Театр XXVI-шы маусымын аяқтады

Таяуда Шахмет Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық-драма театрының XXVI-шы маусымының жабылу салтанаты болып өтті. Өнер ұжымы Б.Вахапзаденің «Көк-Түріктер» драмасымен (режиссері Сұлтан Сраилов)театр маусымының шымылдығын жапты. Салтанатты шара аясында қызметкерлерді ынталандыру мақсатында  театр тарихында есімі ерекше құрметке ие тұлғалар атындағы арнайы театрішілік сыйақылар тағайындалып, белсенді қызметкерлерге табыс етілді. Іс-шараға Ақмола облыстық мәдениет басқармасының басшысы Айгүл Сәбитова қатысып, жылы лебізін білдірді.  

      Марапатқа ие болған жандарды атап айтар болсақ, жазушы-драматург Шахмет Құсайынов атындағы сыйлықпен әуен бөлімінің меңгерушісі Медет Мұхаммедин, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, режиссер Жақып Омаров атындағы сыйлықпен театр актері Асланбек Шайсұлтанов, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, суретші Мұрат Мақсұтов атындағы сыйлықпен киім суретшісі Маймұра Топанбаева, Халық әртісі Жібек Бағысова атындағы сыйлықпен, бутафория бөлімінің меңгерушісі,шебер  Жұпар Әбішева, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Мұратбек Оспан атындағы сыйлықпен грим бөлімінің меңгерушісі Айна Баймұратова, театр педагогы,  білім беру ісінің үздігі Айжан Бәдірқызы атындағы сыйлықпен театр актрисасы, «Мәдениет саласының үздігі» Маржан Бөкешова, театр басшылығы атынан арнайы сыйақымен тігінші Ольга Қасенова, еден жуушы Жанар Садықова, сахна технигі Асқар Шабаров, шебер-бутафор Серік Тұхбай марапатталды. Сондайақ, облыстық мәдениет басқармасының Алғыс хаттарына театр әртістері Мақпал Сүлейменова,  Үмітжан Ахмет, Диас Шәріп ие болды.  XXVI театр маусымында өнер ұжымының қызметкерлері көптеген тың жобаларды жүзеге асырып, іргелі істер атқарды. Ересектерге арналған ірі үш қойылымның тұсауы кесілді. Олар – Вина Дельмардың «Өмір деген осы ма?» драмасы (қоюшы режиссері Сафуан Шаймерденов), әлемдік классик У.Шекспирдің «Отелло» трагедиясы (қоюшы режиссері Қуандық Қасымов), Бахтияр Вахапзаденің «Көк-Түріктер» драмасы.

Жаңа жыл,  Наурыз мерекелеріне орай концерттік қойылымдар дайындалды.  Ал, балалар мен жасөспірімдерге арнап «Балапан қаз», (режисеері Серікбай Мақұлбеков), «Ару мен Ханзада», «Бәрінен күшті қорқақ Көжек» ертегілері сахналанды (режиссері Аян Әлімбаев.)

Шахмет Құсайынов атындағы облыстық қазақ музыкалық-драма театры XXVI театр маусымында  қойылымдарды ғана сахналап қоймай, көптеген ауқымды мәдени-көпшілік шараларды жүзеге асырды.  Балаларға арнап театр ішінен «Қуыршақ» театры ашылды, жазушы-драматург Жабал Ерғалиевтың 70 жас мерейтойына орай, республикалық театр фестивалін өткізді.  Ақын-жазушы, драматург Төлеген Қажыбайдың 80 жылдық еске алу кешіне орай, қаламгер шығармаларынан құралған «Қалдырған» әдеби-музыкалық қойылымы сахналанды.

Халықаралық театр күнінде Көкшетауда тұңғыш рет «Сәлем» халықаралық комедиялық қойылымдар фестивалі ұйымдастырылды.   Кезекті театр маусымы жабылғанымен театр өз жұмысын тоқтатпайды.  Алдағы бір ай бойы алыс -жақын қалалар мен аудандарға гастролдік сапармен барып, шалғайдағы өнерсүйер қауыммен қауышатын болады.

Манарбек ҚЫДЫРБАЙ,
Шахмет Құсайынов атындағы Ақмола облыстық
қазақ музыкалық-драма театрының әдебиет бөлімінің меңгерушісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар