Өңірлік коммуникациялар қызметінде облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Сергей Гамазов, Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Әсем Асаинова, «Жастар рухы» қоғамдық бірлестіктің төрағасы және облыстық мәслихаттың депутаты Сұлтанбек Бекешев пен Кәсіпкерлер палатасы іскер әйелдердің өңірлік кеңесінің төрағасы Гүлмира Құсайын Халықаралық балаларды қорғау күніне арналған айлық аясында «Баланың игілігі үшін» республикалық акциясының қорытындылары жөнінде брифинг өткізді.
Балалардың құқықтарын қорғау барлық мемлекеттік органдар, сондай-ақ азаматтық секторлар мен үкіметтік емес ұйымдар жұмысының маңызды бағыты болып табылады.Тәуелсіздік жылдары бұл салада Қазақстанда 15 халықаралық құжат ратификацияланды. Сондай-ақ,бала құқықтары туралы Конвенцияның негізгі ережелері ұлттық заңнамаға енгізілген. Тек өткен екі жыл ішінде Қазақстан Республикасының Білім министрлігі балалардың құқықтарын қорғауды күшейтетін 44-тен астам нормативтік құқықтық актілерді әзірлеп, қабылдады. Брифинг барысында спикерлер журналистерге балаларды қорғау күнін мерекелеу аясында облыста атқарылған жұмыстар туралы айтып берді.
−Бүгінде балалардың құқықтарын қамтамасыз ету мәселелерімен жергілікті деңгейде білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, полиция органдары, сондай-ақ үкіметтік емес ұйымдар айналысады. Облыстың аудандары мен қалаларында әкімдіктер жанынан кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссиялар жұмыс істейді. Үйлестіруші орган ретінде Ақмола облысы әкімінің орынбасарының төрағалығымен жұмыс істейтін кәмелетке толмағандар істері жөніндегі облыстық комиссия бала құқықтарын қорғау жөнінде кешенді шаралар қабылдайды. Өткен жылдан бастап облыста бала құқықтары жөніндегі Уәкіл институты жұмыс істеуде. Ағымдағы жылы Мемлекет басшысының «әділ Қазақстан барлығына арналған» сайлауалды бағдарламасында айтылған бірқатар бастамалары іске асырылуда. Бұл біздің балаларымыздың жағдайын тікелей жақсартады деп ойлаймын. Балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен оқытумен қамтуды ұлғайту жөніндегі жұмыс жалғасады,−деді спикер.
Бүгінгі таңда облыста жыл басынан бері Аршалы, Шортанды және Целиноград аудандарында 400 орынды қамтитын 3 мектепке дейінгі ұйым ашылды. Сонымен қатар, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында ағымдағы жылы 2024-2025 жылдары пайдалануға берілетін заманауи мектептердің құрылысы басталады. Олардың құрылысы Астана қаласының қала маңындағы аймағында, Аршалы, Целиноград, Шортанды аудандары мен Қосшы қалаларында, сондай-ақ, Көкшетау және Щучинск қалаларында қарастырылды. Жаңа оқу жылында Ақмола облысының мектептерінде бастауыш сынып балалары тегін тамақтанады.
−Бұдан басқа, ағымдағы жылдың 1 шілдесінен бастап облыстың мектепке дейінгі ұйымдарындағы әлеуметтік осал отбасылардан шыққан балалар тегін тамақпен қамтылатын болады. Қазір балалардың қауіпсіздігі мен қорғалуына зор мән берілуде, бұл туралы Үкіметтің кеңейтілген отырысында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтқан еді. Балаларға қатысты зорлық-зомбылық фактілерін жою мақсатында жергілікті атқарушы органдардың, білім беру ұйымдарының, ата-аналар қоғамының, құқық қорғау органдарының, үкіметтік емес ұйымдардың, бұқаралық ақпарат құралдарының, жергілікті қоғамдастықтардың үлкен бірлескен жұмысы жүргізілуде,−деп түйіндеді өз сөзін Сергей Гамазов. «Жастар рухы» қоғамдық бірлестіктің төрағасы Сұлтанбек Бекешев брифинг барысында өз ұйымының қызметі жөнінде айтып өтті.
−Мен «Жастар рухы» жастар қанатымен «Думан» педагогикалық тобы ұйымдарының атынан келіп отырмын. Жалпы, балалардың бос уақытын ұйымдастыру саласында ең нәтижелі көрсеткішті ұйым «Думан» педагогикалық тобы болып табылады. 2015 жылдан бастап біздің мекеме балалар сауықтыру лагерьлерінде жұмыс істеу үшін тәлімгерлерді бейінді даярлайды. Егер сол жылдың кезеңін алсақ, біз Қарағанды, Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарының аумағындағы 20 лагерь базасында жұмыс істедік. Бүгінгі таңда бізде екі бастамашыл жоба бар. Бірінші жоба «Аула алаңдары», ал екінші жоба «Зияткер»деп аталады. Аталмыш екі жоба шеңберінде аула алаңдары демалыс кезеңінде, атап айтқанда, Көкшетау қаласының аула алаңдарында балалардың бос уақытын көңілді әрі қызықты ұйымдастыру жұмыстарын жүргізеді. Бізде балаларға қалай қарау керектігін және балалардың психологиясын білетін көптеген мамандандырылған кеңесшілер бар. Бұған арналған бағдарламаны үнемі жаңартамыз. Бағдарлама викториналарды, челлендждерді, спорттық жарыстарды қамтиды. Біз бұл іс-шараларды аулаларда өткізуге тырысамыз. «Думан» қызметкерлері көптеген балалар орналасқан үлкен шағын аудандарда және жақын маңдағы аулаларда әлеуметтік желілердің көмегімен қызықы ойындар ұйымдастырылатыны туралы хабарландырулар жариялайды. Жалпы, биыл жаз айында шамамен 1,5 мың баланы қамтуды жоспарлап отырмыз, − деді ол.
Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Әсем Асаинова жыл сайын кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыс пен зорлық-зомбылықтың алдын алу бойынша бірлескен іс-шаралар жоспары әзірленіп, іске асырылатынын жеткізді.
− Бала құқықтары жөніндегі уәкіл ретінде өзімнің үлкен жауапкершілігім бар екенін түсінемін. Өкінішке орай, қазіргі уақытта отбасында жиі орын алатын зорлық-зомбылық оқиғалары өте көп. Менің құзыретіме балалардың құқықтарын, бостандықтары мен мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету кіреді. Біздің психологтар баланың ата-анасымен әңгімелесіп, оның отбасына психологиялық зерттеулер жүргізеді. Жалпы, отбасылық жанжалды тұрмыстық зорлық-зомбылықтан ажырату керек деп санаймын. Егер, кез-келген отбасыда әйелге зиян келтірілсе, осының барлығы балаларға зиянын тигізеді. Осыған байланысты жұмысты күшейтіп, отбасындағы зорлық-зомбылыққа назар аударған жөн. Кез-келген жанжал біздің балаларымыздың құқықтарының бұзылуына әкеледі, − деді ол.
Бүгінгі таңда балалардың құқықтарын бұзу, кәмелетке толмағандарға қатысты зорлық-зомбылық немесе қатыгездік жағдайларын жедел анықтау мақсатында «Бала қорғау» чат-арнасы жеделхат мессенжерінде, сондай-ақ әрбір білім беру бөлімінде сенім телефондары жұмыс істейді. Спикерлердің айтуынша бүгінгі жұмыстың маңызды бағыттарының біріжетім балалардың мәселесін шешу болып табылады. Қазіргі уақытта Ақмола облысы−балалар үйі жоқ аумақ. Әр баланың өз отбасында тәрбиеленуге құқығы бар. Осыған орай, «Кәсіби асырап алушы отбасы» атты пилоттық жобаны іске асыру жоспарлануда.
Ілияс ӘУБӘКІРОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.