қазақтың бір асыл қызы Сағадат Тәштитованың да жалындаған жастық шағы «АЛЖИР» лагеріндегі тар қапаста өткен еді
«Туған жерім өзіме түрме болды» деп қатты кейіген бұл кісі Ақмола өңіріне қарасты Ерейментау елінің бір асылы еді.
Сағадат апа жас күнінде Алматыда оқып жүріп теріскейдегі Қызылжардан келген Қайсар есімді жігітке тұрмысқа шыққан.
Иә, ол Қазақстан Комсомолы Орталық комитетінің бірінші хатшысы болған Қайсар Тәштитовтың нақ өзі.
Балаң бозбала кезінде менің әкем Сәлкен әжесімен көңілдері жарасқан жастардың шақыруымен ақбас Алатаудың етегінде жайғасқан әсем қала – Алматыға барады. Бұл шамасы 1935 жылдың тұсы болса керек. Шат-шадыман өмірді, әсіресе, басы қырауланған биік тауларды көрген әкемнің бала көңіліне Қайсар ағамыздың сөзі де ерекше қанат бітіріпті:
– Оқуыңды жақсы оқы. Сені алда осы қала тосып тұр. Соны есіңде ұста!
Қиялы құстай самғаған жас өреннің қуанышы бірақ ұзаққа бармады. Себебі, оның алдынан «Оқу түгіл бас қайғы болған» зар заман шықты. Сағадат Тәштитованың туысы болып келетін біздің әулет те НКВД-ның қара тізіміне ілінді.
Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин ұсталған жылдары, яғни, отыз жетінің қоңыр күзінде Қайсар Тәштитовке де НКВД-ның кеудемсоқтары келіп, үйінің астан-кестеңін шығарады. «Шаш ал десе, бас алатындар» еңіреген жасқа да, кәріге де қарамапты.
Апамыз Сағадат Құдабайқызына оның күйеуі Қайсар Тәштитовтың жақыны әрі жерлесі боп келетін қазақтың заңғар жазушысы Ғабит Мүсірепов әдейі жолығып: «Тез арада еліңе қайт, әйтпесе сені де ұстайды» деп хабар береді.
Тағы бір жақын араласқан кісісі – Күләш Байсейітова болған.
Күләш апамыз Қайсар жездеміздің 1938 жылдың 17 наурызында атылғанын анық біліп, Сағадатқа Алматыдан дереу кетуін ескерткенімен, оның ізін суытпай келгендер бейкүнә жанды Алматының абақтысына апарып қамап үлгереді. Оған дейінгі бір айдың ішінде оны жалаң айыппен комсомол қатарынан, соңын ала «Социалистік Қазақстан» редакциясындағы жұмысынан шығарады. Ол кезде жоғарыдан түскен нұсқауға кімнің шамасы келсін?
Сағадатты Алматыдағы тас қамауда үш ай бойы тарықтырған қанішер жүйе өкілдері оны этаппен әуелі Семей, кейіндері Новосібір, Красноярск қалаларының түрмелерінде біраз жылдар бойы ұстайды.
Жасы 25-тен жаңа асқан, бірақ басына түскен тауқымет ауыртпалығын көп көрсе де ол өзінің сүйіктісі – халқымыздың ардақты азаматы бола білген Қайсар Тәштитовке нақақтан тағылған айыптардың бірде-біреуін мойындамады. Етінен ет кесіп алса қыңқ етпейтін жаны сірі, берік адам сондай болар. Қайсар атына заты сай білімді азамат болғанын біздің үйдің үлкендері де жиі айтып отыратын. Тілге жүйрік, іске мығым азаматты мәскеулік басшылар да үнемі құптап отырған. Тіпті, Ресей аумағында жұмыс істеуге де еміреуін білдірген екен.
Ақмоланың 26-шы нүкте аталған «АЛЖИР» лагерінде Сағадат апамыз Тұрар Рысқұловтың жұбайы Әзизамен, Бейімбет Майлиннің Күнжамалымен, Темірбек Жүргеновтің Дәмешімен, Нұрмақов, Асфандияров, Қожановтың, сондай-ақ, Кеңес Одағының маршалдары Егоров, Гамарник, Тухачевскийдің жұбайларымен, басқа да апа-қарындастарымен бірге 8 жыл бойы ауыр азапты күндерді басынан кешірді. Ресейдің халық әншісі Лидия Русланова да осы лагерьдің «дәмін» татты. Оған: «Жұртқа айтқан әніңді бізге де шырқап бер» дегендер кездескен. Бірақ, сөзге тапқыр өнерпаз: «Торда ән салған бұлбұлды кім көріпті?» деп беттерін қайтарып тастаған. Соғыс кезінде Берия оны босатып, әскердің жігерін көтеруге әнші-бишілер тобымен майдан даласына аттандырады.
Жалпы, Кавказ, Украин, Москва, Прибалтика елдерінен әкелінген 70-ке жуық ұлттардың өкілдері көппен бірге НКВД-ның ерекше кеңесімен кесілген жазаларын толығымен өтеді. Жалаңаш көлінің қоға-қамысын олар қыста отын орнына жұмсады. Себебі, жазық далада одан басқа ештеңе өспейтін.
Бұл қаралы кезеңнің «жазықты» болғандардың туыс-жақындарына аз көлеңке түсірмегені белгілі. Сағадат апамыздың әкесі Құдабай Әділұлының Ақмоладағы жүріс-тұрысы, жалпы тіршілігі, қарым-қатынас жасайтын жақын-жұқындары алдымен қара тізімге енді. Біздің үй де үнемі «сезіктілер» қатарында жүрді.
– Біреумен сыр бөлісу, жақын тартып әңгімелесу деген мүлдем әдеттен шығып қалды, – дейтін еді әжеміз Мәрия өткен шақтарын өкінішпен еске алғанда. – Сылаңдап өскен, табиғатынан сұлу Сағадат абақтыдан 1948 жылдарға таман ғана ақталып шықты. Құр сүлдері қалған бауырымды құшақтап жылағаным, өлгенім тіріліп келгендей күй кешкенім өмірі ұмытылмас, сірә.
«АЛЖИР»-дің тар қапасының тұтқындары бостандыққа шығарылса да толық ақталмады. Заңды тұрағы Алматы қаласы болғанымен, оған жақындауға сол кездері қатаң тыйым салынды. Сол себепті апай көңілі қалса да, Ақмолада біраз жылдар тұрып қалады.
Тек 57-ші жылдары асыл жездеміз Қайсар Тәштитов толық ақталғасын, оған республика Бас прокуратурасынан арнайы қағаз келіп, Алматыға қайра қоныс аударуға мүмкіндік алады.
1991 жылдары еліміз егемендік алған кезде алматылық журналист-жазушы Армиял Тасымбековке берген сұхбатында «АЛЖИР» лагерінде ерте солған қызғалдақтар – жазықсыздан жазаларын өтегендер жайлы сыр ашқанында:
– Балам, шындықты жазыңдар, ұрпақ білетін болсын. Бұл менің өтірігім емес, көзім тірі кезінде айтқым келген шындығым, – деп қайта-қайта айта беріпті.
1932-1937 жылдар – қара әріппен жазылған нәубет шын мәнінде ұмытуға мүлде болмайтын жантүршігерлік оқиғаларға толы болғаны ақиқат.
Бұл аталмыш мақалада «Отанын сатқандар әйелдерінің Ақмола лагерінің» («АЛЖИР») бір кездегі бастығы М.Юзипенко Сағадат апамызды Алматыға іздеп барып: «… Маған абақтыда көп қиянат жасадың деген айып тағып жатыр. Тергеушілердің алдында ақтайтындай қолхат жазып беруіңізді өтінемін» деп жалынғаны да ашық жазылыпты.
8 мыңнан аса жазықсыз жандар қамалған лагерьдің жұмысы оларға оңай соқпады. Жоғарыдан түсетін арнайы тапсырысты асыра орындайтын қатыгез, білімі мен көргені саяз дүмше әскери уәкілдер аз болмаған. Керісінше, теріс саясаттың ықпалында жүргендерге көріпкелдікпен кеңес бергендер де олардың арасында ара-тұра кездесіп тұрды. Түсінігі терең сол кісілер құқығы аяқ асты болғандарға «қасиетті жандар» деп көңілдеріне демеу жасауға тырысқан.
«АЛЖИР» лагерінде әйелдер қара жұмыспен қатар, жаңадан ашылған фабрикада әскери киім тігуді үйренеді. Мысалы, 3,5 мың тігіншісі бар фабрика 1942 жылы 1 миллиард рубль таза пайда түсірген.
Германиямен басталған соғысқа сұранғандардың ішінде біздің нағашы апамыз Сағадат та жүрді. Дегенмен, Сталин «халық жауларының» зайыптарына сенім көрсетпеді. Қазақтың кең жазира даласында ауыр жұмыстар істесе де олар абақтыдан қашуды мүлдем ойламапты. Онысы тірі жүрген жақындарына көлеңке түспесін дегендері екен. Ақыры, бұл дала түрмесі Сталин өлген 1953 жылы біржолата жабылды.
1989 жылы «Ақмола-Феникс» акционерлік қоғамының бас директоры, Социалистік Еңбек Ері И.И. Шарфтың арнайы шақыруымен Сағадат Құдабайқызы Тәштитова Малиновкада көзі тірі «АЛЖИР» тұтқындарының арнайы жиынына қатысады. Жасы 80-ге таяған 20 кісінің жолақысын, тұрағы мен тамағын ірі кәсіпорын басшысы өзі мойнына алды. Бұл олардың соңғы басқосуы болды. Бірақ, сол жолы олар тіршілікте көрген мехнаттарын біржолата кино таспасына түсіріп кетті.
Осы айтулы оқиғаға орай, Иван Иванович жан-жағы түрменің үшкір сымдарымен оралған «Жарылған қызыл жұлдыз» ескерткішін қойып, «Саяси тұтқындар аллеясының» тұсаукесерін жасағаны – Одақ басшылары ортасында аз дүрбелең туғызған жоқ. Әлі әмірі жүріп тұрған Кеңес дәуірінде бұл іс шынайы ерліктің үлгісіндей біздің ойымызға жиі түседі. Шарф сол үшін тиісті органдарға түсініктеме беруге Алматыға бірнеше мәрте барғанын көпшілік ұмытқан жоқ шығар.
Егеменді ел болған алғашқы кезде туған жердің қуанышын бөліскен жанның бірі – Сағадат Құдабайқызы Тәштитова бүгіндері тірілердің санатында жоқ. Оның қайсар мінезі, жар етіп таңдаған азаматына деген адалдығы, заман тезіне салса да, сынбаған өршіл мінезі мен рухы өсіп келе жатқан ұрпақ үшін өшпес мәңгі өнеге деп білемін.
Тоталитаризмді қолдан ұйымдастырып жазықсыз жандарға ауыр қасірет көрсеткендер келместің кемесімен баяғыда киген. Жалпы, «Қиянат қияметке кетпейді» деген ұғымы терең сөздің өтеуінің ауыр болатынын адам баласы үнемі есінде ұстағаны абзал.
Бұл мақала арқылы мен Ереймен елінен шыққан ерлермен қатар, батыр қыздарымыздың да болғанын көпшіліктің есіне салғым келді. Қаһарман қазақ қызының ерлігін үнемі жадымызда сақтау үшін оның есімін бір көшеге берсе – ешқандай артықшылығы болмас еді. Мұны Ерейментау ауданының әкімдігі мен ардагерлер ұйымы ескерер деген ойдамыз.
2007 жылы Целиноград ауданының орталығы Ақмолда «АЛЖИР» мұражайы салынды. Содан бері алыс-жақын шетелдерден қатынайтын кісілер қатары көбейген үстіне көбейіп жатыр. Үлкендері болмаса да кішілері асыл аналар рухына тағзым етуді берік дәстүрге айналдырған.
Қазақстанда 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні боп белгіленді. Бұл келер ұрпақ болашағына бірінші кезекте қажет тарихи маңызды шара. Себебі, адамзат атаулының мұраты қашанда бейбіт өмір болған. Алаңсыз мамыражай тұрмыстың мақсатын жете түсіндіру – бүгінгі біздің міндетіміз. Ұлы халқымыздың тар жол тайғақ кешу жолдары әрбір ұлтжанды азаматтың санасында жарқырап тұрса деймін.
Жанат ТҮГЕЛБАЕВ,
Қазақстанның Құрметті журналисі.
Астана.
Суреттерде: 1937-1938 жылдардағы саяси қуғын-сүргін негізінде жазықсыз жапа шегіп, бірі нақақтан-нақақ атылған, ал, екіншісі көп жылдарын құр қапаста өткізген ерлі-зайыпты Қайсар және Сағадат Тәштитовтар.