Жедел әрі сапалы қызмет көрсету – басты мақсатымыз

Қазіргі уақытта Ақмола облысының көпсалалы ауруханасы өңіріміздегі жоғары технологиялық медициналық қызметтерді ойдағыдай атқарып келе жатқан, мамандандырылған ең ірі ем жүргізу мекемесі болып табылады. Көрсетілетін медициналық қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын жақсартубізге жүктеліп отырған негізгі міндет болса, ұжымдағы майталман дәрігерлер мен орта және кіші медициналық персонал бұл ретте қалтқысыз еңбек етіп келеді.

Біздің аурухана ұжымында 1477 медицина қызметкері бар, оның 240-ы дәрігер, 687-сі орта медицина қызметкері және 550-і кіші персонал. Биыл 11 жас дәрігер келіп, ақ халаттылар қатарын толықтырды. Дәрігерлердің ішінде үшеуі медицина ғылымдарының кандидаты, 80-інде жоғары санаты бар, 40-тан астам ақ халаттының кеудесінде «Денсаулық сақтау үздігі» төсбелгісі жарқыраса, екеуі «Құрмет» орденімен марапатталған, медбикелердің 50 пайызынан астамы жоғары біліктілік санатына ие, 7 медбикеге «Мейірімділік пен қайсарлық»  сыйлығы берілгенін мақтанышпен айта аламыз, сондай-ақ,  4-еуі денсаулық сақтау үздіктері болса, 99 медбикенің кеңейтілген тәжірибесі бар.

Аурухана республикалық және жергілікті бюджет есебінен жыл сайын  жоғары технологиялық жабдықтармен қамтамасыз етіліп, материалдық-техникалық базамыз үнемі жаңартылып келеді. Былтыр мобильді цифрлық рентген жүйесін, үш жұмыс орнына арналған рентгендік диагностикалық аппарат, УДЗ, 3D оптикалық когерентті томографын, видеодуоденоскоп, 6 анестезиологиялық жұмыс станциясын сатып алдық. Жалпы, материалдық-техникалық қамтамасыз ету мен жабдықтауға 600 миллион теңгеден астам қаражат бөлінді. Биыл жергілікті бюджеттен осы мақсатта 300 миллион теңге қарастырылып отыр. Оған урологияға арналған бейнеэндоскопиялық кешен, коагуляцияға арналған жоғары жиілікті электрокоагулятор, электрохирургиялық аппарат, ультрадыбыстық диагностикалық медициналық портативті жүйе, дефибриллятор-монитор, есту жүйесін тексеруге арналғанобъективті аудиологиялық модульдік құрылғы тәрізді бірқатар құрал-жабдықтарды алуды жоспарлап отырмыз.

Көпсалалы облыстық аурухана солтүстік өңірдегі практикасы мен ғылымы және білімі сапалы интеграцияланған жетекші медициналық ұйым екенін жоғарыда атап өттім. Біздің басты міндетіміз–облыс халқына заманауи жабдықтар мен инновациялық технологияларға негізделген қолжетімді медициналық көмек көрсетуді сапалы ұйымдастыру. Ауруханада жоғары технологиялық медициналық қызметтер кардиохирургия, нейрохирургия, рентген-эндоваскулярлық хирургия, ангиохирургия, онкологиялық бейін, ортопедия бағыттарында жүзеге асырылады. Былтыр 12 айда ауруханада 28 мыңнан астам науқас стационарлық ем қабылдаса, 95 мыңға жуық адамға амбулаториялық қызмет көрсетілді, 12 мыңнан аса адамға ота жасалды.

Жыл озған сайын медицина саласына жаңа технологиялар енгізіліп, дамуда. Осы ретте, шеберлік сыныптары, оқыту және түрлі семинарлар жиі өткізіліп тұрады. Былтыр ауруханада еліміздің және таяу шет елдердің жетекші мамандарының қатысуымен 5 шеберлік сыныбы ұйымдастырылды. Атап айтқанда, қуық асты безінің қатерлі ісігі кезіндегі радикалды простатэктомиясына, өкпе артериясы тармақтарының өнуімен өкпенің орталық қатерлі ісігі кезіндегі бронхоангиопластикалық лобэктомиясына,  варикозды емдеу кезінде Эндовазальды лазерлік коагуляциясына, семіздік және метаболикалық синдромынабариатриялық операциялар, жүректің қолқа бөліміне Кардиовертер-дефибриллятор, стент-графторнатуға қатысты оталар жасалды. 2022 жылы ауруларды диагностикалау мен емдеудің 30 жаңа әдісі енгізілді.

Көпсалалы аурухананың құрамына перинаталдық орталық та кіреді, ол облыста 3 деңгейлі мамандандырылған акушерлік, гинекологиялық, неонатологиялық көмек көрсететін,әйелдерді босандыратын жалғыз емдеу-профилактикалық мекемесі. Жыл сайын орталықта 4 жарым мыңға жуық әйел дүниеге сәби әкеледі. Сондай-ақ, онда өңірдің медициналық ұйымдарынан жолдамамен жіберілген жүктіәйелдер ем алады, жаңа туған сәбилерге, оның ішінде дене салмағы төмен немесе өте төмен шараналарға күтім көрсетіледі. Орталықта заманауи жабдықтарды пайдалана отырып, лапароскопиялық, гистероскопиялық, сондай-ақ, органдарды сақтап қалатын оталар жүзеге асырылады. Оның консультациялық-емханалық блогында дәрігерлерУДЗ жүргізіп, акушер-гинекологтар, генетиктер консультациялар өткізеді, сондай-ақ, гематологиялық, цитогенетикалық, иммунологиялық зертханалық тексерулер және медициналық-генетикалық скринингтер жүргізіледі.

Аурухананың құрылымдық бөлімшесі болып табылатын онкологиялық орталыққатерлі ауруларды ерте анықтауға скринингтік зерттеулер жүргізу, алдын алу, облыстағы медициналық ұйымдарға онкологиялық көмек мәселелері бойынша ұйымдастыру-әдістемелік жұмыстарды жүзеге асыру, облыс тұрғындарына консультациялық-диагностикалық көмек көрсетіп, онкологиялық науқастарды емдеу бағытында қызмет етеді. Жыл сайын 100 мыңнан астам адам сүт безі, жатыр мойны, тік ішек және тоқ ішек қатерлі ісіктерін ерте анықтауға бағытталған скринингтік зерттеулерден өтеді. Одан бөлек, 25 мыңнан астам науқас қабылданып, оларға консультация беріледі. Осы ретте, айта кетсек, 2021 жылдан бері салыстырмалы тұрғыдан қарасақ, қатерлі ісікке шалдығушылар саны 2,3 мыңға дейін көбейген. Тері-венерологиялық көмек көрсету қызметі өзстационары бар 150 келушіге арналған емханамен ұсынылады. Былтыр 12 айда онда 20 мыңнан астам келушіге қызмет көрсетілді, оның 10 мыңнан астамы жастар мен оқушылар.

Бір атап өтерлігі, аурухана бөлімшелерінің меңгерушілері, онкологиялық, дерма-венерологиялық және перинаталдық орталықтың мамандары Ақмола облысының штаттан тыс бас мамандары болып саналады. Олар облыс аудандарына ұйымдастырушылық-әдістемелік көмек көрсетеді. Санитариялық авиация желісі бойынша аудандарға жоспарлы шығулар жүзеге асырылады. Мәселен, былтыр анестезиолог, хирург нейрохирург, неонатолог,  кардиохирург, невропатолог, акушер-гинекологсекілді дәрігерлер бас аяғы 260 рет облыс аудандарына шығып, көмек қолын созған. Дәрігерлер былтыр телемедицина бойынша 1624онлайн консультациялар өткізген, оның 126-сы бейне консультациялар.

Өткен жылы ауруханаҰлттық аккредиттеу стандарттарына сәйкестікті сыртқы кешенді бағалауға дайындық бойынша үлкен жұмыс жүргізіп, тексеріс қорытындысы және аккредиттеу комиссиясының шешімі бойынша көпсалалы облыстық ауруханаға 1-санат беріліп, 3 жыл мерзімге аккредиттелді.

Көпсалалы облыстық аурухана Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті жанындағы жоғары медицина мектебінің және Көкшетау жоғары медициналық колледжінің клиникалық базасы болып табылады. Жыл сайын мыңнан астам студенттер, интерндер мен резиденттер аурухана қабырғасында тәжірибе мен оқытудан өтеді.

Әрине, бізде шешімін күткен көптеген өзекті мәселелер де жоқ емес. Ол – аурухананың материалдық-техникалық базасын одан әрі жақсарту, жаңа озық технологияларды енгізу және ең өзекті саналатын кадр мәселесін шешу. Мәселен, ауруханаға акушер-гинеколог, анестезиолог-реаниматолог, терапевт, аллерголог, химиотерапевт, хирург тәрізді 11 дәрігер жетіспейді. Сондай-ақ, алдымызғааурухананың одан әрі дамуы үшін 2021-2025 жылдарға арналған «Дені сау ұлт»  әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау» ұлттық жобасын іске асыру міндеті, денсаулық сақтау басқармасымен келісілген Меморандум индикаторларын орындау міндеттері тұр.

Көкшетау қаласы бүгінде қарқынды өсіп келе жатқаны көз қуантады. Соның ішінде «Сарыарқа» шағын ауданында биыл 630 төсек-орынға арналған «Көпсалалы аурухананың»  құрылысы жоспарға енгізілді. Бұл аурухана облысымыздың және көрші өңірдің жақын маңдағы аудандарының барлық тұрғындары үшін жоғары технологиялық, мамандандырылған қолжетімді медициналық көмекті қамтамасыз ететін болады. Аумағында аурухананыңтиімді жұмыс істеуі үшін негізгі кешенді ғимаратынан басқа, барлық нысандар жобаланған, атап айтқанда, 208 орындық жабық автотұрақ, тікұшақ алаңы, қазандық, гараж, патологиялық-анатомиялық бөлімше (мәйітхана), қойма, жедел жәрдем вагондарын дезинфекциялау пункті болады.

Нысанды салудағыбасты мақсателдің солтүстік өңіріндеғылым мен білім беру тәжірибесін сапалы интеграциялай отырып, озық технологияларды пайдалану арқылы зертханалық-диагностикалық зерттеулерден бастап, стационарлық емдеуге дейін ұсынылатын қызметтердің кең спектрі бар, халықаралық деңгейдегі аурухана құру болып табылады. Әрине, жаңа аурухана болғандықтан, заманауи құрал-жабдықтар арқылы материалдық база толықтырылады, соған сәйкес кадрлық әлеуетіміз де нығаяды деп жоспарлап отырмыз.

Медицина қызметкерлері күні қарсаңында әріптестерімді осынау төл мерекелерімен шын жүректен құттықтаймын! Отбастарыңызға амандық-саулық, береке-бірлік тілеймін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!

Нұрлан ЖАРОВ,
Ақмола облыстық көпсалалы ауруханасының бас дәрігері,
облыстық мәслихаттың депутаты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар