Жайлы мектеп – ел ертеңі

Орта білімнің сапасы – табысты ұлт болудың тағы бір маңызды шарты. Әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуға тиіс. Сол үшін 2022 жылы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынды.

2025 жылға дейін 800 мың баланың заманауи мектепте оқуына жағдай жасалады деген үміт бар. Осылайша апатты жағдайдағы және үш ауысыммен оқитын мектеп мәселесі толық шешіледі деп ойлаймын.

Бұл – ауыл және қала мектептерінің айырмашылығын едәуір азайтатындығы анық. Жоба бойынша елімізде 2023-2025 жылға қарай заманауи, жайлы 400-ден аса мектеп салынады. Бұл бұрын-соңды болмаған жоба, себебі, жоба шеңберінде жаңа форматта мектептер өмірге келеді.

Целиноград ауданы, Қоянды ауылында да 2000 оқушыға  арналған «Жайлы мектеп» салынады деп жоспарланып отыр. Бүгінгі таңда, Қоянды ауылының №1 жалпы орта білім беретін мектебінде 1950 оқушы, №2 жалпы білім беретін мектебінде 2300 оқушы білім алуда. Алдағы 2023-2024 оқу жылында осы ауылдағы мектептерге 450 оқушы бірінші сыныпқа қабылданады деп күтілуде.

«Жайлы мектеп» жобасының бүгінгі әдеттегі мектептен қандай айырмашылығы бар? Осыған келсек, жобаның артықшылығы көп. Мәселен, бірнеше спортзалдар, бастауыш пен жоғары сынып оқушыларына арналған бөлек блоктар, балаларға арнайы салынған дәретханалар, эко-жүйе бойынша кабинеттер салынады. Мектептер заманауи интерьер бойынша жобаланып, безендіру талғамға сай жүргізіледі. Сонымен қатар, бастауыш және жоғары сыныптарға арналған бөлек блоктар қарастырылған. Әр блоктың өз асханасы мен спортзалы болады. Мектеп ішінде оқулықтар мен жеке заттарды сақтауға арналған жеке шкафтар орнатылады. Осылайша оқушылардың ауыр сөмкелерін біршама жеңілдетуге мүмкіндік туады.

Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың айтуынша, оқушыларға ыңғайлы болу үшін трансформер-парталар мен «ауыз су фонтандары» қойылады. Бұдан бөлек, әр қабатта оқушыларға арналған тынығу алаңдары болады. Мектептер физика, химия, биология және робототехника пәндері бойынша заманауи кабинеттермен жабдықталады. Кабинеттерге touch-экрандар орнатылып, мектептің кез келген жерінен жылдамдығы жоғары интернетке қосылу мүмкіндігі беріледі. Ерекше білім алуды қажет ететін балаларға тиіс жағдайлар жасалады.

Қоянды ауылының тұрғындары да балаларының болашағы үшін «Жайлы мектеп» жобасының тез іске қосылып, жас ұрпақтың алаңсыз білім мен тәрбие алуының барлық алғы шарттары жасалуын асыға тосары анық.

Меруерт САВИЛХАНҚЫЗЫ,
Қоянды ауылы №1 жалпы орта білім
беретін мектебінің директоры.

Целиноград ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар