Мемлекеттік бағдарламалар мен жобалардың жастарға көмегі аз емес

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ақмола облыстық  ішкі саясат басқармасының басшысы Алмас Алин ағымдағы жылдың бірінші жарты жылдығында өңірімізде мемлекеттік бағдарламалар мен Ұлттық жобалардың жүзеге асу барысы туралы баяндап берді.

–Мемлекеттік бағдарламалар «Қазақстан-2050» стратегиясының, Ұлттық басымдықтар мен Ұлттық даму жоспарының негізгі көрсеткіштерін біріктіреді және ел басшылығының басқа да маңызды тапсырмаларын қамтиды. Әрбір мемлекеттік бағдарлама мен ұлттық жоба бұрыннан бар мәселелерді сапалы шешуге, сондай-ақ, жалпыхалықтық көзқарасқа сәйкес негізгі салаларды одан әрі дамытуға бағытталған, – дей келіп, басқарма басшысы алдымен өңірімізде тіл саясаты мен ономастика мәселелеріне тоқталып өтті.

Соңғы жылдары Ақмола облысында ономастика саласына байланысты сұрақтар оңынан шешіліп, өңіріміздегі елді мекендер мен көшелердің атауы қазақшаланып жатыр. Яғни, сең дұрыстап қозғалды деген сөз.

– Өңірімізде тіл саясаты Ақмола облысында Қазақстан Республикасындағы тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарына сәйкес жүргізілуде. Бағдарламаның  мақсаты қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі толыққанды қызметін қамтамасыз ете отырып, латын графикалы әліпби негізінде қазақ тілін жаңғыртуға, тіл мәдениетін одан әрі арттыруға және тілдік капиталды дамытуға бағытталған үйлесімді тіл саясатын жүргізу болып табылады, – деді Алмас Аянұлы брифингте сөйлеген сөзінде.

Ақмола облысы бойынша барлығы 20 орталық бар, оның 1-еуі облыстық,  16-сы аудандық, 3-еуі қалалық.2023 оқу жылында 342 топ ашылып, 3876 тыңдаушы қабылданды. 2022 жылмен салыстырғанда биыл қазақ тілін оқитындар саны 259 тыңдаушыға артты. Яғни, сұраныс өскен. 2023 жылдың бірінші тоқсанында мемлекеттік органдардағы мемлекеттік тілдегі шығыс құжаттарының үлесі 94 пайызды, ал, жеке және заңды тұлғалардың өтініштерінің мемлекеттік тілдегі үлесі 28 пайызды құрады.

Ономастика саласында да оң өзгерістер бар. Басқарма басшысының айтуынша, Ақмола облысындақазіргі уақытта қайта аталған 27 көше Әділет министрлігінде тіркелді, идеологиялық тұрғыдан ескірген 12 елді мекенді қайта атау мәселесі облыстық мәслихат сессиясының күн тәртібіне енгізіледі. Сонымен қатар, 2023 жылы Ақмола облысы бойынша идеологиялық тұрғыдан ескірген атаулары бар 59 елді мекен мен 282 құрамдас бөлікті қайта атау жоспарланған. Қазіргі уақытта осы мәселеге қатысты қажетті жұмыстар атқарылып жатыр. Көшенің көркі көрнекі ақпарат. Бұрнағы жылдары көшедегі сауатсыз жарнамалардан көз сүрінетін.  Қазіргі таңда маңдайшалар мен жарнамалардың сауатты жазылуы  мақсатында ауқымды жұмыстар қолға алынған. Мәселен, қаңтар-наурыз айларында 74 медициналық, 148 қызмет көрсету нысанының 1895 көрнекі ақпараты зерделеніпті. Бұл мәселеге облыс тұрғындары да ат салысуда. Бір ғана мысал,облыс аумағында «Жедел желі» телефондарына жеке кәсіпкерлер тарапынан 291 қоңырау шалынып, көрнекі ақпараттар мен жарнамаларға  қатысты сұрақтар бойынша хабарласып, білікті мамандардың көмегіне жүгінген.

«Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық бірлестігінің филиалдары Ақмола облысының барлық аудандары мен үш қаласында ашылды. Сондай-ақ, Ақмола облысында қазақ тілін еркін форматта үйрететін «TIL-KOKSHE», «Сөйле KZ», «Кел, қазақша сөйлейік!», «Қазақша сөйле!» және тағы басқа  клубтар жұмыс істейді. Аталған клубтарда 200-ден артық адам қазақ тілін үйренуде. Биылғы жылы тұрғындардың тілдік мәдениетін арттыруға, ұлттық рухани жаңғыруды насихаттауға бағытталған көптеген шаралар өткізілді. Бұл жұмыс әлі де жалғасын табады. Жалпы облыс бойынша тіл саясаты аясында 2000-нан астам іс-шара өткізілетін болады.

Қазіргі таңда оқып білім аламын, жұмыс істеймін, кәсіп ашамын дейтін жастарға кең қолдау бар. Бұл мақсатта мемлекеттік бағдарламалардың септігі орасан. Мәселен, Ақмола облысының «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамы арқылы 2023 жылы жастарға арналған 2,5 пайыздық несиені кем дегенде 171 жасқа беру жоспарланып отыр. Жалпы қаржы көлемі 855 миллион теңге.Ағымдағы жылдың 1 наурызынан бастап құны 307 миллион теңгені құрайтын 64 өтінім түсіп, оның 53-і мақұлданды.

Басқарма басшысының айтуынша, «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы шеңберінде 2023 жылы 195 маманға 1 009,1 миллион теңге сомасында бюджеттік несиелер және 580 маманға 200 миллион теңге сомасында көтерме жәрдемақы жоспарланған. Қаржыландыру маусым айынан басталды. Бүгінгі күні көтерме жәрдемақы алуға кезекте 1 114 адам, тұрғын үй сатып алуға бюджеттік кредит алуға 373 адам тұр.

Жастарды жазғы уақытта жұмыспен қамту мәселесі де басты назарда.Жыл сайын облыста «Жасыл ел» жобасы жүзеге асырылып келеді. Облыстабұл бағдарлама бойынша ең төменгі жалақы 70 мың теңге құрап отыр. Қазіргі таңда аудандық және қалалық деңгейде қаражат бөлініп,ұйымдастыру жұмыстары жүргізілуде. Еңбек жасақтары маусымыныңашылуы осы айдың екінші жартысында жоспарланып отыр.

– Сонымен қатар, облыста жастардың шығармашылық идеяларын, стартаптар мен шығармашылық жобаларды іске асыру үшін «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты бойынша өңірлік жоба іске асырылуда. Грант 5 бағыт бойынша беріледі: ғылым, мәдениет, ақпараттық технологиялар, бизнес, медиа. Облыстық бюджеттен осы мақсаттарға 11 миллион  теңге бөлінді. Облыстық деңгейде әр бағытта екі жобадан қарастырылған 10 жоба бойынша жеңімпаздарға 1 миллион теңге көлемінде гранттар көзделген. Жобаның басталуы ағымдағы жылдың екінші жартыжылдығына жоспарлануда.Қазіргі таңда, облысымызда волонтерлік қызметте 3 800-ден астам ерікті жұмыс жасауда. Өңірлік «Еріктілерді қолдау орталығы» фронт-кеңсесінің үйлестіруімен 90-ға жуық волонтерлік ұйым  жұмыс атқаруда, –деді Алмас Алин.

Жиын барысында гендерлік теңдік институтын нығайту, Қазақстан халқы Ассамблеясының 2022-2026 жылдарға арналған даму тұжырымдамасын іске асыру, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайту мақсатында атқарылып жатқан жұмыстар ауқымы туралы да мәселелер ортаға салынды. Брифинг соңында журналистер басқарма басшысына сұрақтар қойып, оларға тұшымды жауаптар алды.

Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар