Жергілікті жерлердің өзекті мәселелері бірлесіп талқыланды

Таяуда Ақмола облыстық мәслихатының тұрақты комиссияларының және облысмәслихаттары қызметін үйлестіру жөніндегі кеңестің бірлескен отырысы болып өтті. Жиын барысында денсаулық сақтау саласын дамыту, жер қатынастары саласына жаңа инновацияларды игеру, сондай-ақ, білім беру жүйесін қаржыландыру мәселелері қаралып, талқыланды. Кеңес отырысын Ақмола облыстық мәслихатының төрағасы Бейбіт Жүсіпов ашып, жүргізіп отырды.

Жиын барысында өңірімізде «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы» шеңберінде атқарылып жатқан жұмыстар жайын Ақмола облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлан Ахильбеков баяндап берді.  «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында медициналық мекемелерде жөндеу жұмыстары мен қайта құру шаралары жүзеге асырылатын болады дейді басқарма басшысы. Ұлттық жобаның басты мақсаты – барлық ауылдық елді мекендерді бастапқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарымен қамтамасыз ету, сондай-ақ, ауыл халқына шұғыл медициналық көмек көрсету тиімділігін арттыру есебінен қалалық және ауылдық денсаулық сақтау салалары арасындағы теңгерімсіздікті қысқарту болып табылады. Жоба аясындаоблыстағы 38 елдімекенде санитарлық-амбулаториялық мекеме салу жоспарланып отыр. Сонымен қатар, бағдарлама шеңберінде Атбасар мен Степногорск қалаларындағы ауруханаларға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу мәселесі қолға алынды.

Біздің облыс бойынша жоспарланған жоғарыдағы 38 нысанның 16-сы ағымдағы жылы пайдалануға берілмекші. Тарқатып айтар болсақ, Ақкөл ауданында-3, Бұландыда -1, Егіндікөлде -1, Целиноград ауданында-10, Шортанды ауданында-1алғашқы медициналық-санитарлық көмек нысандарының құрылысы жоспарланған.Басқарма басшысы Степногорск ауруханасы бойынша дағдарыстық жағдайдан шығудың жолдары туралы да тарқатып айтып берді.

– Степногорск қалалық көпбейінді ауруханасының бүгінгі күні кредиторлық берешегі 524,1 миллион теңгені құрайды, оның ішінде салықтар мен әлеуметтік аударымдар 184,2 миллион теңге, жеткізушілер мен мердігерлер алдындағы өзге де кредиторлық берешек 339,9 миллион теңге көлемінде. Негізгі өзекті мәселе – кредиторлық берешекті жабу. Бүгінгі күні жергілікті бюджет есебінен кредиторлық берешекті жабуға бірнеше рет бюджеттік өтінімдер берілді, бірақ, қаражат бөлу механизмінің болмауына байланысты бұл өтінімдер қабылданбады.Ағымдағы жылдың сәуір айындағы жалақы толық көлемде төленді, қазіргі таңда жалақы бойынша қарыздар жоқ. Аурухана алатын қаржы қазір жалақы төлеуге және әлеуметтік төлемдер бойынша қарыздарды ішінара жабуға жеткілікті. Жақын арада жеткізушілер алдындағы берешек және салықтар бойыншааурухананың шоттарын жабу қаупі бар. Бұл жағдайдан шығудың бір жолы – ауруханада жаңа бөлімшелер ашу, медициналық жабдықтармен толық қамтамасыз етужәне ауруханаға жаңа қызмет түрлерін енгізу. Осы арқылы көбірек қаржы табуға мүмкіндік тудырған абзал, –дейді басқарма басшысы.

