жылда бұл көлем төмендеді. Qazaq Green Fest фестивалінде біз осы мәселелер және саламыздың алдында тұрған кедергілер туралы сөз қозғамақпыз,−деді «Qazaq Green» қауымдастығының директорлар кеңесінің төрағасы Нұрлан Қапенов.

Ағымдағы жылдың 1 шілдесінен бастап электр энергиясын бірыңғай сатып алуды және теңгерімдеуді нарық тетігі негізінде электр энергиясы нарығының жаңа моделіне көшіру жоспарлануда. Электр энергиясын тарату  маңызды мәселеге айналып отыр. Мамандар табиғи газдың үлесін арттырудың қажеттілігін атап көрсетуде.

−Қазір электр энергиясының 70 пайызы көмірдің көмегімен өндіріледі. Мұндай станциялар технологиялық тұрғыдан залалсыз жұмыс істеуге мүмкіндік бермейді. Сондықтан, болашақ жасыл энергетикада,−деді жаңартылатын энергия көздерін қолдау жөніндегі қаржы-есеп айырысу орталығының бас директоры Гүлжан Нәлібаева.

Qazaq Green Fest фестивалі барлық мүдделі тараптарды біріктіру арқылы саланың мәселелерін шешуге өз үлесін қосады.  Қазіргі уақытта жаңартылатын энергетиканы дамытуды талқылау жылдан-жылға үлкен дәстүрге айналуда. Себебі, сарапшылардың пікірінше, бұл Қазақстанның барлық электр энергетикасы саласын трансформациялаудың драйвері бола алады. Жалпы, елде 2060 жылға дейін көміртегі бейтараптығына қол жеткізу стратегиясы қабылданды. Фестивальде Қазақстанда алғашқы ерікті көміртегі сертификаты іске қосылатыны белгілі болды.

Іс-шараның соңында «Хартия» жаңартылатын энергетика іскерлік қоғамдастығының Қазақстан Үкіметіне үндеуі қабылданды. Аталмыш құжатта осы секторды дамыту және соған кедергі келтіретін бөгеттерді жою бойынша ұсыныстар көрініс тапты.

Ілияс ӘУБӘКІРОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар