Темірден түйін түйген Темір

Жаратқан ие сыйлаған қарым-қабілетті қапысыз жүзеге асыру үшін де еселі еңбек, ерінбейтін ерік-жігер  керек. Көңілі құлай сүйген қарекетті жүзеге асыру таудай төзімді де талап етеді екен-ау.

Қияндағы Державинск қаласында кіндік қаны тамған Темір Манарбекұлы сәби шағынан техника атаулыға үйір. Әуелі кішкентай ойыншықтарды бұзып көретін. Құрылысын байқайды, ерекшелігін аңғарады. Сәби санада әбден орнығып алған осы қызығушылығы күндер өткен сайын дамып, армандай алыс келешектің көкжиегіне қолын бұлғап шақырып тұратын. Уақыт өте келе, он саусағынан өнер таматын, әлдекімдер күресінге енді қажеті жоқ деп лақтырып тастайтын қара темірге жан бітіретін хас шеберге қалай айналғанын өзі де сезбей қалған. Тәжірибесі толыса келе, өткен ғасырдың алпысыншы жылдары шыққан атақты америкалық және ағылшындық ретро көліктерді құрастыра бастады. Қанша қиын болса да алған бетінен таймады. Шалғайда қажетті бөлшектер қасқалдақтың қанындай таптырмайды. Табанынан таусылып іздеп, көз майын сарқып, шұқылап әуреге түссе де, қызығушылықтың тұла бойын өрікпітіп, қоламтаның шоғындай қыздыратын қызулы демі тыныштық бермеген. Кейін үй шаруашылығын ұршықтай үйіруге әбден жарайтын шағын тракторды жасап шықты. Көрші-қолаң таң қалып, жағасын ұстаған. Кішкентай трактор үйдің жанындағы бар шаруаға жарамды әрі ауланың ішінде бұрылып жүріп тұруға икемді болып шықты. Кәдімгідей қолы ұзарып қалған. Мото техниканың моторын салыпты. Кішкентай болса да күшті көрінеді. Өзінің топшылауына қарағанда 9 аттың күші бар. Қар тазалауға, көмір, шөп, отын тасуға әбден жарап тұр. Кішкентай тракторды құрастыруға екі жыл уақытын сарп  еткен. Жоғарыда біз темірдей төзім керек деген уәжді айтуымыз да осыдан. Қажетті бөлшектерді Қытайдан алдырған. Кішкентай тракторға лайықтап шөміш, шөп жинайтын құрылғы жасаған. Бар шығынын қосқанда 500 мың теңге қаражатын жұмсаған.

Енді бір сәт желмен жарысатын ұшқыр спорттық көліктерді жасауға аңсары аумасы бар ма?! Онда да көненің көзіндей ертеректе жасалған дүниелерді. Бір қиыны, оларға келетін бөлшектерді табу оңай емес екен.

Шеберлікке машық серік. Көз қанығып, қол үйренген сайын алға баса бермек. Баяғыда алтыншы сыныпта оқып жүрген кезінде балаларға арналған шағын автокөлігін кәдімгі велосипедтің бөлшектерінен құрастырыпты. Маңайдағы бала біткен өзгеше автокөлікті таңсық көріп, таң атқаннан кешке дейін үстінен түспейді екен. Ал, мұның ойын балалық мақтаныштың лебі сәл ғана шарпып өткен. «Міне, көрдіңдер ме, құрбыларың Темірдің жасаған дүниесін?!»  деп ішкі түйсікте осындай ой байланғанымен, тіс жарып мақтанған емес. Мақтаныш үшін жасап жатқан жоқ қой, өз қолынан тың дүниенің келетіндігін дәлелдеу үшін әрі осындай жаңалыққа тумысынан ынтызар.

Орта мектепті аяқтар кезде ағайы екі «Москвич» көлігін сыйға тартыпты. Екеуі де іске алғысыз көліктер. Әбден тозып, сілікпесі шыққан. Әлдекімдер әр бөлшегін бұрап алып тонаған. Анығын айтқанда, қаңқасы ғана қалған көліктер. Тот басып, шіріп кеткен автокөлік шанағын бөлшектеп, металл қабылдайтын орынға өткізген. Іске жарайтын бірді-екілі саймандарын ғана пайдаланса керек.

–Әйтеуір, қазір ғаламтор қолды ұзартып тұр, – дейді Темір Манарбекұлы, – қажетті бөлшектерге тапсырыс беріп алдырдым да, көлікті құрастыруға кірістім.  Тағы да азаптануға тура келді. Әйтсе де нәтижесі барлық шаршаған, жүйкені жұқартқан азаптың ауыр бұлтын серпіп жібергенінде көңілім шайдай ашылады.

Немістің «Родстер» ретро көлігінен айнымай қалған Мерседесті құрастырып шығыпты. Қала ішінде мініп те жүрген. Одан кейін «Багги Ф» көлігін құрастырған. Бұл көлікті ыстық-суығы басылған соң сатып жіберген. Кейін әлденеше көлік құрастырған. Бірде шебер америкалық қос орынды кабриолет көлігін жасап көрсем деп ниеттенген. Талпынған талап тас жарып, тау қопарады емес пе, аз уақыттың ішінде зауыттан жаңа шыққандай жұтынып тұрған кабриолет көлігі Жарқайыңның жалпақ даласында жер танабын қуырған жүйріктей жүйіткуге дайын  тұр дейді. Бұл жолы да қолына іліккен темір-терсекті қиыннан қиыстырып жасап шығыпты. Ойға алғанның оңынан оралуы оңайға түспесе керек. Әйтсе де, осы тараптағы ынта мен ықылас жеңген.

Темірге қазір темірден түйін түю, көңілі қалап, аңсары ауған көлікті құрастырып шығу қиын емес. Ең қиыны, жасаған көліктерін тіркету. Тауы шағыла берген соң тиісті орындарға өтініш жолдаған. Сөйтсе, мұндай көліктерді тіркеу тәртібі жоқ екен. Ендігі арманы осы.

Темір Манарбекұлы қазір аудандық әкімдіктің шаруашылық бөлімінде істейді. Әрдайым ілкімді ізденіске бейім тұратын ол ел ішінде талантты жастардың аз еместігіне сенімді. Мемлекет тарапынан қаржылай көмек көрсетілсе, талай дүниені жасауға болады дейді ол. Болашақта отандық брендке айналатын автокөліктер жасаса деп армандайды. Несі бар, орда бұзар отызға жаңа іліккен ізденімпаз жастың көкірегіндегі арманы орындалып қалуы әбден ықтимал.

Байқал БАЙӘДІЛОВ.

Жарқайың ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар