Өңірімізде 250-ге жуық дәрігер маман тапшы. Қазіргі таңда облыстағымедициналық ұйымдарда тоғыз мыңға жуық медицина қызметкері, оның ішінде 2035 дәрігер және 6672 орта медицина қызметкері жұмыс істейді. Облысымызға дәрігер мамандарды тарту мақсатында бірқатар ауқымды жобалар қолға алынған. Бұл тұрғыда мемлекет тарапынан жас мамандарға көрсетіліп жатқан қолдау зор. Медицина саласындағы осы және өзге де мәселелер туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте басқарма басшысы Нұрлан Ахильбеков тарқатып айтып берді.
–Ақмола облысында 560 денсаулық сақтау мекемесі жұмыс істейді. Өңірімізге медициналық кадрларды тарту, оларды ынталандыру мақсатында шаралар жүйелі жүргізіліп жатыр. Атап айтар болсақ, дәрігерлерге жатақханамен қамтамасыз ету, пәтер жалдау төлемдерін бірлесіп төлеу, мектеп жасына дейінгі балаларын балабақшамен қамтамасыз ету, зайыбын жұмысқа орналастыру сияқты әлеуметтік қолдау көрсетіледі. 2022 жылы өңірге келген 88, оның 27-сі сұранысқа ие мамандарға барлығы50 миллион теңге көлемінде көтерме ақы төленді. Ал, 2023 жылға облыстық бюджеттен жаңадан келген дәрігерлерге көтерме ақы төлеуге 120 миллион теңге көлемінде қаржы қарастырылған. Жас мамандардың қатары ағымдағы жылдың тамыз және қыркүйек айларында толыға түседі деп күтіп отырмыз. Бұл бағытта еліміздің медициналық университеттерімен бірлесіп жүйелі жұмыстар жүргізілуде, – дейді басқарма басшысы.
Байқағанымыздай, жас мамандарды ынталандыру мақсатында бөлінген қаржы жыл сайын арта түсуде. Бәлкім, биылғы жылы қат мамандар қатары толығып, дәрігерге тапшы елді мекендер саны азая түсер. Кім білсін…
– Дәрігер кадрлардың тапшылығын төмендету мақсатында жыл сайын резидентурада оқуға 35 грант, «Жалпы медицина» мамандығы бойынша оқуға 50 грант, орта буын медицина қызметкерлеріне жергілікті бюджет есебінен 190 грант, республикалық бюджеттен 20 грант даярлауға «Еңбек «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы бойынша 50 грант бөлінеді, – дейді басқарма басшысы.
Брифингте өңіріміздегі денсаулық сақтау саласының бірінші жартыжылдығы бойынша атқарылған жұмыстарды баяндаған басқарма басшысы облыс халқының жалпы өлім-жітім көрсеткіші 17,8 пайызға төмендегендігін баса айтты.
Ауыл тұрғындары үшін скрининг жүргізу тәсілдері қайта қаралып, асқазан-ішек жолдарының, зәр шығару жүйесінің, егде жастағы топтағы тыныс алу органдарының және қуық асты безінің қатерлі ісігінің ауруларын ерте анықтауға, сондай-ақ, 18 жастан 29 жасқа дейінгі адамдарды қамтуға арналған тексерулер тізбесі кеңейтіліпті.
2023 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша 88 038 ауыл тұрғыны тексеріліп, оның 420-сынан аурудың ерте белгілері анықталған. Олардың арасында асқазан-ішек және бүйрек ауруларына шалдыққандар саны көп.
Тағы бір атап өтерлігі ағымдағы жылы облыста ана өлімінің бірде-бір жағдайы тіркелген жоқ. Сонымен қатар, нәресте өлімінің көрсеткіші 51,7 пайызға төмендегені баяндалды.
2023 жылға 4,6 миллиард теңгенің сомасына дәрілік препараттар жеткізіліп, 3,2 миллиард теңгенің сомасына 161 мың адамға арнайы рецепт бойынша қажетті дәрі-дәрмектер үлестірілген. Өткен жылдың қорытындысы бойынша дәрілік препараттарды игеру 95,4 пайызды құрап отыр.
Медицина саласындағы өзекті мәселенің бірі – мекемелердің медициналық жабдықпен қамтамасыз етілуі. Өткен жылы облысымызда 78 медициналық техника сатып алынды. Ағымдағы жылы 4,6 миллиард теңгеге 92 медициналық техника сатып алу жоспарланған.
Сонымен қатар, 2023 жылы 11 нысанға күрделі жөндеу жүргізу үшін 1,5 миллиард теңге бөлініп отыр, оның ішінде «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша 390 миллион теңге қарастырылған.
Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.