Қазіргі таңда Степногорск қаласындағы аурухана базасында медициналық колледждің филиалын ашу бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр.Бұл аурухана алаңдарының санын және коммуналдық қызметтерге шығындарды азайтуға мүмкіндік береді. Мамандарға жүктемені ескере отырып, штат саны мен жалақы қорын толық емес жұмыс күнін қысқарту арқылы оңтайландыру жүргізілуде. Таяуда осы мәселеге байланысты  облыстық экономика басқармасы өкілдерінің, Ақмола облысы әкімінің орынбасарының, ӘМСҚ өкілдерінің және денсаулық сақтау басқармасының қатысуымен кредиторлық берешекті жабу мәселесін шешу үшін дөңгелек үстел өткізу жоспарлануда. Нұрлан Ахыльбеков өз сөзінде ауылдық жерлердегі денсаулық сақтау объектілерінің медициналық кадрлармен қамтамасыз етілу мәселесін де айтып өтті. Соңғы мәліметтерге сүйенетін болсақ, биылғы жағдай бойынша мемлекеттік медициналық ұйымдарда 2035 дәрігер және 6672 орта медицина қызметкері жұмыс істейді. Соңғы үш жылда жалпы облыс бойынша дәрігерлік кадрлардың тапшылығы 2 есеге жуық төмендеді. Яғни, сең қозғалғанға ұқсайды. Бәрібір мәселе түбегейлі өз шешімін тапты деп айта алмаймыз. Әлі де болса дәрігері жоқ ауылдық жерлер бар. Қазіргі таңда облыс бойынша 244 дәрігер тапшы, оның 88-і ауылдық жерде байқалып отыр. Атап айтқанда, 35 жалпы тәжірибелік дәрігер, 23 анестезиолог, 18 педиатр, 13 терапевт, 14 акушер-гинеколог, 9 офтальмолог, 8 неонатолог, 10 оториноларинголог, 3 психиатр, 1 радиолог және тағы басқа мамандар тапшы.

– Облысқа медициналық бейіндегі мамандарды тарту мен бекітудің негізгі проблемаларының бірі Елордаға жақын орналасуымыз және кадрлардың жеке медициналық ұйымдарға кетуі болып табылады. Медициналық жоғары оқу орындарының түлектерін бөлу кезеңінде мамандардың басым бөлігі дамыған инфрақұрылым мен болашақ жұмыс орындарын таңдаудың баламалы нұсқалары себебінен Астана қаласы мен үлкен қалаларға артықшылық беріліп отыр, – дейді басқарма басшысы.

Отырыста қаралған алғашқы мәселені қорытындылаған мәслихат төрағасы Бейбіт Жүсіпов алдағы уақытта барлық 38 нысанды облыстық және аудандық мәслихаттардың төрағалары мен депуттарына бекітуді ұсынды.

Кеңес отырысында ауылдық жерлерді медицина мамандарымен қамтамасыз ету мәселесі бойынша Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің  медициналық мамандар даярлау орталығының директоры Светлана Мұратбекова мен Көкшетау жоғары медициналық колледжі директорының міндетін атқарушы Назгүл Серікқызы да сөз сөйледі. Светлана Мұратбекованың айтуынша, аталмыш оқу ордасында қазіргі таңда 758 білім алушы бар. Оның 42,6 пайызы шетелден келген жастар. 181 студент облыс әкімінің гранты есебінен білім алуда.

Жиын барысында ауылдағы өзекті мәселенің бірі – жайылымның жетіспеушілігі, ауыл шаруашылығы жерлерін қайтару бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар, жер заңнамасы саласындағы жаңалықтар, осы саладағы проблемаларды шешу мәселелері туралы Ақмола облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының бөлім басшысы Римма Қарымсақова, Қорғалжын ауданының жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Нұрсұлтан Әлімжанов және тағы басқалары сөз сөйледі. Отырыста облыстағы білім беру саласына бөлінетін бюджет қаражаты туралы қордаланған проблемалар және оларды шешу жолдары талқыланып, бұл мәселе бойынша Ақмола облыстық білім басқармасының басшысы Шоқан Оразалин баяндама жасады.

 Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар